Шын қалауына қол созбаған адам оған қол жеткізгенде қор қылуы мүмкін

21 қазан 2019, 10:53

Қызылордадан демалысқа әрі өзін жетілдіруге құрбым келген. Көптен көріспегенбіз. Келгелі әңгімеміз таусылатын емес, жұмысымыз ыңғайланса болғаны, бірге уақыт өткізуге тырысамыз. Демалыс күндері болып тұратын жәрмеңкені жағалаймын ғой, сол әдетіммен құрбымды да анау-мынау алуға ертіп бардым. Өзі де баруды қалады. Өйткені жұмыс күндері жеміс-жидек сататын дүңгіршекке жолымыз түсе қоймған, ал ол қанша күннен бері банан жегісі келіп жүрді. Болады ғой кейде, аңсайсың. Солай болар дедім. Жұма күні кешке кіреберісте көрші баланың қолындағы бананын көріп қалдық. Құрбым: «Ой, көзді қызықтырмай, тезірек жеп қойшы», деп күлді. Өзімнің де жегім келіп кетті. Сонда барып: «Е, ертең сені жәрмеңкеге ертіп барайыншы. Қалағаныңды таңдап жүріп аласың», дедім. Сөйтіп жеттік. Бір бананға барып, бір сөмкені толтырып қайттық. Содан бері қанша рет тамақтандық, түстендік, кешкі ас, таңы тамақ. Үш мезгі тамақтанумен тағы бір күн өтті. Бірақ банан есімізге түсе қоймады. Бүгін ғана кешқұрым бір апта бойы сағынып жеткен жемісті жеуге асықпағанымызға «қалай, ә?!» деп бір бас шайқадым.
Барлығымызда бар жайт. Байқайсыз ба, біздің бананға ғана емес, өміріміздегі кей өлшемді бақытқа қатысты жағдайларға туралы солай әрекет етеміз. Біреуде бар бақыт, бәрінен керемет көрінеді. «Әлдекімнің қолында қызмет бар екен, енді біреу көлік сатып алыпты, анау танысымыз қос диплом алыпты, түгенше деген пәлен атақты иемденіпті» деп жалғаса береді. Мен де солай болсам... Соған жеткенше асығамыз, аптығамыз. Жеткенде аса бір қымбат құны да қалмайды. Неге? Себебі шын қалау басында-ақ бұл болмаған. Тек өзгенің қолында болғаны ғана қызықтырды. Шын қалауына қол созбаған адам онысын қол жеткізгенде бағаламау былай тұрсын, қор қылуы да мүмкін.
Осы ойға себепші болған құрбым саябақтағы тамаша табиғатты көргенде: «Шіркін, мына жерге төсенішті төсеп алып сырласыңмен әңгіме құрып жатсаң! Өмірде ғажап нәрсенің бәрі тегін, иә?!», деп еді. Сол айтқандай, жаныңның қалауын білу үшін жүрекпен сырласып, өзгенің өміріне емес, өз ішіңе бір уақ үңіліп тұру да тегін.

Айдана Шотбайқызы
Фейсбуктегі парақшасынан