Тиранның суретін көтеріп шығу қырылған қазақтың рухына құрметсіздік, сатқындық қой

11 мамыр 2022, 09:13

Сталин мен Берияның суретін алып шығып, суретке түсіп жатқан қазақтарды "қазақ" деп атауға болмас. Түрі, сипаты қазақ болар, жаны, ішкі дүниесі қазақ емес-ау.

Миллиондаған қазақты аштықтан қырып, миллиондаған қазақты босқын етіп, малын тартып алып, тәркілеп, байын атып, зиялысын асып, тып-типыл жойып, қазақ даласын үлкен лагерьге айналдырып, артынша тірі қалған азын-аулақ еркек кіндіктіні соғысқа айдап, ХХ ғасырға ең үлкен ұлт болып кірген халықты ең аз ұлттың біріне айналдырып жіберген тираннің суретін көтеріп шығу сол зұлмат жылдары қырылған қазақтың рухына құрметсіздік, сатқындық қой. Рухына түкірумен бірдей ғой.

Ал Берия ше? Ол оңбаған саяси қудалауды ұйымдастырушылардың бірі, қазақтың қырылған қаймағының басында тұрғандардың бірегейі, кейін КСРО-да атом бағдарламасын басқарушы болды. Алғаш рет КСРО-дағы атом Қазақ даласында жарылды, оған да Берияның үлесі зор. 40 жыл қазақтың басына 500 атомды жарып, қазақты көртышқан іспеттес сынаққа салды. Радиациядан мүгедек болды, әлі күнге дейін обыр ауруы бойынша көш басындағы елдің біріміз. Сонда осындай қайғы мен қасіретке себепкер қанішердің суретін көтеріп шығу нағыз ұлтқа деген қиянат қой. Оған жол бергендерді де, әкімдікті де (қаладағы бар шараға сол жауапты), ішкі саясат басқармасын да (идеология ғой) түсіне алмадым.

Жыр болған георгий лентасы ше? Орталық Азияны отар еткен басқыншы әскерге берілген еді заманында. Оны тағып шығу "сендер отар, бодан болғансыңдар" дегені ғой.

Қорыта айтқанда идеология жоқ, нөл. Бұл жайлы айтса, жазса "ойбай үндеме, солтүстікке қара, толеранттылық, анау-мынау" дейді. Бұндай толеранттылық тәуелсіздікті шайқалтпаса болғаны!

Асхат Қасенғали

Фейсбуктегі парақшасынан