Қазіргі тойлардағы дарақылықтың авторы қазақ әйелдері деп білемін...

26 қараша 2019, 12:59

ҚАЗАҚЫ ӨҢІРЛЕРДЕГІ ДАРАҚЫЛЫҚ

Қазақстанда таза қазақы өңір аздау. Мен тұратын Атырау өңірінің де қазақшылығы ала-құла, дегенмен көп жері қазақы деп айтуға болады. Әйтеуір бір нәрсе болса "біз таза қазақы өңірденбіз" деп мақтанамыз. Қайтыс болған адамды мұсылманшылықпен жаназасын шығарамыз, тойды қазақы қылып өткіземіз, тағы не бар, барлығын ата-баба дәстүріне сай етіп өткізуге тырысамыз. Бөтен біреу "Әне бір жерлерің орысшалау екен" десе, соны сөз жүзінде болса да қазақиландыруға жанымызды салып бағамыз. Рас қой. Бірақ бұл - медальдың бір ғана жағы, оның екінші жағы да бар. Екінші жағы - қазақи өңірлердің дарақылығы. Және бұл дарақылықты күннен-күнге, жылдан-жылға күшейтіп отырған,өкінішке орай, әйелдер қауымы. Неге дейсіздер ғой? Мысалы үйіңізден қызыңызды ұзатқалы жатырсыз. Соның жөн-жоралғысын реттейтін кімдер? Әйелдер. Әйел болғанда тек өз әйелің емес, қыздарың, әйеліңнің апа-сіңлілері, сенің өз апа-қарындастарың, құдағай, құдашалар, шешеңнің сіңлілері, жиен қарындастар, қала берді көрші әйелдер. Айта берсе көп қой. Ал ер адамдар ше? Олар шамасы жеткенше ақша тауып беруші, содан соң оларды "қолына нан-секерін ұстап, далада ойнап жүрген баламен" салыстыра беруге болады. Өйткені тойға дайындықтың уақ-түйегі көп,ал біз ондай уақ-түйекке араласа бермейтініміз шындық. Шама келгенше өзімізді сырт ұстауға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда той жасағалы жатқан үйде бар шаруаны бітіретін - әйел адамдар. Ал енді осыдан кейін тойға дайындықтың, оны өткізудің билігі кімде деп ойлайсыздар? Әрине әйелдерде. Осындай қортындыдан кейін мен қазіргі тойлардағы дарақылықтың авторы қазақ әйелдері деп білемін. Қысқартып айтқанда қазақ даласын дарақылық деген дерт жәйлап барады. Осыған келісесіздер ме?

RS. Әйелдермен сөзге келіп көрмеп едім, қатты айтсам кешіре көріңіздер.

Беркин Садыков
Фейсбуктегі парақшасынан