Сен тұр - мен айтайын!

Шағын шаһардың алапат мұңын естіңдер, алыстағы әкімқаралар!

  • Шағын шаһардың алапат мұңын естіңдер, алыстағы әкімқаралар!

    Шағын шаһардың алапат мұңын естіңдер, алыстағы әкімқаралар!

Орал қаласы көптеген шенеунік үшін "әлеуметтік лифт" болуда. Көбі келеді де астана құзырына, министрлік деңгейіне әп-әдемі көтеріліп кетеді. Сан сенатор мен біраз депутат Парламент қабырғасынан көрініп жүр.

Атқамінерлер арқасына тіреу, таянғанда сүйеу болған Орал қаласын ұмытпаса екен. Түймедей болып келіп (өсіп), түйедей боп шықтыңдар. БҚО - бюджеттен ақша сұрайтын облыстардың бірі. Табиғаты сұлу, жасыл қаласы бар деп мақтаған өңіріміздің қат-қабат мәселесі де шаш-етектен.

Меніңше, біздің облыс әлі күнге шеше алмай отырған қордаланған проблемалар мыналар:

1. Автожол сапасы әлі күнге өзекті. Республикалық маңыздағы Орал-Чапаев-Казталовка-Жәнібек-Сайқын бағытындағы күре жолды жөндеу қарқыны баяу. Беталысы былтырғыдай болса, 2021 жылы - межелі мерзімде аяқтала қоймас. Ал ауыл-аймақ арасын қосатын жолдардың жағдайын тілге тиек етпей-ақ қояйық. Аудан орталығынан 200 км қашықтықта жатқан ауылдар бар.

2. Тұрмыстық қалдықтар полигондары Орал мен Ақсай қалаларының, күл-қоқыс үйінділері ауылдардың, мұнай өнімдері кейбір елді мекендердің "бас ауруына" айналып отыр. Облыс орталығындағы Зачаганск кентінің қасындағы қалдықтар жыл сайын өртеніп, тұрғындарды зәрезап қылып бітті. Жәнібек ауданы Ақоба ауылындағы күл-қоқыс шаруашылық үшін қазылған су каналының іргесінде шашылып жатыр. Оған бола, бас қатырған ешкім жоқ. Жаздыкүні балалар сонда суға түсіп, жайылымнан келген мал атаулы шөл қандырады.

3. Ресеймен шекаралас аймақтағы ауыл халқы сиреп барады. Оларды әлеуметтік нысандар мен бюджеттік мекемелердегі жұмыс орындары ғана ұстап тұр. Әсіресе, мектептер. Интернеті жоқ, фонармен отырған ауылдар да бар. Оларға онлайн курс, видео конференция деген дүние таңсық. Қазақ баласына жағдай жасалса, көңілі көп нәрсеге алаңдай қоймайды. Мектеп сияқты мекемелерін тарқатса, ұлт стратегиясын ойсыратудан басқа ештеңе жоқ.

4. Импорт тасқынында отырған өңірлердің біріміз. Бұған жеткілікті дәрежеде жауап қайтарып жатырмыз дей алмаймын. Мал шаруашылығымен отырған соң, көрші елдерге мал етін экспорттаумен келеміз. Естіп-білуімше, қазіргі кезде мал экспортын тоқтатты. Оған ішкі нарықта, базарлар сөрелерінде еттің түгесілуі себеп болды дейді. Біздегі ет саудасымен айналысатын бір шаруа жігіт те осылай деп сыбырлап айтқан. Бір қызығы, шаруалар малы Атырау, Маңғыстау, көрші Ресей облыстарына өтімді. Ат сабылтып, Қызылорда жақтан да ап келеді. Облыстағы ет-сүт өнімдері қойылатын жәрмеңкелерде баға аса арзан бола қоймайтынын көбі біледі. "Шамның сәулесі түбіне түспейді", қысқасы. Әлеуметтік салалар бойынша еңбекақы мөлшері көбейеді десе, екінші күні азық-түлік, киім-кешек бағасы шарықтап сала береді. Анааау түкпірдегі ауыл тұрғындары 3-4 есе қымбат сомға қытайдың олпы-солпы киімдерін дүкендерін қарызданып-қауғаланып сатып алуға мәжбүр.

5. Денсаулық саласы. О-го. Бұл сала түгелімен сырқат. Денсаулықтың өзін сауықтырып алуымыз керек. Мамандар келеді-кетеді. Емханаларда учаскелік дәрігерлеріміз ай сайын өзгеріп отырады. Тіпті, танымаған күйі кетеміз. Облыс халқының біразы Ресейге ағылып, солардың мамандарына жолығады. Солардың медицинасын мақтап келеді. Қалтасындағы бар ақшасын төлеп кетеді. БҚО-да диагнозын анықтай алмай, қаншама науқас жүр. Жақында ауылымыздың жап-жас жігіті белгісіз дерттен көз жұмды. Жергілікті медицина мамандары оның ауруына қатысты "ләм-мим" дей алмады. Керемет, жарқылдап тұрған бала еді.

P. S. Осы денсаулық саласын басқаруға біраз шенеунік "стаж жинау" үшін келеді. Баспалдақ ретінде ғана. Білікті шығар. Бірақ бір-екі жылда нені жүзеге асыра алады? Сондықтан Нұр-Сұлтаннан келген шенеуніктер мен депутаттар Оралдағы 3-4 кәсіпорынды аралай бермей, проблемалы жерге барыңыздаршы. Ол кәсіпорындардың жайын, "қуатты өндіріс аймағы" екенін жаттап алатын уақыт болды. Ауданға барса жүзі таныс қарттар, мекеме ұжымдары, актив өкілдері қарсылап алады. Одан да төбеті ғана маңқ етіп, тыныш жатқан ауылға, жер сұраған шаруаларға жолығып, мәселе сұраңыздаршы.

Оралым, қайран Оралым?! Қанша азаматқа қанат бітірдің. Ақорда мен министрлер корпусына үкілеп жібердің. Шағын шаһардың алапат мұңын естіңдер, алыстағы әкімқаралар ! 
Сендерді санауға саусақ жетпейді. Бизнестерің гүлдеп жатыр, білетіндер түгендеп жатыр. Уәделеріңе сенген Ақ Жайықтағы ел әлі күнге елеңдеп жатыр.

Нұртай Текебаев
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 574    Пікірлер: 0

сейсенбі, 28.01.2020, 10:52

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30