Сен тұр - мен айтайын!

Оқыған-тоқыған адамдардың өзі сол бабалар ерлігінің елесіне арбалудан аса алмайды

  • Оқыған-тоқыған адамдардың өзі сол бабалар ерлігінің елесіне арбалудан аса алмайды

    Оқыған-тоқыған адамдардың өзі сол бабалар ерлігінің елесіне арбалудан аса алмайды

КЕШЕ мен БҮГІН...
(еңбек демалысындағы бір үзік ой)


Қазіргі қазақ бағзы тарихпен өмір сүргісі келеді. Әркім бұрынғы бабаларының батыр, бай-бағлан, би-шешен болғанын айтып мақтануға бейілді. Мен сол көптің сөзін тыңдап отырғанда көкейіме бір сұрақ тығылады. «Бабаң мықты болса, сен неге осалсың?»... Рас, шынында ата-бабамыз мықты болса, біздің босбелбеу болуға хақымыз бар ма? Әліпті таяқ деп білмейтіндерді қойшы, оқыған-тоқыған адамдардың өзі сол бабалар ерлігінің елесіне арбалудан аса алмайды. Мұның соңы рушылдық пен жершілдік дертті қоздыратыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да, кешегі тарихты жылы жауып қоя салайық. Осы тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда біз бен біздің әкелеріміз не қауқар таныта алды? Әлгі ата-бабаларымызды мақтағандай жетістіктеріміз бар ма? Бабасын Абылайдың оң жағына отырғызып, Төле бидің ақылшысы жасап қоятын бұ ұрпақ өздері бір мәрте болсын Ақордаға еңкеймей кіріп пе? Махамбетше айтсақ, «Еділдің (Есілдің) бойына ел толтыра алып па?

Рас, азаттықтың нәмі бізге ашына сөйлеуге, орынды-орынсыз сын айтуға, асханада отырып-ақ бар қазаққа билік жүргізуге мүмкіндік туғызды (кейде күлеміз-ә!). Ал, арындап теңдік сұрайтын, ақ пен қараны ажырататын, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшеп беретін, жақсыны жақсы дейтін, жаманды іске алғысыз ететін тұлғалар жоққа тән.
Әйтпесе, біз тәуелсіздік алған жылдары мемлекетіміздің технологиялық жағынан артта қалған республикалардың бірі болғаны өтірік пе? Бардың бәрін қиратып, бір бөтелке араққа бір қойды атқан баяғы би-бағлан, батырлардың ұрпағы мына біз емес пе едік? Жалпы ішкі өнімнің төмендеуі 61 пайызға жеткізген де басқа емес – өзімізбіз. Мойындаңыз һәм мойындамаңыз, барға ие болып қалған украин мен ақорыстардай білігіміз болған жоқ. 1994 жылы біздің елдің өнеркәсіптік құлдырауы 28 пайыздан асып кеткен. Яғни, 100 пайыз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар тәуелсіздік алғанымызға бір-екі жыл болмай жатып, 28 пайызға кеміген. Қазақстанның аса ірі 130 кәсіпорны өз жұмысын тоқтатуы жас мемлекетке қандай соққы болғанын түсінерлік санамыз да болған жоқ. Сол жылдары жұмыссыздар саны 2 миллион адамға жетуі, бағалардың айына 50 пайызға өсуі, жылдық инфляцияның 2000 пайыздан асып кетуі (қазір 0,9%), 90-шы жылдардың басында халықтың үштен бірінен астамы кедейшілік шегінен асып кетуі (қазір 4,8%, кедейшілік 13 есе азайды), өмір сүру деңгейі бойынша одақтас республикалар арасында 12-13 орында болуымыз бүгін тарихтың сартап беттерінде қалды.
Осыған қарап, бүгінгі күнге шүкір деуге де болады. Бірақ, менің қиялым басқада. Біз егер де КСРО-дан қалған колхоз-совхоздарды қиратпағанда, өндіріс орындарын тоқтатпай жұмыс істете бергенде, бір сөзбен айтқанда барды қиратып тастап, бәрін қайтадан бастамағанда қазір қандай ел болар едік.
Экс-президент Н.Назарбаев дәуірінде Қазақстан үш үлкен дағдарысты еңсеріпті. Атап айтсақ, КСРО-ның ыдырау дағдарысы, 1998 жылғы Азия дағдарысы және 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы. Кім не десе, о десін, қазақ сол дағдарыстың бәрін жеңіп, қуатты мемлекет құра білді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін экономикамыз 22 есеге өсті. Халықтың әл-ауқаты да сол дәрежеде ілгеріледі.
1993 жылы Қазақстанның ЖІӨ 11 млрд болса, 2020 жылы 170,5 млрд долларға жеткен. Нақты сан осылай дейді.
Біз тәуелсіздіктің арқасында сырттан инвестиция тартуға мүмкіндік алдық. Отыз жылға жетер-жетпес уақыт ішінде шетелдік инвесторлардың 300 миллиард доллардан астам инвестиция құюы, Дүниежүзілік банктің «Бизнесті жүргізу» рейтингінде Қазақстанның 28-ші орында тұруы, ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 27% жетуі, 12,5 мың шақырым автожол, 2,5 мың шақырым темір жолдың салынуы, Каспий теңізінде заманауи екі теңіз портының бой көтеруі, Қазақстанның Еуропа мен Азия-Тынық мұхиты аймағының рыноктарына тікелей шығуға мүмкіндік алуы, Еуразия кеңістігіндегі құрлықтық саудада басты қақпалардың біріне айналып, транзиттік салмағымыздың артуы бізге нені ұқтырады?
Бұл фактілердің бәрінде Сіз бен Біздің, Назарбаев дәуіріндегі биліктің де маңдай тері бар. Сондықтан да, өткенге топырақ шашпай, осы барды сақтап қалу, оны әрі қарай дамыту, құрылған мемлекеттің құрылымдық сабақтастығын үзіп алмай, эволюциялық даму жолына түсу ісін насихаттау керек сияқты.
Әрине, қазір кей жұрттың революциялық көңіл-күйінің қыз-қыз қайнап тұрғаны байқалады. Ол көңіл-күйдің салдары барды қиратып тастамаса екен деп тілеймін... Сол үшін де батыр мен бидің ұрпақтары атаның емес, мемлекеттің кебіне бас қатырса екен. Бізге алдымен қазақтың мемлекеті керек. Ал, басқасы...


Қанат Әбілқайыр
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 577    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 22.06.2020, 15:03

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31