Бәріміз барар жерімізді білеміз. Өлімге беттеп бара жатырмыз. Сол өлімге аман-есен жетсек деп, аяқтың ұшымен жүру қандай аянышты...
Сап-сау адам да өліп қалуы мүмкін, ауру адам да тірі жүре беруі мүмкін. Мәселе онда емес. Мәселе бір күн болса да мағыналы өмір сүруде. Есенғали ағайдың, Бейсен ағаның өлімі мені ойландыратын. Есенғали Раушанов 63 жасында қайтты. 63 жас деген көп те емес, аз да емес. Пайғамбар жасы деп жатады. Бірақ ол кісі "ақыры өлеміз ғой" деп өмір сүрген жоқ. Бейсен аға кетіп бара жатқанын біліп жүрді. Торғын да... Бірақ соңғы күнге дейін өмірінен мазмұн жоғалтқан жоқ. Айтайын дегенім, өмірдің ұзақтығы маңызды емес, мазмұны маңызды екен. Торғынмен мессенджерде жазысқан хаттарды оқысам "Уақыт маған қарсы жұмыс істейді ғой" депті. Негізі, уақыт бәрімізге де қарсы жұмыс істейді. Бірақ оны ұғатын біз бе? Мәңгі жүретіндей ойлаймыз. Ғалам деңгейінде алып қарасақ біз бір молекула сындымыз. Сындымыз емес, молекуламыз. Бірақ ірітетін, сасытатын молекула емес, өмір беретін, гүлдендіретін молекула бола алсақ жақсы болар еді. Ғаламның дәл өзіндей кең болуға да, "боқ көтерген боқтың қабы" болуға да болады. Ол әркімнің өз қолында. Іштарлықты, бүгінгі бес тиындық пайданы ойлағанды қойсақ қой. Осы сәтте әлдекімнен асып түсіп, сорлы эгомызды сәттік шаттыққа бөлегенге риза болғанды қойсақ қой. Бұл утопия, түсінем. Адамның бәрі бірдей болуы мүмкін емес және қажет те емес.
Әшейін... Тука айтпақшы, "Мен не істеп жүрмін осы?)))) " деп бір сәт ойланып кетіппін. Жаңбырдың астында қалғанда жылағаның білінбей қалады. Жаңбыр жауып кетті ғой...
facebook.com парақшасынан