Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Оның ауыр зардабын болашақ ұрпақ тартатынын пайымдай алдық па?

21 желтоқсан 2017, 12:38

Қазір адамзат бұрынғыдан да ауыр жалғыздықтың, ішкі жалғыздықтың зардабын тартып жатыр. Ғаламтор желісінде отырған әрбір адам – жалғыз, бірақ ол өзін көппен бірге отырғандай алдайды. Күн сайын таныстарымен әлеуметтік желіде сөйлесіп жүргендіктен виртуалды әлемде көптен, қоғамнан алшақтай береді. Біз қазір иллюзиямен өмір сүріп жатқандаймыз. «Әлеуметтік желіде жиі хат жазған адам бізді жақсы көреді, бізді іздейді» (оның да жалғыз екенін, жалғыздықтан жапа шегіп жатқанын түсінбейміз), «әлеуметтік желі арқылы танымалдылыққа қол жеткіздік» (жасандылық пен жалғандыққа толы танымалдылық екенін, айқайлап, жаға жыртып, өлерменденіп жеткен танымалдылық екенін мойындағымыз келмейді), «әлеуметтік желіге кірмесек, таныстарым іздейді» деп өзімізді біреуге керек сезінеміз (өзімізді іздейтін адамды да, өзімізді де рухани тұрғыда дамыта алмағанымызды пайымдай алмаймыз), өзіміз білмейтін, тіпті түсінбейтін тақырыпқа да пікір қалдырамыз (әйтпесе, досың дұшпанға айналады, болмаса, білмейтін тақырыпқа араласпауға өреміз жетпейді). Милорад Павич «Пейзаж, нарисованный чаем» атты кітабында оқырманға мынандай қарапайым сұрақ қояды: «Егер адам айнадан бөлмеде ілулі тұрған сағатқа қараса, қандай уақытты көреді?». Павич: «Какой через свое стекло ты видишь меня и вижу ли я именно тебя» деп сұрайды тағы да. Біз күні бүгінге дейін бір-бірімізге «айнамыз» арқылы қарап келдік. Қазір «айнаны» ысырып тастап, бір-бірімізге тіке қарай бастап едік, бәрі шатасып кетіпті. Әлеуметтік желіде топ-топ болып, дін тақырыбында айтысып-тартысып жатқан жұрт. Құндылық пен құнсыздықтың арасын ажырата алмай, абдыраған жұрт. Қай салада да сыртқы форма мен ішкі мазмұнның арасынан үйлесімдік таппай, сана дағдарысынан шыға алмаймыз. Әркім өз мамандығын жақсы меңгермей, өзін-өзі кітап оқып, рухани тұрғыда дамытпай, тобырлық санадан арыла алмаймыз. Ал тобырлық санадан арылмай, ішкі мәдениетіміз, діни мәдениетіміз қалыптаспайды. Осыншалықты рухани құлдыраудың құны тым-тым ауыр екенін ескеріп жатырмыз ба? Бізден де оның ауыр зардабын болашақ ұрпақ тартатынын пайымдай алдық па?

Аягүл Мантай
Фейсбуктегі парақшасынан