Мен шағын ғана мемлекеттің Президентімін. Басты мақсатым – сол мемлекетімді көркейту, халқымды білімді ету, жұмыссыз қалдырмау, қысқасы, кем қылмау. Одан соңғы міндет халқымның санын көбейту, біртіндеп жер көлемін ұлғайта түсу. Және бұл солай болады да.
Мен басқарған халық демократиялық жағдайда өмір сүреді. Бірақ дәл қазір менің халқыма демократияның қажеті жоқ. Халқым тым жас. Халқым деп отырғаным – әйелім мен екі балам. Біреуі 1-сыныпта, екіншісі 3 жасқа енді толады. Сол себепті оларға демократиядан гөрі бір тостақ көже артық. Алайда демократияның дәнін миларына жайлап сіңіре беру керек деп есептеймін. Ал әйел болса, демократиядан гөрі өсекке бір табан жуық.
Сондықтан шағын мемлекеттің тізгіні өз қолымда. Негізгі мәселелер, Президенттің, яғни менің жеке қалауыммен шешіледі. Түпкі ойым – ғылым мен техниканы меңгерген, жан-жағына ықпал ете алатын күшті мемлекет орнату.
Мұның бәрін мен халқым пырдай болып ұйықтап жатқан шақта елеп-екшеймін, бағдарлама түземін. Айтпақшы, «Біз – 2010» деген страгетиялық бағдарламам бар. Онда мемлекетімнің негізгі даму бағыты сөз болады. Бірақ халқым оған сене қоймайды. Әйел айтады: «ой, ол кезде мен 40-қа келемін ғой» деп. Біріншіде оқып жүрген қызым болса, 2010 жылы бойжетеді. Ұлым ер жетеді. Ол екеуі 2010 жылға қалай, қандай жағдайда жетеді? Бағдарламаның бір тарауы соған арналған. Әйел «мұның жолдау емес, алдау» десе, дей берсін.
Бағдарламамды жүзеге асыру үшін әрекетті бүгіннен бастау керегін жақсы білемін. Сондықтан қазіргі қаржы тапшылығын ескеріп, биылғы мардымсыз мемлекеттік бюджеттің отбасы, яғни шағын мемлекетімнің экономикасына әсерін жұмсарту мақсатында мынадай бірқатар шаралар жасадым.
Олар:
1. Қымбат жиһаздар және пайдасыз әшекей заттарды сатып алмау.
2. Туған күндерді тек таза ауа жұту үшін табиғат аясында серуендеумен алмастыру.
3. Телефон арқылы қалааралық байланысқа мүмкіндігінше аз шығу. Шыға қалған күнде әңгімені 3 минутта бітіру.
4. Қонақтарды арақ-шарапсыз аттандыру.
5. Модадан бас тарта тұру.
6. Т.б.
Осындай шаралар арқасында жүздеген мың теңге үнемделеді екен. Бұл жұрттың қолы жетпей жүрген 400 доллар шағын несиеден әлдеқайда көп. Егер осы шаралар іске асса (ол жүзеге асады), келер жылы шағын несиеге 400 доллар берші деп алақан жаймаймын.
Тығырықтан шығуға халқымның жастығы мен санының кемдігі емес, менің басымның істеп тұрғаны маңызды.
***
Бұл да «Ана тілі» газетіне (3.6.1999 ж. №22) Жорабек Тойқожа атты кластасымның атымен жаза салған шағын мақалам. Көп қағаздың ішінен табылды.
Нұрлыбек Саматұлы
Фейсбуктегі парақшасынан