Министр болғым келеді...

25 сәуір 2022, 13:38

Мен министр болғым келеді.

 

Түк қиын емес қой. Жақсы министр болу одан да оңай. Қарапайым киім киіп аласың да, дүкенге, көрме бірдеңеге барып, танымайтын біреулерге "Ой, қалдарыңыз қалай? Бәрі дұрыс па? Ааа, солай ма, ештеңе етпейді, шешеміз ғой, негізі бәрі сіздер айтқандай болуы керек қой, әрине" деп, бір балаларды ұстап ап суретке түсе саласың. Сосын өздері-ақ "Мә, неткен жүзі жылы, қарапайым, халықтың ішінде, спокойно жүр ғой" деп алаулатып-жалаулатып жақсы министр жасап алады ғой.

 

Ал саланың жұмысы өзі бұрын қалай жүріп жатса, дәл солай жүріп жатады. Арасында баға 100 пайызға көтерілген кезде барып, жалақыны 0,1 пайыз көтеріп қоюға болады. Бірақ ол туралы кішкене дауыстап, қаттырақ айтып қоясың. Қымбатшылық туралы да айту керек, әрине, бірақ сәл бәсең дауыспен, "Бәрін көріп-біліп отырмыз, оңай емес, оңай емес" деп қою керек. Ал халық "Құдайға қараған министр келді, енді бір өзгеріс болар анық" деп күте береді.

 

Жақсы өзгерістер де болады. Бірақ "Ел іші – халық кеніші" дегендей, оны халықтың өзі, оның ішіндегі отчаянный патриоттар жанталаса жүріп, өздері жасайды.

 

Тіпті кетіп бара жатып та, "Енді кірісіп жатыр едім, жүйе дұрыс жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді ғой осы!!" деп ренжіп қоюға да болады.

 

Жалпы біз бәрін қолдан қиындатамыз, бар ғой.

 

 

Бану Даулетбаева

Фейсбуктегі парақшасынан