Ішетін тамағың өзге елден келсе, онда саяси салмағың да азырақ болады

20 қараша 2020, 10:25

Жақында Әзербайжанға барып келдім. Елі кішкентай, бір өзін 11 климаттық белдеу басып өтетін ерекшелігі бар екен. Кездескендер солай деді. Жері кішкентай, мал шаруашылығына қолайлы дей алмас едім. Өйткені тау мен тас. Алайда қой еті сұраныста екен.
Қанша мейрамханасына, асханасына барсақ та жергілікті жердің өнімдері. 100%. Анар, жүзім, алма, зәйтүнге дейін өседі. Жергілікті жүзімнен жасалған шараптары да сұраныста көрінеді. Жыл он екі ай жеміс-жидек өзімізден дейді. Басқа Еуропа елдеріне де саудалайтын көрінеді. Жалпы жеміс саудасынан Әзербайжан 2019 жылы 455 млн доллар пайда тапқан. Елде 3000-нан астам жылыжай кешені бар. Кішкентай ғана, біздің бір облыстан кіші Әзербайжанда 3 мыңнан астам жылыжай, керемет қой.
Түркияның жағдайы да тура сондай. Жеміс-жидекпен өздерін қамтамасыз етіп отыр. Түркия жылына 16 млрд доллардан көп қаржыға жеміс-жидек саудалайды. Бір ғана жаңғақ пен қызанақ, қияр сатудан жылына 3 млрд доллар пайда табады екен.
Біреуінің халқы 10 млн, енді бірі 80 млн. Біреуі бізден екі есе аз, енді бірі бізден 4 есе көп. Яғни «біз азбыз» немесе «біз көппіз» деп ақтала алмайсың.
Көктемдегі жағдайды білесіздер. Пандемияның кесірінен оңтүстікте біраз диқан зардап шекті. Орамжапырақтың тонналап бүлінгенін көрдік. Оның артында қанша шаруаның еңбегі, қаржысы, ұйқысыз түндері жатыр.
Бізге азық-түлік қауіпсіздігі деген мәселені шешіп алу өткір тұр. Ішетін тамағың өзге елден келсе, онда саяси салмағың да азырақ болады. Әзербайжандағы сияқты жеміс-жидекті аймақтарға жеткізу, оны түрлі өнімге айналдыру (тосап, салат және т.б) жүйелі түрде іске асса дұрыс. Ауыл партиясы осы мәселені де өз бағдарламаларына қосып қойса және оны сайлауалды үгітке енгізсе дұрыс болар еді. Әр аймақта жеміс-жидекті өндіру, өңдеу бойынша арнайы кәсіпорындар ашылса, мемлекет жұмысын қадағалап, жеңілдіктер жасаса деген сыңайлы. Бір ғана дүниені түсіну керек, барлық өндіріс құлдырап, дағдарысқа ұшыраса да, әлемде тек тамақ өндірісі ғана дами береді. Қаншалықты осыны тез түсініп, әрекет етсек, соншалықты тез азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп аламыз.

Асхат Қасенғали

Фейсбуктегі парақшасынан