Сен тұр - мен айтайын!

КЕНЕСАРЫ және ТЕХНОКРАТ ҚОҒАМ

  • КЕНЕСАРЫ және ТЕХНОКРАТ ҚОҒАМ

    КЕНЕСАРЫ және ТЕХНОКРАТ ҚОҒАМ

Хан Кененің бас сүйегі қайтарылуы мүмкін деген ақпарат шығып, желі шулап жатыр. Түрлі пікір, түрлі ой айтылуда. Плюралистік қоғамда сан алуандылықтың болуы заңды. "Кенесарының басы қайтса да, ештеңе өзгермейді", "Кенесарының басын емес, сыртқа кетіп жатқан басы бар жандарды ойлайық", "Кенесарының басы қайтса, халықтың рухы оянады деген өтірік", "Технократтық қоғам құруға тиіспіз", "Ел Марсқа ұшып жатыр, біз бас іздеп жүрміз", "Гуманитарлы қоғамнан технократтық қоғамға өтейік", "Илон Маск болашаққа қадам жасауда, біз өткен шақты іздеп жүрміз" және басқа пікірлер айтылып жатыр. Келісуге де, келіспеуге де болады әрине.

Менің ойымша расымен Хан Кененің бас сүйегі табылса, онда бұл тарихшылардың жеңісі, жемісі. Шаң басқан архивтерді ақтарып, Қазақ-қырғыз-орыс арасында экспедиция жасап, құжаттарды көз майын тауысып оқып, осыдан 174 жыл бұрын болған қайғылы оқиғаның хронологиясын қалыптастыруға тырысу үлкен еңбекті қажет етеді. Құжаттарды оқу үшін де көпшілік айтқандай "қу сөз" емес, білім керек. Тарихи білім.
Кенесарының бас сүйегін талқылау қазақты технократтық қоғам болуға кедергі жасайды деген күлкілі пайым. Өте күлкілі. Технократтық қоғам құрмауға тарих, әдебиет, гуманитарлар емес, жемқорлық, парақорлық, бюрократия, Бәке-Сәке, тамыр-таныс кінәлі. Технократтық қоғам құрайық деген сөзді қарапайым халыққа емес, Үкіметке айту керек. Министр, депутат, департаменттерге. Гуманитария емес, технократтық қоғамның құрылмауына 30 жыл бойы шикізат өндіруші экономикадан шыға алмаған мемлекеттік саясат кінәлі. Гуманитария емес, экономиканы әртараптандыра алмаған қате шешімдер кінәлі. Гуманитария емес, өндіруші емес, тұтынушы қоғамның орнауына ықпал еткен қате бағдарламалар кінәлі. Бір ғана мысал. Технократтық қоғам құруға ұмтылыс ретінде жасалған планшет шығаратын зауыт қайда қазір? Аққу планшетін айтамын. "Аққу" ұшып кетті, "көлі" қалды. Сондықтан технократтық қоғамға тарихи ашулар, әдеби шығармалар, жазылған пьесалар, қайтқан ханымыздың басы кінәлі емес, оған тек ЖЕМҚОРЛЫҚ кінәлі. Дәлел көп: LRT, Gate City, "Аққу"...
Гуманитарлық ғылымдар технократтық қоғамға кері ықпал ететіні жайлы ойды қате деп санаймын. Гуманитар барып технократтың офисін тартып алса, гуманитар барып обсерваториясына кіріп алса әңгіме бөлек. Онда айт. Бірақ олай емес қой. Мен, сіз, олар технократтық қоғам деп ойлайтын АҚШ, Қытай, Жапонияға қараңыз. Тарих, әдебиетке бізден көп қаржы бөледі. Жүздеген есе, тіпті мыңдаған есе. Күні кеше ғана Жапония Құбылай ханның жорығынан қалған кемелерді, дулыға, қылыштарды тауып, мұражайға қойды. Ал біз Ханның басы табылса, "ойбай технократ болайық, болашаққа қарайық" деп баж ете қалдық. Болашаққа қарайық, кім кедергі. Артта қалған ел екеніміз ханның басы табылғанда еске түскені қызық болды.
Мемлекетте барлық ғылым дамуы тиіс. Физика, химия, биология, медицина, тарих, әдебиет, сурет және басқа. Біреуі біреуіне кедергі емес. Бірі руханият, бірі технократ. Екеуі қайықтың қос ескегіндей қатар есілгенде ғана, қоғам алға жылжиды. Робот жасайтын Жапония, ұшақ құрайтын АҚШ, телефон шығаратын Корея тарихты, әдебиетті ысырып тастаған жоқ қой. Қатар алып келеді. Бізде сөйтелік. Ешкім де біреуді қолынан ұстап, "біз бас сүйек әкелгелі жатырмыз, сен зерттеуіңді қоя тұр" деп зертханасынан, шеберханасынан, зауытынан (егер ол бар болса әрине), қуып жатқан жоқ. Жұмысыңды жасай бер. Алаңдама)
Біз ұзақ жылдар бойы руханияты бодандықтың қамытын киіп, ұлттық болмысы мен өткені жұлым-жұлым болған елміз. Ұлтпыз. Біз әлі күнге аштықтан қанша қазақ қырылғанын нақты білмейтін мемлекетпіз. Нақтылық жоқ, тек болжам. Тек шамалау. Ал нақтылық болу үшін зерттеу керек, зерделеу керек. Мынау соның бірі. Өткенімізді ұмыттырмақ болды. Жартылай ұмыттырды, жартылай жоғалтты, қасақана өртеді, әдейі тарихымыхздың парақтарын жыртып тастады. Енді соны іздеп жатырмыз, жоғалған жартыны тапқымыз келеді. Есі дұрыс ұлттың әрекеті ғой. Тіпті осы жолда технократ пен гуманитар қол ұстасып жүрсе, онда жоғалған жәдігер, ұмытылған тарих тез табылады, тез еске түседі. Соны ұғайықшы. Келіспеуге құқылысыз.
ПыСы: Арнайы сіздер үшін "Аманат" фильмінен Кенесары Ханға қатысты бөлімін алып, осында салдым. Ұлты үшін қан төгіп, жан беріп, ұрпағы үшін басы домалаған бабамыздың бас сүйегі Отанына қайтып, жаны жай тапсын деген тілегім бар.


Асхат Қасенғали

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1151    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 12.04.2021, 08:43

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    27 Наурыз, 10:41
    29 жыл ғана қалды
    26 Наурыз, 10:31
    Не дейін, не дейін...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31