Нұртөре ағамызға қиянат жасадық

21 қаңтар 2022, 14:44

Түнде асықпай отырып Нұртөре ағамыздың кешегі депутаттық сауалының толық нұсқасын тыңдадым. Фб қолданушылары ағамызға жасөспірімдерге арналған ТВ ашу мен тик-ток тәрбиелеп жатыр, дегенді контекстен жұлып алып, хайптың құрбаны жасаппыз. Мұқият тыңдасам, мәлімдемеде өте ауқымды нәрселер көтерілген.
Алдымен былтыр Сенатта Ұлттық құндылықтар туралы парламенттік тыңдау өткізіліп, 5 құндылықты қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарып, министрліктерге нақты ұсынымдар берілгенін, оның бірі де орындалмағанын, министрлер соларды қайта қарау керегін айтады.
Ақпарат министріне ТВ түрлі шоу, мән-мағынасы жоқ телехабарларға толы, рейтинг қуып кеткенін, рейтингтің керегі жоғын, жаңалықтар негативке толғанын, технология, ғылым тақырыптарын көтеру, ақпараттық саясатты түбірімен өзгерту туралы айтқан.
Цифрлық даму министріне Жапония мен Кореяның ІТ, технология саласындағы тәжірибесін зерттеуді ұсынған. Интернет кеңістігін қазақша контентке толтыруды ұсынып, ІТ мамандардың басын қоса отырып смартфонда балалар мен жасөспірімдерге арналған интелектуалдық ойындар мен білім беруге арналған бағдарлама неге әзірленбейді, деп сауал қойған.
Әшейінде әлеуметтік желіні естімейді дейміз. Мұны да айтқан. Сенат қабылдаған ұлттық құндылықтар туралы ұсынымдар мен әлеуметтік желідегі көптеген пайдалы ұсынымдарды негізге алып, нақты іс-қимыл жоспарын жасауыңыз керек, дейді.
Еңбек министріне кең-байтақ Қазақстанда жұмыссыз қазақ болмауы тиіс, дейді.
Әр сөзі қазаққа, ұлтқа жанашырлық, ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиені қолға алу туралы қамқорлықпен айтылған.
Ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде олқылық кеткені, ақсап тұрғаны рас қой. Соны үзіп-жұлып фб-да күнде айтып жүрміз. Нұртөре ағамыз, соның бәрінің басын қосып, нақты министрлерге, нақты іс керек дейді. Мұның несі жаман? Әшейінде айтпайды дейміз, айтса...
Контекстен екі мәселені жұлып алып, ұлардай шулағанымыз ұят болды.

facebook.com