Өмірге селқос қарайтын жандар ешкімге өкпелемесін, өйткені барлық бәле өзінен...

23 ақпан 2022, 16:49

Түсінгенім, адамның қалай өмір сүруі ең алдымен өзін жақсы көруіне байланысты екен. Яғни, өзін жақсы көретін адам жақсы өмірге ұмтылады.
Мәселе бай болуда емес, бақыт жайлы айтып тұрмын. Өйткені өзіне немқұрайлы қарайтын адамға айналасында не боп жатыр, ештеңе қызық емес, тура ұйқыдағы жан секілді әйтеуір тірі кеудесін сүйреп жүре береді. Әрине сондықтан да өзін, жан-жағын әдемілеу оңың тіпті ойына да кіріп шықпайды.
Бірде осында біреу, жаңылмасам Samat Nordman Nurtaza ау, "Кедейлер неге кір-қожалақ болып, лас өмір сүреді, тазалық сақтау үшін ақша-дүние керек емес қой?!." деп жазған болатын. Міне, соның жауабы осы, яғни өзін жақсы көрмейтін, өмірге құштарлығы жоқ адамдар кір-қоқыс, жыртық-жамау боп өмір сүре береді. Өйткені одан басқаға санасы жетпейді, неге ұмтылу керек екенін білмейді.
Бұған дәлел ретінде Павлодарда төрт баласы мауглиге айналып кеткен отбасын келтіруге болады. Өздері жап-жас, бірақ тұрмыстары тозып кеткен. Күлімсі иіс, кір-қоң, әрине ауру-сырқау да мұндай жерге үйір болады. Егерде солардың анасы саналы, өмірге құштар жан болса, мүлдем мұндай болмас еді. Мейлі тұрмысы төмен болсын, ол ең құрығанда балаларының уақытылы тамағын тауып беріп, үстін-басын бүтін ұстар еді, үлде мен бүлдеге орамаса да.
Яғни, айтпағым әдемі өмір жандүниесі әдемі, өмірді жақсы көретін адамдарға өзі-ақ келеді. Ал өмірге селқос қарайтын жандар ешкімге өкпелемесін, ешкімді күндемесін, өйткені барлық бәле өзінен. Өмірін өзгерткісі келсе, өзіне қарасын, өзін жақсы көруді үйренсін, сонда айналасы да, өмірі де дәл солай жақсы жаққа өзгереді. Әй қайдам бірақ ондайларды "қалың ұйқыдан" ояту неғайбыл-ау... Сіздер қалай ойлайсыздар?

Mариям Абсаттар

Фейсбуктегі парақшасынан