Үкімет отырысында министрлер баяндамасын қазақша жасап жүр.
Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар.
Жаман дейтінім, баяндаманы оқып тұрған министр не айтып тұрғанын білмейді. Қағаздан басыңды көтер де, сөзіңді қайтала десең, бетпен құлайды.
Баяндаманы тыңдап отырған өзге министрлер мен премьер Әлихан Смайылов та түк түсінбейді.
- Ал, Әлиханжан, Ақшолақов жаңа не айтты десең, құдай біледі дейін, ол да құлайды.
Өйткені қазақша енді тіл сындырып жүрген министрлер түгілі үкімет отырысындағы қазақшаны мына біз де түсінбейміз.
Мысалы, энергетика министрі Болат Ақшолақов бүгін үкіметте былай деді:
"Бекітілген шекті тарифтерде электр және жылу энергиясын өткізуден алынатын электр қуатының әзірлігін ұстап тұру қызметін және амортизациялық аударымдарды іске асырудан алынатын қаражатты нысаналы пайдалану бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажет".
Мына шүршіт тілін біреу түсінді деп ойлайсыз ба? Мысалы, сіз бір оқығанда ұқтыңыз ба?
Егер жиналыс өткізіп, үкімет бір-бірін түсінбесе, халықты қалай жарылқайды?
Баспасөз қызметі деген толып жатыр. Солар түзеп, редакциялап, адам тілінде жазып бермесе, жағдай қиын. Өйткені үкіметтен шыққан сөзді бүкіл баспасөз шүршіт күйінде тарата береді.
Бүгін энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мынадай прес-релиз таратыпты:
"Елдің ЖЭО-ның орташа жасы 61 жасты құрайды, оның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істеген".
"Жылу электр орталықтары 61 жасты құрайды" екен. Өледі, сосын жерлейміз деп жазса таңғалмаймыз. Апама жездем сай.
Асылхан Мамашұлы
Фейсбуктегі парақшасынан