"Өлсең өміреп қап" дейтін болсақ, онда ел болмағымыз қиындау болатын шығар...

04 тамыз 2021, 10:48

ШҚО Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылынан бір бауырым хабарласып, сөз арасында ауыл, мал-жан, жем-шөп жайын сөз еткенімізде: "Аға, ауылда шөп жоқ. Жайылымның бәрін байлар алып алған. Бір мәшине шөп 100 000 теңге. 1 тюк пресс шөп 1200 теңге. Шөп сататындар "Алсаң ал, алмасаң қой" деп шіреп отыр. Мал көбейіп, бағасы төмен түсіп кетті. Шөптің бағасы анау. 20 мәшине шөп алу үшін 2 млн теңгені қайдан табады. Ол үшін малдың жартысын сату керек пе сонда? Онда ауылда тұрудың не қайыры бар? Мұны реттейтін үкімет қайда?" дегенде не айтарымды білмедім.
Бұл қазақ бір-біріне жан ашу, қол ұшын созу дегенді қойған ба дейін десем, ауызды қу шөппен сүрткендей болам ғой. Халық көптеген қиындықта бір-біріне сеп болды. Әсіресе былтыр анық білінді. Соның өзінде қымыздың бағасын 2000-2500-ға жеткенін көріп, бұ қазаққа не болған деген ойда болғанымызды жасырмаймыз. Сонда ниет бұзылған ба, береке кеткен бе, дүниеқұмарлыққа салынғанбыз ба? Бұлай "Өлсең өміреп қап" дейтін болсақ, онда ел болмағымыз қиындау болатын шығар...

Еркін Шүкіман

Фейсбуктегі парақшасынан