Сен тұр - мен айтайын!

Көрерменнің таңдауына, талғамына қиянат жасауға ешкімнің хақысы жоқ...

  • Көрерменнің таңдауына, талғамына қиянат жасауға ешкімнің хақысы жоқ...

    Көрерменнің таңдауына, талғамына қиянат жасауға ешкімнің хақысы жоқ...

КӨТЕРЕ АЛМАЙТЫН ШОҚПАРДЫ БЕЛІҢЕ БАЙЛАМА.


Телеэкран - тележурналистің сыртқы сипатын ғана емес, ішкі мәдениетін, интеллектуалдық қарым-қабілетін, тәлім-тәрбиесін, бір сөзбен айтқанда бары мен жоғын айдай айшықтап, жаһанға жария ететін айна. Бірдеңені жасырып қалу мүмкін емес. Сұлу мүсінің, сүйкімді келбетің, құлаққа майдай жағатын жұмсақ та жағымды дауысың, сөйлеу мәнерің, тақырып мазмұны мен биік талғамға сай киімің &ndash бәрі көзі қарақты көрерменнің назарынан тыс қалмайтын жәйттер. Жан-жақты білімді-білікті болу, өткір де ұтқыр ой айту, сұхбаттасына сауатты сауал жолдай білу - тележурналистің кәсіби міндеті. Хабар жүргізушісінің тарабынан танылатын ізеттілік, көргенділік, бет-әлпеттегі жылы нұр &ndash бұл да маңызды. Жымиу деген осы екен деп, аты-жөні жоқ ыржалақтай беретіндер бар. Кейде салмақты ақпарат тарата отырып та күле сөйлейтін жүргізушілерді көргенде: «соншама мәз болғаны-ай, режиссер қайда қарап отыр екен?» деген ой билейді. Керісінше салмақты болам деп, жауар бұлттай түнеріп отыратындар да бар. Инелікше иіліп, немесе бұзау қарнын бұлтитып, қалай болса солай жантайып, қисалаңдап отыратындар да кездеседі. Жағын ашпай тістеніп сөйлейтін немесе ауылдағы тісі түсіп қалған апаларша балпылдап сөйлейтін, әр сөйлемін ахылап-уһілеп аяқтап, көрерменнің жүйкесін жұқартатын жүргізушілерді де көріп жүрміз. Татуажбен жасатқан жап-жалпақ қасын оқта-текте қағып-қағып жіберіп, бет жүзін орынсыз құбылтып отыратын жүргізушіні көргенде əп-əжептеуір қыз баланың қор болғаны-ай деп ойлайсың. Екі иығын жұлып жеп, осы қазір жаныңды суырып алатындай боп сөйлейтіндерді көріп, мынаның не жанына зор келді екен соншама ышқынатындай деп, қараптан-қарап алқынып қаласың. Мұндайда кәсіби маман ғана болмаса, қарапайым көрермен әйтеуір бір жағымсыз көрініске тап болғанын түйсінгенімен, нақты не бүлініп кеткенін ұғына алмауы да мүмкін. Сұхбат барысында өзінше білгірсіп, төбеден түскендей дөрекі сұрақтарды үсті-үстіне төпелетіп, шұқшия қадалып, мысымен басуға тырысу &ndash барып тұрған тәрбиесіздік. Әңгіме үстінде салмақты, батыл болу бар да, дауыс ырғағымен тұқыртып білгірси маңғаздану бар. Екеуінің арасы жер мен көктей. Телекамераның алдында онсыз да қобалжып отырған адамның одан ары құтын қашырсаң, хабардың сапасына кері әсері болары сөзсіз. Өткір сұрақтың өзін тігісін жатқыза, майдалай сипай отырып, сұхбаттастың жауаптан жалтарып кетуіне шамасын келтірместей күй қалыптастыра білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік. Баяғыда біз мұны «ұрмай сұлату» әдісі дейтінбіз. Жүргізуші өзін неғұрлым қарапайым ұстаған сайын сұхбаттас солғұрлым кеңінен ашылып, белсене сыр шертеді. Өзге түгіл өзі де түсінбестей былдырлап, тісінің арасынан ысқыра сөйлеп, «ң» әрібіне тілі келмей «н» деп, еврейлерше «р» әрібін нақты айта алмай сақауланатын журналистің (әнші, биші, әртістердің де) кадр сыртында қала бергені абзал. Тілінің мүкісі бар адамның өзін-өзі әшкерелемей, теледидар саласынан бір шақырым аулақ жүргені ләзім. Мұндай ақауды оның ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлулығы да, бірегей білгірлігі де бүркей алмайды. Әрі-беріден кейін, тележүргізуші құсап киінуге, сөйлеуге, жүріп-тұруға еліктейтін жастар көп екенін қаперден шығаруға, көрерменнің таңдауына, талғамына қиянат жасауға ешкімнің хақысы жоқ. Ауыздан шыққан ақпарат көпшіліктің жүрегіне жол таба алмаса, желге кеткен сөз жетім емей немене.
Қазақ теледидарында марқұм Шолпан Қайыртайқызы деген білікті режиссердің болғанын кейінгі толқын журналистер біле бермеуі мүмкін, менің замандастарым жақсы біледі. Міне, сол кісі бізге: «Есіктің алдына кір жаюға шыққанда да әдемі киінетін бол. Өйткені, көршің де саған теледидар жүргізушісі деп қарайды. Қайда жүрсең де, жүріс-тұрысыңа, аузыңнан шыққан әрбір сөзіңе абай бол, Қазақ теледидарының намысын аяқ асты етуге хақың жоқ!» дейтін. Оның сол кездегі санама сіңірген тағлымын бүгінгі ізбасарларыма эстафета етіп ұсынғым келеді. Тележүргізуші деген орасан зор жауапкершілікті арқаламас бұрын жан-жақты ойлан, өзіңе биік талап қой. Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама!

Гүлмәрия Барманбекова

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 696    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 12.10.2020, 10:26

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    27 Қараша, 15:17
    Бастық Құдай ма?
    8 Қараша, 13:13
    Қыз баланың қадірі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31