Сен тұр - мен айтайын!

Сен де бір кездері тұлымшағы желбіреген, нәзік қыз болған шығарсың...

  • Сен де бір кездері тұлымшағы желбіреген, нәзік қыз болған шығарсың...

    Сен де бір кездері тұлымшағы желбіреген, нәзік қыз болған шығарсың...

Автобуста келе жатырмын. Қарама-қарсымда ет жеңді, майы киген шалбарынан ашыған нандай төгілген,  ісінген қабағы көздерін жауып кеткен, екі ұрты салбырап, беті тотығып, әбден күн қаққан қап-қара келіншек отыр екен.

Қарап отырып жаным ашып кетті. Жүрек түкіпірімнен аяушылық сезімі оянып, бойыма баяу тарады да ана әйелге аянышты, қамқор көңілмен қарадым.

"Сен де бір кездері тұлымшағы желбіреген, нәзік қыз болған шығарсың, ә. Шашыңды екі жаққа өріп, секеңдеп ойнаған шығарсың.

Көбелек қуып, шаттанып айқайлап күлген шығарсың.

Әкеңнің мойнына асылып еркелеген шығарсың. Әкең сені "қоңыр қозым" деп еркелетіп, мойнына салып көтерген шығар.

Сосын сен де бойжетіп, сылаңдаған шығарсың. Ғашық жігітіңе наздана қарап, еркелеген шығарсың...

Әжімсіз сұлу жүзіңе қарап, өз-өзіңе сүйсіне қараған шығарсың.

Сенің де асқақ, тәтті армандарың болған шығар...Бір кездері осы алып шахар Алматыға сол армандарыңды арқалап келген шығарсың, ә?!" дееееп, оның қыз кезінде қандай болғанын көз алдыма елестетіп, автобуспен бірге тербелдім.

 

Сосын "еее, бұндай күйге қалай түстің екен? Тағдырың қиын болды ма екен? Мұндай күйге түсірген тағдыр неткен қатал едің" деп, бір күрсіндім.

Әйнектен сыртқа көз тастап, сап-сары түске оранған әлемге бір қарап қойдым. Жүрегім сазып ауырғандай болды. Жүрегімді сағынышқа ұқсас бір сезім сыздатып өтті.

 

Бір кезде автобус кенеттен тоқтады да, шопыр бала алдын кесіп өткен біреуге әйнектен басып шығарып ұрсып жатты. Мен де ұйқыдан селт етіп оянғандай бойымды тіктеп отырдым.

 

Осы кезде бағанағы сезімдерім пыыыр етіп ұшып, орнына тәкаппар бір сезім келе қалды. "Хммм" дедім ернімді сылп еткізіп "Біреуге несіне жаның ашып отыр. Өзіңе қарасай. Ол келе жатқан автобуста сен де келе жатырсың ғой.

Жарайды, оған қарағанда түр-өңің келісті шығар. Бірақ қайдан білесің. Ол сен ойлағандай тыыым бақытсыз емес шығар. Алдына келген тамақты жей берсе бөшкедей болмағанда.

Әйел сұлулығын сақтай алмаса, өзі кінәлі. Сенің де оңып жүргенің шамалы. Әйтпесе жұрттың қатындары құсап машина мініп жүрсең, астыңнан түсіп қала ма?

Екі жыл бойы адамдарды малша тиеген  автобуста да жүрдің ғой біреудің сасық қолтығын иіскеп.

Анау джип мініп кетіп бара жатқан сұлу келіншек қайта саған жаны ашып, "автобустағы адамдар бақытсыз шығар, ә" деп кетіп бара жатқан шығар аяп. Сен де бір...Жұртта нең бар, өзіңді ойла" деген сұмақай ойлар намысымды жанып өтті.

 

Бір кезде өзімді сұмдық аяп кеттім.  Өзімнің  осы уақытқа дейін күресіп, тайталасып келе жатқан сүреңсіз өмірім көз алдыма келе қалды...Сосын жүзімді суытып, терезеден айналама суық көзқараспен қарап, меңірейе қалдым. Орындықтан жерге сусып түскен плащымның етегін қолмен сілкіп қақтым да, астыма басып, жағамды көтеріп, ана әйелге тәккапарлана қарадым.

 

Гүлжан Амангелдіқызы

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 2354    Пікірлер: 0

бейсенбі, 22.10.2020, 08:12

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    8 Қараша, 13:13
    Қыз баланың қадірі
    30 Қазан, 08:53
    АНАМ КІМГЕ КЕРЕК?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30