Орыс әдебиеті біз үшін түркі әдебиетінен биік пе?

20 ақпан 2022, 20:20

Орыс әдебиетінің орнын әлем әдебиеті алмастыруы керек!

 

Мен орыс әдебиетін нашар әдебиет демеймін, ұлы шығармаларға толы әдебиет. Орыстың Толстойдай ұлы жазушысының тоқсан томын болмаса да, тоғыз томын оқыған адаммын. Бірақ неге тек орыс әдебиеті?

 

Біріншіден, Толстойды оқыған қазақ баласы неге Байронды оқымауы керек, Толстойды оқыған қазақ баласы неге Шекспирді оқымауы керек. Пушкинді оқыған қазақ баласы неге В.Скотты оқымауы керек. Айтыңдаршы әділет пе?

 

Екіншіден, орыс әдебиеті біз үшін түркі әдебиетінен биік пе? Біздің қазақ баласы өзінің тамырлас жұрты өзбек, қырғыз, түрік, татар әдебиетін неге оқымауы керек? Орыстың Пастернагынан Нобель алған түріктің Орхон Памугінің несі кем, Айтматов шығармалары мен Шоқан Уәлиханов хатқа түсірген «Манас» жырынан орыстың «Игорь жасағы туралы жыры» несімен қазаққа жақын? Жоқ, түркі әлемі – біз үшін туысқан, түбі бір әдебиет! Бірақ, біз оқымаймыз, неге?

 

Үшіншіден, дамыды деп әлем аузына қарап отырған батыс әдебиетін ше, өзімізбен діндес ислам әдебиетін ше? Әлемді технократ етіп баурап отырған жапон, кәріс әдебиетін ше? Біздің балаларымыздың оларды оқуына болмай ма?

 

Төртіншіден, көрші десек көрші, сақтанар дұшпан десек дұшпан, алпауыт десек орыстай алпауыт, не айтып, не жазғанын аңдып отыруымыз керек қытай әдебиетін де неге қазақ баласы оқып, ол ұлтты ішінен танып отырмасқа?

 

Әлде осы әлемнің ең үздігі, әдебиеттің ең озығы орыста ма? Жоқ, арыға бармай, бергі 30 жылда әдебиет саласында

 

Нобельді кімдер алғанын бір сүзіп көріңіз, жауабын табасыз.

 

Дәл сондай әлем әдебиетін қазақ баласы оқуы тиіс, сусындауы тиіс.

 

 

 

Аятжан Ахметжанұлы