Қазір ауылдағылардың өзі соғымның орнына дүкеннің тауығын жеп отыр

25 қараша 2020, 19:01

Қазір ауылдағылардың өзі соғымның орнына дүкеннің тауығын жеп отыр. Себеп, соятын мал жоқ. Бұрынғыдай сиыр сауып, жылқы баптап, бордақымен отырған отбасылар өте аз. Бұрын біздің үйдегі алты баланы екі сауын сиыр асырады. Қазір алты бала жүріп екі бас сиырды әзер асыраймыз. Неге? Себеп, жем-шөп өте қымбат. Биыл жазда құс асыраймыз деп 150 қаз, 50 үйрек алдық. Сенесіз бе, күніне 6000-7 000 теңгеге жем жейді. Айына 180 000 теңгенің жемін жоқ қылады. Көк шығын. Пайдадан гөрі шығыны көп болды. Басқа таяқ болып тиді. Енді құс шаруашылығынан алыс жүреміз.
Ал, әкем малын жаятын жайылым таппай жылайды. Мынадай қазақтың дархан даласынан жайылым таппай, қорада ұстауға мәжбүр. Далада әркімнің жайылымында жүрген малды ұрылар да қоймайды. Жалпы ауыл шаруашылығында проблема шаш етектен. Оны ауылшаруашылық министрлігі білмейді емес, біледі. Бұл мәселеде "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаев мырзадан үміт күтеміз. Қазақ тамырынан еңбекқор халық, ертеден мал баққан елміз. Тек оған жайлы жағдай жасап, жем-шөптің бағасын тұрақтандырып, алыпсатарлардың арандай ауыздарын тыйса екен. Ауыл шаруашылығы экономиканың күре тамыры болуы тиіс. Билік барынша субсидия, шағын несие беріп, елге жағдай жасап жатыр. Бірақ мәселе - бағада болып отыр. Несиеге алған малыңа бағасы удай жемді алып, бағу да пайда әкелмейді.