Мектепке қыздардың орамал тағып келуі - мектепке діннің ықпалын, насихатын алып келу

08 маусым 2022, 17:27

ҚЫЗДАРДЫҢ МЕКТЕПТЕ ОРМАЛ ТАҒУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ

 

1. Ата-ана баласына орта білім беруге міндетті. «Баламды мектепке жібермеймін, орамал тартқызбасаңдар қызым мектепке бармайды» - деген ата-ана заң алдында жауап беруі керек. Осы мемлекетте тұрады екен, ел заңын бағынсын. Болмаса кез келген ислам мемлекетіне көшіп кетуге, сол жақтың азаматтығын алуға (берсе), балаларын сол елдің ұстанған заңы мен дәстүрі шеңберінде оқытуға хақы бар. Тек барып алып, біраз уақыттан кейін «Қазақстанға қалай жетем» - деп жылап отырмаса.

 

2. Жалпы осы мәселенің талқыланып отыруының өзі біздің қоғамның даму деңгейін көрсетіп отыр. Мектепке қыздардың орамал тағып келуі - мектепке діннің ықпалын, насихатын алып келу деген сөз.  Бүгін олар: «Қыздар мектепте орамал тартып жүрсін» - деп отыр.  Ертең: «Мектепте хиджап кисін» - дейді. Сөйтіп талапты жалғастыра береді: «Қыздар денешынықтыру сабағына қатыспасын»,  «Ер мұғалімдер қыздарға сабақ бермесін», «Мұғалімдер де басына орамал салсын», «Мұғалімдер де хиджаб кисін», «Қыздар мен ұлдар бөлек оқысын», «Балалар мектепте намаздарын оқып алсын»,  «Намаз оқитын бөлме ашылсын» - деп кете береді. Бір күні: «Ұлдар араб ерлері сияқты ұзын көйлек киіп жүрсін» - дейді. Соның бәрін орындаймыз ба? 

 

3. Мектеп жасындағы балаға ата-ана өз діни сенімін тықпалауға құқы жоқ. Ол қызым орамал тақсын деп отыр, яғни, өз сенімін тықпалап отыр. Білім министрі осының заңсыз екенін білмей ме?  Орамал тағу-тақпауды кәмелет жасына толып, ақыл тоқтатқан соң бала өзі шешуі керек. Ата-ананың балаға діни идеология жүргізуге құқы жоқ. 

 

4. Әлемде тек дәстүрлі емес, басқа дін түрлері де, секталар да көп. Олардың азды-көпті бөлігі Қазақстанда да бар. Ертең біреу сари кием, біреу кэса кием, біреу тағы бір нәрсе кием деп отырсын. Сосын не болады?  Мектеп Бал маскарад болып кететін шығар.

 

5. Қазіргі ХХІ ғасырдағы көзқарасты былай қойғанда, жап-жас қыздардың басына орамал салу деген ежелгі қазақ дәстүрінде де болған жоқ. Бұған жол берілмеуі керек.

 

6. Тек орамал емес, ешқандай діни атрибут білім беру мекемесінде қолданылмауы керек. Мектеп - білім беретін жер,  діни наным-сенімді насихаттайтын, діни жоралғы жасайтын жер емес. Сылап-сипайтын ештеңе жоқ. Бірыңғай мектеп формасы болуы керек. Болды.

 

7. Мектепке діни киім кірсе, қырық пышақ болғанның көкесі сонда болады. Оқушылар орамал  салатындар мен салмайтындар болып бөлінеді, дін ұстанатындар мен ұстанбайтындар болып бөлінеді. Баланың аты - бала, сол үшін бір-бірін кемсітеді, мазақтайды, күледі. Оған ата-аналар араласады.  Ары қарай мәселе күрделене береді. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Онсыз да басы бірікпей жүрген ел одан сайын бүлінеді.

 

8. Отыз жылда бірыңғай мектеп формасын жасай алмаған өкімет енді дінге мектептің есігін ашып, орамалды айтып отыр. Бұл өкімет қазақтың болашағын ойлап отыр деп айта алмаймын. Жартысы орыстың, жартысы арабтың мүддесіне қызмет істеп жүр.

 

9. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов өткенде мұғалімдерді жинап ауызашар жасады, бүгін мектеп оқушылары орамал тартады деп отыр, ертең шайтанға тас атам деуі анық (қалжың емес).  Өткенде Білім және ғылым министрлігі департаментінің бұрынғы басшысы осы кісіні шетелдік агент дегенде күліп едік. Енді не болып бара жатыр өзі...

 

Бұл Жаңа Қазақстан ба, әлде талибандық Ауғанстан ба?

 

10. Ең бастысы, біз зайырлы мемлекетпіз. Мемлекет істері мен дін істері бөлек. Болды. Сенімдерін жүректерінде ұстасын. Оны жариялау, діни атрибуттарды мектепке тықпалауға жол жоқ.

 

 

 

Лязат Дуйсембекова

Фейсбуктегі парақшасынан