Сен тұр - мен айтайын!

МЕШІТТЕГІ "ШАЙТАН"

  • Арман Сқабылұлы

    Арман Сқабылұлы

(өмірде болған оқиға )

...Режиссер алдындағы сценарийге қарап ұзақ ойланып отырды. Осы бір фильмге аса бір құмарта да қойған жоқ еді. "Ақшасы жақсы. Талай мықтыға бермей саған алып беріп отырмын. Түк те қиындығы жоқ " деп жоғары жақтағы танысы айтқан соң келісе салған. Әйтпесе, иман туралы жасап несі бар. Оның үстіне қазақша екен. Мұның қазақшасы "кал калайдан" аспайды. Түсіру тобындағылардың дені солай. Қазақшаңды қақпайды. Енді отырысы мынау. Қазақша мәтінді ежіктеп...Сценарийді де жұмыссыз жүрген бір журналистке азғана тиынға жаздыртып алды. Ертең түсірілім. Үш сағатқа қаланың шет жағындағы мешіттің ішін түсіруге рұқсат алған. Қағазына қайта шұқшия бергені сол еді, есік қағылып, ішке жасы жиырма бестер шамасындағы бойжеткен енді. Құдды бір әкесінің үйіне келгендей өзін тым еркін сезінеді. Рұқсатсыз кіргені аздай енді мұның қарсысындағы диванға санын жалтыратып отыра кетті. Бір қарыс юбкасы ол отырғанда ұятты жерін қымтай да алмай қалды. Еркек емес пе, еріксіз кеуде жағына көз тоқтатқан. Мұнда да солай. Үлбіреген ақ кофтаның түймесі біреу ғана секілді. Екеу болса қос анардың жартысы жарқырап, сыртқа тепсiнiп тұрмас еді. Бетіне қараған. Әбден боянғаны көрініп тұр. Қайқиған кірпіктерінің өзінікі емес екенін де бірден байқады.

-Мен жайында Әбекең телефон шалған шығар, -деді жасанды кірпіктің иесі мұның ойын бөліп, - Мына фильмнен бір рөл бұйыра ма?

-Иә, Әбекең айтқан...Рөл дейсің бе?-деді бұл күмілжiп, -Болады...болады рөл. Кейінірек. 

-Қалай кейінірек? Мен телеарнада бағдарлама жүргізгенмін. Қазір уақытша боспын. Кейін тағы жүргіземін. Бос уақыт барда киноға түсіп үлгеруім керек! Әлде Әбекеңе звондайын ба?- деп бойжеткен орнынан тұрды. "Бәсе, қайдан көрдім деп басы қатып отыр еді. Енді есіне түсті. Жылтыңдап экраннан түспейтін әнебіреу екен ғой. Киноны берген Әбекең. Ендеше бұл қызды бос қайтармау керек". Режисердің жаны шығып кете жаздады. 

-Тоқта , ертең түсірілім...Мешітте...

Жасанды кірпігін қайқаң еткізіп бойжеткен есікке беттеді. "Қазақша біледі екен! Ертең ең құрығанда мешіттің есігінде тұрып беруге жарайтын шығар " деп режиссер қалды. Үш сағат мешітке ешкім кірмеу керек. Үш сағатта бұлар үлгеру керек. Ал, рөл жағын сосын көре жатар...

...Әншейінде адам үзілмейтін мешіттің алды бүгін тыныш. Анда-санда іштен режиссердің бұйрық берген дауысы естіледі. Бәрі жоспарланғандай жүріп жатқан сияқты еді... Түсірілім бел ортадан ауды-ау дегенде мешіт ауласына бір топ адам кірді. Алыстан келген, жолай намазға оқып кетейік деген жолаушылар,сірә , жан- жақтарына қарап, асықпай адымдап келеді. Алдындағы ақсақалдың молда екені сәлдесінен көрініп тұр. Ақсақал сірә, уағыз немесе иман жайлы айтып келе жатқан болса керек, қасындағылар беріле тыңдауда.Топ мешіттің есігіне таяп келіп, сәл үнсіз тұрды. Алланың үйіне аялай қарап, ақсақал есікке қол созған...Кенет, есік сарт етіп ашылды да іштен бір қарыс юбка киген, кофтасының бір ғана түймесі бар, ана екеусінің жартысы тепсiнiп сыртқа шығып кеткен, жасанды кірпік жапсырып, әлем -жәлем боянған бойжеткен шыға келді. Жай ғана шыға келген жоқ, бар даусымен айқай салды.

-Кетіңдер! Болмайды! Болмайды...

Ақсақал тізесі дірілдеп отыра кетті. Қасындағылар үрпиісiп тұрды да қалды. Есік қайтадан сарт етті де жаңағы қыз жоқ болды.

-Шайтан!- деді ақсақал есік жаққа үрейлене қарап, -Ақырзаман болғанда шайтан көз алдыңа елестейді деуші еді. Жаңа ғана соны айтып едім сендерге...

Арттарына жалтақ, жалтақ қарап ақсақал бастаған топ сыртқа беттеді. Сөйлеп барады.

-Астапыралла! Теледидар мен сахнаны иектеген шайтан енді мешітке келді ме? Астапыралла!..Сақтай гөр, Алла!


Арман Сқабылұлы

Facebook-тегі парақшасынан




Көрілген: 3850    Пікірлер: 1

жұма, 09.01.2015, 11:30

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Наурыз, 19:42
    Қайыршы болғым келеді
    18 Наурыз, 10:41
    Сөз түбі – тағдыр

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30