Сен тұр - мен айтайын!

Нұрлан Еспанов гинекология туралы не біледі?

  • Бейбіт Сарыбай

    Бейбіт Сарыбай

Бейтаныс апаймен байқаусызда ұшырасып қалдым. Бірден жағадан алғандай қылды.

-Осы ақын-жазушы, әнші, жыршыны, актерді әлдеқандай қылып ақыл сұрайсыңдар да отырасыңдар. Не туралы әңгіме болса да соларды шақырасыңдар. Сонда елдегі есі дұрыс солар да, басқаларымыз миғұламыз ба? Ең құрымаса адамның денсаулығы жайындағы тақырыпқа өзімізді асықпай сөйлетіңдерші. Жоқ, енді ғана бірдеңені айтып бастай берейін десең жүргізуші: - Сөзіңіз аузыңызда, енді мына жағдайға назар аударайықшы,-деп микрофонды тартып алып, тағы сол "қайраткерлеріңді" сөйлетіп қояды. Айналайындар-ау, Нұрлан Еспанов гинекология туралы не біледі?

- Апай, сөзіңіз аузыңызда, нақты не айтайын деп едіңіз?

- Аузымда емегенде, қайда дейсің?. Нұрлан аузымда. Ой, Нұрлан деппін ғой, сөзім аузымда. Кешір, айналайын. Өзің де кішкене сөзді бөле бермей, тыңдашы. Сол ғой айналайын, әркім өз саласына қатысты айтсын да. Сені танып қалып айтып жатқаным ғой.

- Апай, бұған менің не қатысым бар? Маған не үшін айтып жатырсыз?

- Білмеймін ғой, сені бір жерден көрген сияқтымын.

- Апай кешіріңіз, мен деген жазушымын, жазамын. Телебізірде ешқандай қатысым жоқ. Бір-екі рет шақырғасын, өзіңіз құсап бір-екі токшоуға қатысқанмын.

- Е-е-е, енді есіме түсті. Сені сондай бір жерде қонақ болып, әңгімеге араласып отырғаныңда көрген екенмін ғой. Айтпақшы, сенің де қатыспайтын тақырыбың жоқ.

- Қойыңыз апай, мені әдебиетке, мәдениетке, руханиятқа жақын тақырыптарға шақырады. Кейде рас той тақырыбы сияқты жеңіл тақырыптарға да шақырады. Бармайын десем, «әулие болмашы, неменеге кісі бола қалғасың» дейді. Жалпысында кейбір қыздар сияқты, екі-үш рет қиылып айтса, кез-келген өтінішке көне кететінім бар.

- Жақсы, айналайын. Сол сені қайта-қайта шақырып жүрген достарыңа айт, бізді де шақырсын. Біз де сөйлей аламыз. Сөздің түбін түсіреміз.

- Жақсы, апай, айтайын. Сау болыңыз.

- Әй сен менен құтылуға асығып, өтіріктен ок, ок дегеніңді қой.

- Жоқ, апай мен сізден құтылуға асығып тұрған жоқпын.

- Шақыртасың ба?

- Шақыртамын.

- Неңмен шақыртасың?. Сен менің нөмірімді алған да жоқсың ғой.

- Айтыңыз.

- 8775

***

Апайдын әрең құтылдым. Осы әңгімені бір дастархан басында айтып едім, токшоуда қызмет ететін досым:

- Ойбай ол кісінің нөмірін бер бізге. Өте керек,-деді. Бердім. Бұл әңгіме сонымен ұмытылған. Бір күні сол досым хабарласып тұр.

– Осындайда осындай күні түсірілім. 10 минут ертерек кел. Гримға кіресің.

- Тақырып қандай еді?

- «Қалың қалай, қазақ тілі».

- Әкем-ау, менің не қатысым бар бұл темаға?

- Қатысың бар.

- Досым кешірші, дәл осы жолы ұят.

- Жоқ сенің ана апайыңнан басталған тема ғой.

***

Айтылған күні хабардың түсіріліміне бардық. Баяғы менімен танысқан апай бәле шығарды.

- Бізді неге өз саламызға қатысты тақырыптарға шақырмайсыңдар? Қазақ тілінің қалын біз қайдан білеміз?. Бізден қазақтардың хәлін сұраңдар. Денсаулығы қалай деп. Мына тақырыпқа не қатысымыз бар?

