Автоцонда ақша бермесең, емтиханнан өте алмайсың деген стереотип бұзылды. Көк тиын шығындамай жүргізуші куәлігімді алдым. Рас, жеті рет кірдім. Қайыры болды. Тесті түгел зерттедім. Мемлекеттік тілге мемлекеттік мекеменің көзқарасы осы болса, онда бәрін қоя салу керек шығар… Ұят! Грамматика нөл. Мән жоқ. Шарт беймәлім. Стилистика нашардан төмен.
Тест деген не?
Тест-дамыған елдерден енген тәсіл. Қазақша іріктеу десек болады. “Бұрынғыдай дұрыс еді, тестің түкке керегі жоқ” деген көзқарасқа қарсымын. Тест - ыңғайлы, қамтитын ауқымы кең және сала-сала бойынша талабы әртүрлі.
Тест- кім көрінгеннің жасай салатын жай нәрсесі емес. Жол-көлік ережесіне байланысты тесті жеке компаниядағы адам жасаған көрінеді. Оны ҚР ІІМ-і бекіткен. Жеке адам баспайданы, қарабасты ойлаған. Құлқынның қамын күйттеген. Мәселе соған жол беріп, мемлекеттік деңгейде талап қоймаған немесе қоя алмаған министрлікте болып тұр.
Жол-көлік саласындағы тест тапсырушыға тиімді болуға тиіс. Бұл-сынақ. Сыналған жүргізуші рульдің жауапкершілігін сезініп шығуы қажет. Жол апаты, адам өлімі болуы мүмкін, болып жатыр. Мұндай үлкен жауапкершілігі бар тесті, алаяқтық пиғылмен, шатастыруға құру қылмыс.
Жаңа Қазақстан құру-қанды қаңтардағы қазақша сөйлейтін халықтың талабы. Қаңтарда қазақша білмейтіндер ешкім болмай қалғанын білесіздер. Ресми тіліңізді ешкім қажетсінбеді. Көзбен көрдік. Бұл жайт қазақ тіліне мүмкіндік беріп тұрғанын білдей министрлік білмесе, немесе ерен санамаса, сонда не болдық?! “Бізде ұлттық идеология жоқ! Алдымен соны жасауымыз керек!”-деп ұрандаймыз. Бұл ұран сәбет өкіметінен санаға жұққан жаңғырық қана. Оны айтатындар бұлыңғыр бірдеңені ұстап алып, соға береді деп ойлаймын. Адам жаратылысы мен оның дамуы өзі жасап алатын шеңберге сыймайды. Дүниені түгел біліп, күллі құпия мен хикметті шешіп тастасаң бірсәрі… Ақылман, дана, данышпандардар шеше алмай кеткен жұмбақ қаншама?!
“Ұлтық идеология жоқ!”- деп жүргендердікі - сенің олай ойлағаның дұрыс емес, мен қалай ойлаймын, солай ойла!-дегенге келеді. Біздің іздегеніміз сәбет кезіне ұқсайтын идеология емес.
Иә, идеология керек. Ол-ұлттық идеология. Болды. Ұлттық идеологияны шеңберге сыйғызып сызып, жоспарлап қамауға болмайды. Ол былай болуы керек дегенге келмейді. Ұлттық идеологияға керегі мүдделілік. Ел. Жер. Тіл. Діл. Мәдениет. Әдебиет. Өнер. Осының бәрі әлеммен үйлесімді ұлттық тұрғыда табуға тиіс. Әркім ұлттық мүдені өзінің перзенттік парызы ретінде тың да соны, заманауи сан түрлі жолмен жүзеге асыруға тиіс.
Жол-көлік тестіндегі мемлекеттік тілдің деңгейінен ұлттық мүдденің мұрынға иісі келмеді. Иіс жоқ!
Идеологтар иіс алдыруды осындай мүмкіндіктен бастауы керек. Шапан жауып, ат мінгізіп ұлттық идеологияны қалыптастырам деу қате. Ондай әрекет ескі. Тозығы жеткен. Сәбет өкіметінің жүргізген идеологиясына ұқсатып, бұлыңғыр бірдеме жасағысы келетіннің нақты айтары жоқ. Ол әшейін ұлттың қамын ойлағансыған кейіп таныту ғана. Ол - хайптың ең арзан, бейшара түрі. Сосын келсін-келмесін сынап, мінегенді әспеттеумен ұлттық идеология қалыптаспайды. Жасанды, жалған ұлтшылдыққа алдануға болмайды. Тарихымыз терең, ата-бабамыз өйткен, бүйткен, мықты болған деп айта бергеннен де түк шықпайды. Іс керек! Ол іс өте қарапайым. Мәселен жүргізуші куәлігіне тест тапсырып жүргендердің дені қазақша сөйлейтіндер. Бірақ бәрі тестің орысшасына жүгіреді. Неге? Өйткені орысша оңай, түсінікті. Әйтпесе көзіммен көрген көпшіліктің орысшаға құштар болып тұрғаны шамалы. Орысшаға бейімделіп кеткен деп те айта айлмаймын. Бұл жерде тестің орысша нұсқасы оң жамбасқа оңай келеді, логикаға көнеді. Тұтынушыға түзу реттелген. Ал қазақшасы, масқара! Барды пайдалана алмаған. Неге қазақшасын орысшадан да оңайырақ, түсініктірек, қызығырақ қылып жасамасқа? Сөздік қоры мол, көркемдігі зор тілдің байлығын неге пайдаланбасқа? Қу сөзбен мақтана бергенше, тілді айналымға салу керек қой. Бәсекеге түсіру қажет емес пе?!. Ұлттық идеология - мемлекеттік тілді оздырып, озат қылмаққа ұмтылу. Қазақша сөйле деп қоқаң-лоқы көрсету де құптайтын қылық емес. Бұл заманда ыңғайлылық ықыласты оятады. Ыңғайлап бер! Адам ыңғайлыға жүгіреді. Ахмет Байтұрсынұлы: “Түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта” деп бекерден бекер айтпаған. Олар бос сөйлемеген. Ахаң: “Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен”-дейді және. Кірісе алмай отырғанымызды мойындауға тиіспіз. Конституцияда мемлекетік деп жазылған тілді мемлекеттік мекеме - жауапты министрлік осыншама сорлы күйге түсіргенін немен ақтауға болады?
Ұлттық идеология - мемлекеттік идеология. Осы мемлекетте тұратын әрбір адам мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруға мүдделі болуға тиіс. Ал министрліктер соның ең басы. Жиынтығы-Үкімет. Үкімет тілді аяққа таптаса, басқа не істемейді?! Иә, солай! Қазақ тілі осындай…
Еділ Анықбай