Ол өнерге өмірімен құн төледі. Тым ауыр құн...
Өзге түгілі, өзін, өзінің ар-ұятын күнде сататын адамдар бар. Олар қоғам үшін өте қауіпті. Өкінішке қарай, мұндай адамдар шығармашылық ортада жиі кездеседі. Атаққұмарлықпен, мансапқұмарлықпен дерттенген, өзгелердің талантына тұсау, шабытына тежеу болып, аяғынан тартып, кектенген, ыза мен өкпеге толы ортада өзіңді қорғау мен сақтау оңай ма? Шын талант өзімен өзі жарысады. Өзімен өзі бәсекелеседі.
Талант та ұстараның жүзіндей өткір. Онымен есерсоқ, құркеуде, талантсыз, «жанды қуыршақтар» ғана ойнайды. Бір өкініштісі, олардың көпшілігі өмірінің соңына дейін кімнің тағдырымен, кіммен «ойнағанын» білмей кетеді. Ал талант тудырған дүниенің уақыт өткен сайын бағасы артып, жарқырай түседі.
Ол өзінің «Мені» мен «жалғыздығын» аялап, жалғыздық мұңына қамалып өмір сүрді. Күрделі һәм қиын, тартысты тіршілікте бірде жеңіп, бірде жеңіліп, бірде итжығыс түсіп, өмір сүрді.
Мен оны сахнада ойнап жүріп көз жұматын шығар деп ойлайтынмын. Кино алаңында соңғы дубльді түсіріп барып, мәңгілікке ұйықтап кететін шығар деген ой да қылаң беретін. Оған солай өлу «жарасатын». Және өзі де солай өлуді арман ететін. Бірақ, шын мәнінде, кімге қалай өлудің «жарасатынын» Алла ғана біледі...
Қасым Жәкібаевпен жақын араластым, кітабын жаздым. "Түсімде театрда жүрмін" дейтін... Ол өнерге өмірімен құн төледі. Тым ауыр құн...
Ая Мантай
Фейсбуктегі парақшасынан