Сірә, мен сияқты пақырлардың кәдесіне жарап жүрген "доставщик" сүйретпе болса керек
 Мына суретті көріп бір оқиға есіме түсіп отқаны. Бос отырғанша жаза салайын. Сіздер де бос отырғанша, оқи салыңыздар)
⠀
 
 
Студенттік шақ. Енді-енді намаз бастаған кезім. Қаладағы орталық мешітке тек арасында жұмаға ғана барамын. Түскі ауысымда оқығасын барып-келу қиын-тын.
⠀
Содан бір күні тегін кино болып жатыр дегесін, кешкілік кинотеатрға бардым. Ақшам уақыты кіріп, намазды мешіттен оқымаққа ұйғардым.
⠀
Айтпақшы, мына жағдайды айтуды ұмытып барамын. Содан үш-төрт күн бұрын екі стипендиямды жинақтап су жаңа Reebok кроссовка сатып алдым. Өзі жеңі ашылған ухтидің білегіндей аппақ, шыттай енді. Әпкеме  барып мақтанып көрсетіп кеттім.
⠀
Содан мешіт кіре берісінде екі жігіт отырған, амандастым да залға өттім. Білетін Ықылас пен Кәусарымды зуылдатып, бес минутқа жетер-жетпес уақытта намазымды тәмамдап шықсам, сникерсім ұшты-күйлі жоқ. Ана сөрені бір қараймын, мына сөрені бір тексерем, шынымен жоқ. Бір антұрған киіп кеткенін түсіндім.
⠀
"Мешіттен жоқ сұрауға болмайды" дегенді оқып алғаным бар еді, не істерімді білмей састым. Кетейін десем аяқ-киім жоқ, кетпейін десем кету керек. Содан ақырындап сол жерде жүргендерден сұрай бастадым. Сөйтсем, мен пақыр жалғыз емес екем.
⠀
"Ана кісіні көрдің бе, сол бүгіндікке мешітте отыр, себебі, оның да аяқ киімін ұрлап кеткен" - дейді бір кісі, - өткен қыста менің де бәтіңкемді ұрлап үйге жалаң  аяқ қайтқаным бар, - деді сөзін жалғастырып.
⠀
Сөйтіп тұрғанымда мешіт қызметкері түрі 80-дегі шалдың бетіндей мыжырылған, сіресі әбден басылып, өкшесінің түгі қалмаған өлшемі шамамен 43-44 болатын бір сүйретпе тауып берді. Таңдайтын шама бар ма, қуана киіп алдым.
⠀
- Ертең әкеліп тастарсың, - деді бірақ. Сірә, мен сияқты пақырлардың кәдесіне жарап жүрген доставщик сүйретпе болса керек. Содан автобуста бетім қызарып, жатақхана зорға жеттім.
⠀
Қызығы, менің намаз оқитынымды туысқандарым білмейтін. Кеше мақтанып көрсетіп кеткен әпкеме енді не айтамын? Амал жоқ, қалған ақшама базардан қайта Rebook сатып алуға тура келді. Бұл жолы арзанын.
⠀
Содан кроссовкамды әркез мешітке барған сайын рюкзагыма салып алатын болдым. Бір күні есімнен шығып, шешіп сөреге тастап кетіппін. Сабақ біткенше кроссовкамның амандығын тілеп, ішім удай ашып отырды. Құдайға шүкір, аман сау екен)7
 
 
 
 Жұматайқызы Айли
Фуйсбуктегі парақшасынан