Талайдың жүйкесін тоздырып бітті

05 қазан 2022, 14:01

2009 жылы Алматыдан Астанаға өз көлігіммен он сағатта жетіп бардым. Балқашқа барып бір аялдағаным болмаса, жол-жөнекей тоқтағам жоқ.

 

Өткенде жұмыстағы жігіттермен бәстесіп, елордаға қазір де он сағатта жете аламын деп 100 мың теңгемнен қағылып қала жаздадым. Сөйтсем екі ірі қала арасындағы жол қазір быт-шыт екен ғой. Жеңіл көлікпен 16-18 сағат жүреді екенсің.

 

Сағызша созылған жол құрылысы әлі бітпеген. Тым баяу жүріп жатыр. Талайдың жүйкесін тоздырып бітті.

 

Көлігінің салдыр-салағы шығып, екі ортада сағаттап жол жүретін жүргізушілердің жанайқайы Президенттің құлағына жеткен екен. Бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Бурылбайтал жолын келесі жылға дейін аяқтауды тапсырды.

 

Өйткені бұл күре жол оңтүстік пен орталықты байланыстыратын көлік дәлізі болуы тиіс.

 

Сондай-ақ Қарағанды мен Жезқазғанның арасындағы 500 шақырым жолды жөндеуді де Үкіметке тапсырды.

 

Бұл жоба жүзеге асса жаңа құрылған Ұлытау ауданының дамуына, жүк тасымалының артуына ықпал етіп, қарапайым тұрғындардың қарым-қатынасын жеңілдетеді.

 

Ауқымды құрылыс келесі жылы басталуы тиіс. 

 

Алматы мен Астанаың арасындағы жол жөнделсе, келесі жазда бала-шағамды салып алып, NEW Elantraммен  Бурабайға барамын бұйырса...

 

 

Диас Нұрақын

Фейсбуктегі парақшасынан