- Апай, анаукүні өзіңіз ренжіп отыр едіңіз ғой. Денсаулық туралы темаға өнерпаздардың не қатысы бар деп?. Сол сияқты сізді де өзіңізге қатысы жоқ темаға шақырып отырмыз. Бұны ток шоудың табиғаты дейді. Әртүрлі мамандарды қатыстыра отырып тақырыпты ашады.

- А-а-а, айналайын,-деп апай жуасыды.

Содан не керек, хабар басталды. Қазақ тілі қай салада ақсап жатыр, қай салады ілгерілеу бар деген сияқты ой қозғалды. Апаймен бірге келген 10 дәрігер ешкімді сөйлетпеді. Бәрі шешен екен. Мақал-мәтелдетіп тұрып жіберді дейсің. Жүргізуші ешқайсысын тоқтата алмады.

- Айналайындар, осы уақытқа дейін сөйлетпей келдіңдер ғой, енді бүгін сөйлейміз.

- Жүргізуші бала, сен де сөзіңіз аузыңызда деп айта берме. Бүйте берсең аузымыздағы сөзімізді гинекологиялық аймаққа салып алып кетіп жүрерміз.

Содан апайдың айтуы бойынша соларды сөйлеттік те отырдық. Тема қазақ тілінің ғана емес, ұлттың жағдайын, денсаулығын да терең қозғады. Сонымен сол хабардың соңында бір емханадан келіп отырған он дәрігер он тілек айтты. Әр дәрігер өз саласымен байланыстыра айтты.

***

Стаматолог бастады: "Тісің барда тас шайна, түс кеткен соң ас қайда" демекші, тістеріңізді күтіп ұстаңыздар.

Рентгенолог: Санасында саңылауы бар, кеудесінде сәулесі бар ұрпағымыз көп болсын.

Лор: Мұрның барда бір сіңбір дегендей, біз де бір тілегімізді айтайық. Ауызға не келсе, соны айтқаннан сақтасын. Бір-ақ тілек айтамын, Абай атамыз айтқандай: Құр ақай бақырған..Құлаққа ән бе екен?. Елбасымыздың арқасында жақсы әндерді тыңдап жүре берейік.

Травматолог: «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деген. Дұшпандарымыздың алдында бірлігімізді сақтайық. Басқасы бірдеңе болар.

Педиатр: «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деген ғой бабаларымыз. Сол балардың денсаулығы ұлттың болашағы. Өздеріңізді күтпесеңіздер де балаларыңыздың денсаулығын әрқашан назарда ұстаңыздар.

Уролог: Мен «бүйректен сирақ шығармай», жоғарыдағы тілектерге қосыламын. И так та көп сөйлеп кеттік. Бәрібір монтаждап тастайсыздар.

Осылай шеттерінен шешен дәрігерлер тілекті жіберді дейсіздер. Бір кезде апай сөз алды да:

- Мен осы емхананың бас дәрігерімін, қызметкерлерім айтқан тілекті өзім қорытындылаймын. Менің де тілегім өз салама байланысты. Мен гинекологпын...-деді.

Бәріміз шошып кеттік... Оператор камераны өшіріп тастады. «Бәрібір қысқарып кетеді», деп ойласа керек. Апам бүлдіретін болды деп мен отырмын. Не де болса «таңнан салса кешке озған» деп бастайтын шығар деп отырғам.

Жоо-о-о-оқ, кешіріп қойыңыз, апам соншалықты біз ойлағандай ештеңе де бүлдірген жоқ. Өте керемет тілек айтты. Сондағы тілегі не дейсіздер ғой. Мынау:

- «Жал-құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа түсер ұл тумас»,-деп Доспанбет бабамыз айтқандай, әр қазақтың жігітіне текті жерден қыз алуды бұйыртсын деді. Ду қол шапалақ. Жарық өшірілді. Апам қатырады, ә.

Бейбіт Сарыбай

Facebook-тегі парақшасынан




Көрілген: 3313    Пікірлер: 1

жұма, 24.10.2014, 08:53

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    13 Маусым, 10:10
    Ринат жайлы ойым
    7 Маусым, 12:06
    Ауырмайды жүрек
    19 Мамыр, 16:01
    Ифтар емес, Ауызашар

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30