Қымбатшылық пен инфляцияның шарықтауына саудагерлеріміздің де еңбегі зор...

13 қаңтар 2022, 11:36

Өкімет қайта-қайта "зардап шеккен кәсіпкерлерді далаға тастамаймыз" деп уәде беріп жатыр ғой. Қай жерде үлкен ақшаның иісі шықса, жылт ете қалатын Абылай Мырзахметов те сүріне-қабына, кәсіпкерлердің шығынын ешбір комиссиясыз 100 млрд теңгеден асырып тастады.
Ал негізгі оқиға осы саудагерлердің бағаны себепті-себепсіз көтеріп жіберген ашкөздігінен басталды емес пе? Тіпті, былтырдан бері бір зат алуға базарға барсаң, оның қымбаттап кеткенін көресің. "Әй, мынауың қымбат қой! Түсірсейші" десең, саудагерлер "бұл зат жақында тағы қымбаттайды!" деп аспанға түкіруді шығарды! Бәрінің айтатыны осы болды!
Мысалы, біздегі құрылыс материалдарының бағасы Ресейден 30-40 пайызға, ал Испаниядан 50 пайызға қымбат көрінеді! Тіпті, Испанияда құрылыс материалдарын сатып алып, оның салығын төлегенде де бізден арзан екен! Яғни, біздегі қымбатшылық пен инфляцияның себепсіз шарықтауына осы саудагерлеріміздің де еңбегі зор! Оларға мемлекет не үшін "мә" деп, өртенген дүниесінің ақысын қолына ұстата салуы керек? Олар өздерінің мүлкі мен дүниесін неге сақтандырмаған? Сондықтан, мен өз басым кәсіпкерлердің күйіп кеткен дүниесін бюджет есебінен қайтарып беруге үзілді-кесілді қарсымын! Мемлекет қатты қамқорлық жасағысы келіп бара жатса, ондай кәсіпкерлерді біраз уақыт салықтан босатсын, жеңілдетілген кредиттер берсін. Артық ақшасына мемлекеттік мекемелердің ғимараттарын жөндеп, дұрыс жұмыс істеуге мүмкіндік беретін дүние-мүлкін әперсін. 100 млрд теңге деген дәл қазір орасан-зор қаржы ғой! Бұл қаржыны солтүстік аудандар мен шекаралық өңірлерді дамытуға жұмсасын. Кедейлікті жоюға жұмсасын. Әлеуметтік аутсайдерге айналған жастардың өмірін түзетуге: баспана алуға, білім алуға, жұмысқа орналасуға жұмсасын! Көптеген жұмыс орындарын ашуға жұмсасын! Сот саласын, құқық қорғау саласын, әскерді реформалауға, атқарушы билікті реформалауға жұмсасын. Тек, кәсіпкерлерге тағы да қарапайым халықтың есебінен банкет жасауды тоқтатсын! Олар мемлекеттің көмегінсіз тез-ақ оңалып кетеді.
Оның үстіне, "Атамекен" деген палатаны тарқатып жіберсе де артық емес. Түкке де қажеті жоқ ұйым. Мемлекет пен бизнеске мұндай делдалдың түкке де қажеті жоқ.
Мен осындай ұсыныс айтар едім.

Тоқтар Жақаш

Фейсбуктегі парақшасынан