Сен тұр - мен айтайын!

«Күйеуім қарекет қылмаудың жолын тауып алады...»

  • «Күйеуім қарекет қылмаудың жолын тауып алады...»

    «Күйеуім қарекет қылмаудың жолын тауып алады...»

Не екенін білмеймін, маған жексенбі жұмыс істеген ұнайды. Шабытым келсе, ерінбей офиске барып, жазу жазып қайтам. Сол шимайды үйдегі ноутбугіме сүйкей салсам да болады, бірақ жұмыстың аурасы бәрібір бөлек қой. Бүгін де жексенбілік жұмыстан жаяулатып келе жатқам. Үйге жетер жолда сүйікті мекенім бар. Соған жақындағанда қайыңдардың бір-бірімен қатар тұрып, кейбірінің қарсы қарап сырласқанына осы жолы бір шынайы қызғанышпен қарадым. «Адамдар сендердей сырласуды сиретті, шүйіркелесуден де қалып барады» дедім. Ойға батып барады екем, бір өксіген дауыстан селк етіп есімді жидым. Кішігірім саябақта жалғыз өзім келе жатқандай ем, содан шошыдым ба, жан-жағыма жалтақтай жөнеліппін. Бір әйел телефонда әлдекіммен жылап сөйлесіп келеді. Ешкімді елемейді. Көптен күткен адамымен бетпе-бет келгендей, біраздан бері сақтаған сөздерін сарқып айтып жатқандай сезілді. Менің үркіп қарағаныма да қыңқ демеді, бәлкім байқамады да. Үнсіз ғана адымдап жүре бердім. Әйел жақындаған сайын сөзі айқындала түсті. «...Екі баламмен қайда барам? Қанша уақыт болды, неге іздемейсің? Жалғыз өзім асырап жүрмін. Осында бірге келген жоқпыз ба, енді қайдасың? Ауылға бардың да, жұмыс істемей жатып алдың. Жауапкершілік деген жоқ қой сенде», деді. Соңғы сөйлемін менен озып кеткенде айтса да анық естілді, себебі ышқынып айтты.
Әрбір сөйлемі зілдей. «Жалғыз өзім асырап жүрмін» дейді: жаныңда біреу бар бола тұрып жалғыздықпен күресу қандай қиын... «Осында бірге келген жоқпыз ба, енді қайдасың?» дейді: жоқты іздеген қандай азап... «Ауылға бардың да, жұмыс істемей жатып алдың» дей ме? Өзіңмен қоса өзгені сүйреу қандай ауыр...
Қысқа жолды оймен ұзартып келем. Редакцияға хабарласқан бір келіншек ойыма оралды. «Мен Пәленше деген ауданның бір ауылынан хабарласып тұр едім. Айдана Шотбайқызы деген журналиссіз бе? Сіз білім, ғылым тақырыбын жазасыз ғой, иә?», деді телефонның арғы жағындағы жағымы дауыс. Мен мақұлдағаннан кейін өзінің балабақшадағы балаларға білгенін үйретіп жүргенін жеткізді және жоғары білімге қатысты бір сұрағын қойды. Жауабымды берген соң ауылдағы маманның жағдайын білгім кеп жалақысын сұрадым. Ол көптен таныс кісіше көсіліп қоя берді: «Ой, несін айтасыз, айлығымыз шайлығымызға жетпейді ғой. Үш балам бар, алды мектепке барды. Олардың керек-жарағы бар, бір басыма асырау ауыр тиеді», деп бір тоқтады. Сол сәтті пайдаланып: «Кешіріңіз, балаларыңыздың әкесі ше?..», дей беріп ем, онан сайын оталды. «Е, жатыпішер жалқаудың нақ өзі болды. Балаларды әкесінен айырмайын деп соңынан қайда болса да ере бердім. Осы Қазақстанның бірнеше қаласында тұрып көрдік. Міне, енді ауылға келдік. Барлық жерде мен жұмыс істеймін. Күйеуім қалтасында бірнеше дипломы болса да, жүрген жерімізде екі қолға бір күрек табылса да, қарекет қылмаудың жолын тауып алады. Жұмысқа қуамын деп үйде ұрыс басталады. Балалардың берекесі кетпесін деп қана қоямын. Қайтем?», деп салмақты сұрақтан соң үнсіз қалды. Айтарға, жұбатарға сөз таппай тұрғанымда өзі есін жиып: «Жарайды, негізі мен сол универдің шаруасымен хабарласқам. Бірді-бірге кетіппін ғой. Мынауымды мақалаға қосып қойып жүрмеңіз», деп күлді. «Алаңдамаңыз, сәлден соң атыңызды да ұмытып қаламын», дедім күніне қаншама кейіпкерді кезіктіретінім еске түсіп.
...Колледждің бір семестрін тауысып ауылға келген кезім. Қыстың күні пеш жылытқан қос бөлмеге тығыласың ғой. Далада көп те тірлік жоқ. Айналып келіп кітаптарды парақтаймын. Бала күнгі әдетіме салып «Сөз тапқанға қолқа жоқ» кітабын көкеме (әкемді солай атаймын) оқып беріп отырғам. Бірнеше бетін парақтап тастадым ғой деймін, әйтеуір көкемнің көңілі басқа жаққа бұрыла бастағанын сездім. Кітапты ақырын жаптым да ойын оқығым келіп жүзіне үңілдім. Ол соны күткендей: «Сен маған қарасқандай, грантқа түстің ғой. Өзің оқисың. Сенің осы деңгейге ілігіп кеткеніңді күтіп жүр ем. Енді биыл көктемде күріш екпей-ақ қойсам да болады», деді, қаншама жылға созылған үлкен жұмысты соңына жеткізген жан секілді кеудесін кеңге салып. Иә, ол белуардан су кешіп жүріп қамбаға жөнелтетін күрішімен менің алдымдағы барлық баласын ақылы бөлімде бітіртіп еді. Кенжекейінің ғана грантқа түскенін қарасты дейді. Бәлкім өмір бойы әкелік жауапкершілігін арқалаудан танбағанына Тәңірдің қарасқаны шығар-ау...

...Адамды аласартпайтын жалғыз-ақ жауапкершілік екен ғой.

Айдана Шотбайқызы
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1536    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 13.01.2020, 11:09

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    6 Шілде, 11:16
    Солар жазалансын...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31