Сен тұр - мен айтайын!

Өзімшілдігі тікелей өзіне, тұтастай қоғамға пайда әкелмесе, зиян шектірмейді

  • Өзімшілдігі тікелей өзіне, тұтастай қоғамға пайда әкелмесе, зиян шектірмейді

    Өзімшілдігі тікелей өзіне, тұтастай қоғамға пайда әкелмесе, зиян шектірмейді

«Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, өзеуреген өзімшілдік те соншалықты тәлім алар тәуір қасиет емес. Әсіресе, өзінікін таңсық, өзгенікін қаңсық көретін сабырсыз, сауатсыз, сауапсыз өзімшілдік дүниеқоңыздықтан туар дүрдараздықты өршітіп, қоғамда қолайсыз ахуал қалыптастырады. Бірақ біздің айтайын дегеніміз басқа өзімшілдік...
Қазақтың «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген мәтелін жұртшылық ыңғайына қарай әртүрлі мағынада қолдана береді. Біз жақсы мағынасында қолданғанды қош көріп отырмыз. Мысалы, шариғатта тілекті, дұғаны ең әуелі өзіңнен бастап, содан кейін ата-ана, отбасы, ағайын-туыс, дос-жаранға тілеу сауапты іс саналады. Немесе ұшақта отырғанда қауіпсіздік маскасын әуелі өзіңіздің тағып, содан кейін жаныңыздағы сапарласқа жәрдемдесуді ескерту – авиация саласындағы бұлжымас ереже. Неге олай? Өйткені, кім болса да өзіне ешқашан жамандық ойламайды. Өмірде өссем, өркендесем, бір нәрсе тындырсам, қатарымнан қалмасам, байысам, бақытты болсам дейді. Жаратылыс заңы солай. Әңгіме тек сол табиғи өзімшілдікті ізгілікке, ілгерілеушілікке, мағыналы мақсаткерлікке бағыттай білуде.
Психология ғылымында индивидуализм және коллективизм деген бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар бар. Әлемге белгілі Хофстед, Триандис сияқты психолог ғалымдар осы екі ұғымның ара жігін ажырату бойынша әдіс¬теме жасап, әлемнің 40-тан астам елінде сауалнама жүргізеді. Нәтижесінде, индивидуализмнің мәні – адамның жеке интеллектуалдық тәуелсіздігі, өмірде өзін өзі дәлелдеуі, дербес таңдауы, ой-пікірін айқын білдіруі тәрізді негізгі адами қасиеттерден құралатынын түйіндейді. Тіпті индивидуализм – дүниедегі барша тіршілік атаулыға ортақ сипат. Математик Лейбниц өзінің шәкірттеріне ағаштың бір-біріне дәлме-дәл келетін жапырақтарын тауып келуді тапсырыпты. Алайда, әрбір жапырақтың тек өзіне ғана тән пішіні мен сағағы болғандықтан шәкірттер тапсырманы орындау мүмкін еместігін мойындапты. Енді индивидуализмді қазақы қалыпқа салатын болсақ, әлгі өзіміз айтқан өгіз қара күші бар өзімшілдіктің құлағы қалқайып шыға келеді. Тіпті, мәніне сай мәтел іздесек, “өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін” деген ұлттық түсінікке мейлінше жақындай түсетін тәрізді. Олай болса, өзімшілдік онша жаман қасиет емес екен ғой деген пайыммен ойымызды одан әрі сабақтасақ.
Енді коллективизмге келейік. «Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт» деп жетпіс жылдай ортақ өгіздің жонын сипап, жолын тазалаған ұжымдық кезең қоғамды енжарлыққа, немқұрайдылыққа, бірсарындылыққа итермеледі. Дербес тұлғаның жаңа биіктерді бағындыруға деген мүмкіндігі, былайша айтқанда, маневры болмады. Қойшы қой бақты, диқан егін екті, токарь темір жонды. Қатардағы жұмысшы станокты қосып, өшіріп жүріп өзі де машинаның бір қосалқы бөлшегіне айналып кеткенін сезбеді. Бұған қоса, тамыр-таныстықпен диплом алып, талтаңдаған бастық болғысы келетіндердің саны артты. Көкем аман болса биікке көтереді, жәкем тұрғанда жерде қалмаймын деушілердің қатары көбейді.

Қазір ше? Капитализмнің қатал заңдылығы көкенің көмегіне көне ме? Батыс елдерінде біраздан бері «self-made man» деген ұғым кең тараған. Қазақша аударғанда «өзін өзі жасаған адам». Ұлттық ұғыммен жеткізсек, бір құдайдан басқа тірі пенденің көмегінсіз көсегесі көгерген азамат. Бұл ұғымды бастапқыда Американың мемлекет қайраткері Бенджамин Франклин енгізген деген сөз бар. Адамның ішкі жан дүниесі мен сентиментализміне онша қызықпайтын Франклин негізінен, нақты тұлғаның өмірдегі әрбір іс-әрекетін, қиындықты жеңе білу тәсілін, нәтижелерге қол жеткізу жолдарын көбірек зерделеген. Тірлігін таза парақтан бастап, бүгінде байлығымен барша әлемді таңғалдырған Генри Форд, Билл Гейтс, Стив Джобс сияқты миллиардерлер осы «self-made man» тізімінің алдында тұрған алғырлар. Шығармашылық жағына келсек, әскери инженерден ұлы жазушыға айналған Федор Достаевскийдің тағдыры да осы тізімді толықтыра түспек.
Сонымен, self-made философиясы адамның ешкімнің ықпалына жығылмай өз өміріне толықтай жауапкершілік алу, көлденең кедергілерді жеңіп, нақты мақсатқа қол жеткізу нәтижесімен өлшенеді. Күнін босқа өткізіп, самайын күнге ағартатын тоғышарлар self-made адам үшін бітіспес жау. Self-made man уақыттың сұранысында болу үшін күнделікті танымдық ақпараттың орасан ағынын өзінің зердесі арқылы өткізеді. Айталық, ол тіс дәрігерінің кезегінде отырып, уақытын өлтірмей ғылыми журналдарды парақтайды, кептелістерде танымдық аудио кітап тыңдайды, қолы қалт етсе түрлі тренингтер мен семинарларға, курстарға барып біліктілігін арттырады. Яки, өзімшілдігі тікелей өзіне, дос-жаранына, тұтастай қоғамға пайда әкелмесе, зиян шектірмейді. Түптеп келгенде, бүгінгі заманның игілігі мен жемісін көретіндер де осы self-made man немесе Абайша айтқанда «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген қағидатты ұстанатын «өзімшілдер» болмақ.
Ораза қабыл болып, құдайдың сүйікті құлдарының қатарынан болуға нәсіп етсін!

 

Куат Бораш
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 674    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 18.05.2020, 11:01

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30