Өмірімде тұңғыш рет құрылысшы болғаныма өкіндім сол кезде
 СЫЙЛЫҚ ХИКАЯСЫ
 
Әр Жаңа Жылдың қарсаңында есімнен кетпейтін бір оқиға бар...
 
1993 жылды бітіріп, 94-ті қарсы алуға  дайындалып жүрген кезіміз еді. Жаңаөзендеміз.
 
Ол жылдардың қиындығы қазіргі адамдарға ертегі секілді ғой. Мұнайшылар қаласының өзінде жетіспеу мен жоқшылық анық көзге ұрып тұратын.
 
Мен мұнайшы емеспін, мұнай өндіруге қызмет көрсететін құрылыс мекемесіндемін. Ақша жоқ, айлық кешігеді немесе мүлде берілмейді.
 
Жаңа жыл келіп қалды. Мұнайшылар желтоқсанның 25 - 26 -нан бастап балаларына сыйлық ала бастайды.
 
Қытайский арзан пакетке қапталған, сыртына Аяз атаның суреті басылған, ұшынша тәтті.
 
Кіреберісі ортақ, ұзыннан ұзақ созылып жатқан көп қабатты үй ғой. Бала-шаға аралас-құралас өсіп жатыр. Сымбат та, Әйгерім де естерін біліп қалған кездері. Күнде жұмысқа кетерде "папа, падаркі әкелші" деп қалады. Кешке келгенде алдымнан жүгіріп шығады, падаркі жоқ, үйге кіргім келмейді.
 
Бала ғой, көршіден көреді, құрдас, достарынан көреді, "жоқ" дегенді түсіне ме?! "Ертең әкелем, жаным" деп күнде алдаймын. Гүлайша да елеңдеп күтетін сияқты.
 
Содан 28-і, әлде 29-ы келіншегіме "Гүлайша, сен үйде отырсың ғой, айтып түсіндірсейші балдарға.  Жоқ падаркі деген! Жалынып жұрттан сұрап жүрмін, бізге бермейді" дедім ренжіп. Ол да үнсіз қалды. Сымбат түсінді. Түсінді де жылап қоя берді. Әйгерім оған қосыла кетті. Ой, өзі кішкентай үй азан-қазан боп кетті. Ааал, енді жұбата алсақ-шы... Тіпті, қоймастан екі-үш сағат жылады-ау дейм.
 
Өмірімде тұңғыш рет құрылысшы болғаныма өкіндім сол кезде.
 
"Обалым жоқ, бес жыл қаңғып құрылысшының оқуын оқығанша мұнайшы болуым керек еді. Балдарыма падаркі алып, шалқып отыратын едім..." деп іштей қатты қапаландым.
 
Бірер күннен соң марқұм, көршіміз сол кезде дүрілдеп тұрған "НефтеБанк"-тің бухгалтері болып істейтін Ақшагүл апай бір сыйлық әкеліп, қыздарыма берді. Сол кездегі балдардың қуанышында шек болмады.
 
... Бес - алты жыл өткенде жағдай оңалды, құдай берді ғой.
 
Қазір корпорация басқарамын. Есепшіге "Жаңа жылдық сыйлыққа ақша аямаңдар, ең қымбатын, ең сапалысын алыңдар" деп тапсырма беремін.
 
Дүнияда Балалардың бір қуанышты сәтіне жететін ештеңе жоқ!!!
 
Келе жатқан Жыл құтты, қайырлы, берекелі Жыл болғай
 
 
 
 
Самат Мусабаев
Фейсбуктегі парақшасынан