Құрбан айт: "Құранға күлмейді!"
Осыдан он жыл бұрын Жансая құрбымның үйіне айттадық. Құрбым, анасы және мен үшеуміз шай ішіп отырғанда тыстан інісі бір атайды ертіп кірді. Құлағы ауырлау кісі кіре сала бізге бір қарап алды да Құран оқи бастады.
Құран сөздерін қате оқығаны былай тұрсын, сүреге қазақша сөздер қосып алады екен. Ал қиратын қазақтың бір әніне келтіріп алыпты. Ән әуенмен көркемдеп қана қоймай, қазақша қосылған құранды, оның үстіне өзі де байқамаса керек, араб сөзі мен қазақтың сөздерін шатастырып айтқанда көбі боқауыз сөздерге ұқсағанын естіп отырып, шыдау мүмкін емес еді...
Үйдің ішіндегі тапшанда отырғанбыз. Есік жақта аузын жауып отырған Жансая шалқалай күлемін деп еденге гүрс етті. Мен атайға жалт қарадым. Ол кісі көзін жұмып алыпты. Түк сезбейді де. Анасы тапшаннан еңбектеп түсіп алып, тысқа атылды. Төрде атаның қасында отырған мен бейшара қайбір оңып отыр дейсіз?! Қолыммен қанша қалқаласам да күлкімнің дыбысы қатты шығып кете берген соң, қолымды жұдырықтап алып аузыма бұралақтата тығып жатырмын. Кенет Құранның ортасына келіп қалған атам көзін ашып жан-жағына қарады да:
– Келін қайда кеткен?, – деп қояды әндеткен күйі. Және сол әндеткен күйі Құранын одан әрі жалғай берді... Осы жерде менің де шыдамымның ішегі үзілді. Далаға тұра қаштым. Едендегі тамшылап ағылған судың бойымен сыртқа шықсам Жансая жылап тұр
Сіз де осы жазбаны оқып отырып "Құранға күлмейді!" дейтініңізді білемін. Жанардың анасы да намаздағы кісі. Сөйте тұра шайтан түртті бізді.
Ал мен болсам, "Алла өзің кешіре гөр" деймін әр айт күні келіп жеткен сайын осы оқиға есіме түсіп...
Құралай Сейсенбекқызы
Facebook-тегі парақшасынан
Жұлдыз
Радиосы