Түріктің туристік компаниялары білсе бұл аймақты туристік зонаға айналдырып жіберер еді

05 желтоқсан 2020, 00:00

"Көшпенділер" фильмін түсіргенде осындай ежелгі жасанды қалашық салыпты. Сол қазір Қапшағай маңында қаңырап тұр екен. Туристер барып сол жерде суретке түседі екен. Бұны көрген қазақтың бір дарынды ұлы Айсұлтан Сейітов "ойпырмай мынау қамал керемет екен" деп сол жерде әйгілі "Медина" клипін түсіріпті. Қазір қаңырап тұр.
Осындай қалашықтарды климаты 9 ай жаз болатын Шымкент - Түркістан өңіріне салып туристер тартса болады екен.
Жалпы Шым өңірі "мен мұндалап" тұрған нағыз туристік өңір ғой. Ол аймақ тарихы тұнған мекен.
Отырар, Сайрам, Созақ, Түркістан...
Түркістан демекші... Келешекте түркішілдік тренд болады.
Біздің этно - фольклорлық "Ер Тұран","Хассақ" деген топтар түркі елдеріне барып концерт берсе аналар кәдімгідей қырылып талып қалады. "Ер Тұранның" "Түрік қаны" деген туындысы әлдеқашан түркі халықтарының әскери әнұранына айналып кеткен. Бұл әлемде түркішілдікке деген сұраныс зор.
Жақында түркітанушы түрік профессоры Ахмет Ташағыл "біз енді түркішілдікке бет бұрып түркі боп жатырмыз" деді. Ол рас.
Түркияның әскери министрі - Хулуси Акар таяуда елге келіп тебіреніп кетті. "Мен атажұртқа келдім" деді.
Әлемде 200 - 250 млн түркі халқы бар екен. Олардың бәрі Түркістан өңірін атажұрт санап солай елжіреп келеді. Сонда бізде оларға көрсететін бір кесене мен тайқазаннан басқа дәнеңе де жоқ екен.
Осы Шымкент - Түркістанмен бір географиялық белдеуде жатқан Гүржістан еліне турист тарту үшін жас Саакашвили тау тас жағалап тарихи қамалдар салып әбігер бопты бір кезде. Сонда ол қамалдарға өтірік тарих жазып турист тартады екен. Оның сол еңбегі ақталып, бүгінде Грузия туристік елге айналды.
Ал мына біздің күнгей өңір онсыз да небір тарихи оқиғаларды бауырына басып жатқан өңір. Тек соны сөйлете білсеңіз болғаны..
Түріктің туристік компаниялары бұны білсе баяғыда майын шығарып бұл аймақты туристік зонаға айналдырып жіберер еді.
Біздің күнгей өңірге осындай этно ауылдар мен жасанды қалашықтар салуға болады екен. Қалашықтарға манекенмен адамдар салып оның тұрмысын бейнелеп тірілтсеңіз оның әсері тіпті сұмдық болмақ.
"Мынау ауыл ежелгі түркі бүркітшілерінің ауылы".
" Мынау қала - ежелгі Сайрамның, Созақтың жасанды қаласы".
"Ал мына ауыл - жылқышылар ауылы, қымыз, ат, бәйге, ет бәрі осында".
"Ал мына ауыл - көне түркі этно ауылы".
"Ал мына жер - этно базар. Бұл базарда түркінің аспабы қобыздан бастап, шапан, сувенир бәрі сатылады".
"Ал мына далада түркі балбал тастарымен көне жәдігерлеріміздің көшірмесі жатыр...
"Мына жерде әр кеш сайын түркінің дәстүрлі әндері өтетін концерт болады, бүгін кешке мұнда Алматыдан "Ер Тұран" келмек, уууу!! ".
"Ал мынау Отырар қаласы, Шыңғыс пен Хорезмшаһтың шайқасы болған тарихи жер, қиян кескі шайқастың кезін тамашалаңыздар".
"Тағы музей - көрмеміз өз алдына".. дегендей... Тағысын тағы.....
"Неден бастайсыз, атқа мінесіз бе, такси, автобус аласыз ба?"...
Тағы креативті жастар бұл теманы іліп әкетіп небір жаңа бастамалар көтерер еді.
Ретін тапсаңыз осы аймақты осылай гүлдендіріп туризм орталығына айналдырып жіберуге болады екен.
Ал пайдасы оның көл - көсір. Милиардтаған туризмнен түсетін қаражат, жүз мыңдаған жұмыс орындары. Нағыз туристік зона.
Кейін ол зонаға "Тұрания" немесе "Түркістан" деп пе... бір атауын қойып түркі халықтарымен шетелдіктер арасына кеңінен насихаттап жіберсе, туристер миллиондап ағылар еді...
Жалпы, Шымкент - Түркістан өңірі өз потенциалын ашпай жатқан нағыз туристік өңір. Мен сол аймаққа қызығамын...

Олжас Әбіл

Фейсбуктегі парақшасынан