Мың шыдамнан кейінгі ашыныстың да салмағы ауыр…

19 мамыр 2022, 15:34

Әйел ұру, әлсізге күш көрсету хайуанның ісі ғой. Ал, балаларының анасын тебу жүрексіздің ғана қолынан келетін шығар. Біз, әйелдер, шыдап жүре береміз... Бәріне. Сондағысы бір-ақ нәрсе: “әке-шешемнің жүзін жерге қаратпайын, ел-жұрттан ұят болады”.
Ажырасу дегенді трагедия деп қабылдаймыз. Ажырасқан әйелді біздің қоғам “неполноценный” адам деп қабылдайды. Сосын үлкендердің “сол үйден өлігің шықсын” деген бір “тирандық” ұраны бар. )
Әсіресе, ауыл жақта. Дәстүрлі отбасында өскен қыз баланың алаңдайтын нәрсесі көп, қысқасы.
Қазір ғой сайрап отырмыз, адам өз тағдырына келгенде кібіртіктеп, көзге көрініп тұрған озбырлықты көрмегенсіп, “адам боп кетер” деген елес үмітпен азаптанып жүре береді… Ол “көзі ашық”, “көзі жабық” дегенге де келіңкіремейді. Бәріне сауатың жетіп тұрса да, “сәл шыдайыншы, түсінер, бәрі дұрыс боп кетер” деумен пәлен жылыңның өткенін білмей де қаласың. Қолыңнан не келеді, бәрін жасайсың. Бәрін.
Менің де бетімді “стакан кескен” еді... Күре тамырды “орып өтуге” сәл қапты… Көп жылдар өтті, одан бері... Қансырап жатқанда хирургтардың қалай тіккенін де білмегенмін. ) Орнында сұрықсыз тыртық қалып қойды. “Ішінде шыны қалып қойған, қайта ашып тігу керек” деген еді, оған жүрек шыдамады.
Бәрі де артта қалған күндер ғой… Осы бір “белгі” болмаса, мүлдем ұмытылып кетер ме еді?!
Әкем анама қол жұмсау былай тұрсын, түртпеген. Біз ондайды көрмей өстік. Сосын да шығар, “бұл трагедия емес шығар?” деп, бәріне кешіріммен қарап, “әдепті адам” жасап алуға барыңды салады екенсің.
Менің бір байқағаным, қайта әйел ұруды көріп өскендер өзін қорғағыш келеді. Яғни, “мен өзімді ешкімге басындырмаймын!” деген барьер қойып алады.
Кеше лифттегі келіншекті тепкілеп жатқан әнебір итті көргенде көз алдыма ұмытылып кеткен бір елестер келе бастады… Көзім ілінбей қойды.
Сұралған кешірім де мәнсіз бұдан кейін… Мың шыдамнан кейінгі ашыныстың да салмағы ауыр…
Көрсеткен “ерлігіне” деген өкініші, бәлкім ғұмырлық қетелігі (егер ұғынса) үшін де өкінер, адам баласы ғой олар да.
Бірақ бәрі де кеш. Әрбірден кейін әр адам үшін, ең әуелі жаны аяулы болуы керек. Қалғаны, содан кейін.

facebook.com парақшасынан