Бірнеше күн бұрын қайнағам көлігімен ауыр жол апатына ұшырады. Он жылдан астам жүргізуші тәжірибесі мен жоғары категориясы бар, халықаралық және ұлттық компанияларда тасымал қызметінде жұмыс істеп жүрген кәсіпқой жігіт. Көлікте жеңгемізді алып кішкентай балаларымен қонақтан қайтып келе жатқан екен. Қарсы беттен шыққан көлік біресе оңға, біресе солға жүріп келіп тұмсықтан дәл соғыпты. Соғысқан көліктегі кісілердің үшеуі де сол кезде жан тапсырған. Қайынағам отбасымен тегіс аман қалғанымен бәрі ауыр жарақат алды. Бірнешеуі реанимациядан шықты. Кеше келіншегім жеті нан жасап, өз отбасымыздың амандығына шүкіршілік жасап, қарсы көліктегі қайтыс болған отбасының рухтарына дұға жасап қойдық. Асыл ағамыз отбасымен бірге төрт мүшесі түгел сау-саламат арамызға аман оралуын тілеп отырмыз.
Бұл бір қиын нәрсе болды ғой. Былай қарап тұрсаң не бұл сұмдық біздің елдегі? Жыл сайын көлік апатынан азаматтарымыз қойша қырылып жатыр. Баяғыда американ фильмдерінде көлік жүргізуші салондағылармен сөйлесіп бара жатса, үлкендердің жаны қалмай отыратын еді. «Мынау байғұс сөйлей бермей көзіне қарамай ма?» деп алаңдап отыратын. Сөйтсем мұндай алаңдау бізде ғана екен-ау... Қазақстанның бір облысында болатын апаттар шеттегі бір мемлекеттің қазасынан да көп. «Құдайдың жазғаны» деп жұбатамыз ғой. Бірақ, сол әділетті сөз бе өзі? Қазақтың құдайы соншалық қанішер қылмыскер ме еді? Басқа жақта көлігің болса, өзіңе ғана жауаптысың. Өзің түзу жүрсең, апат та сенен алыс. Қоғам заң біледі. Шетелде 12 рет емтихан тапсырып әлі куәлік ала алмай жүрген танысым бар еді. Ал бізде ше? Бізде қаншалықты тәжірибелі жүргізуші болған күннің өзінде, тек өзіңе емес қозғалыс кезіндегі айналаңда келе жатқан барлық көлікке жауапты болуға міндетсің. Олардың жүрісі мен ыңғайынан көз алмай жүруің керек. Сен ешкімге зиян болмас алғыр да тәртіпті болсаң да, жол үстінде саған зиян болар факторлар өте көп.
Басқасын білмедім, бірақ, тәуелсіздіктен бергі жүргізушілердің бәрі дерлік жүргізуші куәлігін сатып алды ғой. Жастайынан көлік құлағында ойнап, заманның реалымен солай алғандар да бар. Бірақ, өмірі көлік жүргізіп көрмегендердің бір күнде «права иесі» болғанын талай көрдік. Солардың әйтеуір бір апатын да көрдік. Өзіміз де бейкүнә емеспіз. Бірнеше рет көлік апатына ұшырадым. «Солай үйреніп кетесің!» деп ақтап алады, әйтеуір. Шынында жоғарыдағы жылына болатын он мыңдаған «құдай істері» негізі жаппай жүргізушілердің жол білімінен сауатсыздығынан екенін мойындайықшы. Бар себебі сол. Бұл саланы ретке келтірмесе, туғандарымыз жол «соғысында» қаза тапқаны тапқан.
Құрметті, ҚР Ішкі істер министрлігі / Министерство внутренних дел РК!
Мен ҚР азаматы Садық Амантайұлы Шерімбек құзырлы органдардан өзіме тиесілі BN029489 нөмірлі жүргізуші куәлігімді жарамсыз деп тануын сұраймын. Бұл куәлікті заң талаптарына қайшы жолдармен сатып алғанымды мойындаймын. Биыл тағы көлік алғым кеп отыр еді. Бірақ, жол қозғалысы саласында жеткілікті білімсіз көлік айдап, өзгелерге зиян тигізіп алғым келмейді. Алдағы жылдары білікті мамандары бар жүргізуші мектептердің бірінен арнайы білім мен тәжірибе жинап, емтиханнан адал өтіп куәлікті толыққанды заңды жолмен қайтадан аламын. Рақмет!
Өзіміз бен өзгені де аяйық! Бәрі де өзіміз. Онсыз да аз халықпыз. Өлім ғана асығыс. Қалғаны күтеді ғой. Жолда абай жүрейікші, ағайын-оу!