Арқада алғашқы қар жауып, аяздың нышаны біліне бастады. Мұндайда, әккі мал ұрылары кәріне мінеді. 90-жылдардың ортасында бір тергеуші мал ұрлаған жас жігітті тергеп отыр дейді:
-Мал ұрлағаныңды мойындайсың ба?
-Мойындаймын.
-Неше басты мал, төрт түліктің қай түрінен ұрладың?
-Бар болғаны, бір сиыр ғана.
-Не мақсатпен?
-Жұмыс жоқ, бала-шағам аш-жалаңаш...
-Ой, ақымақ! Адам жылғыз сиыр ұрлай ма екен. Ұрлаған соң кемінде төртеуін қатар алмайсың ба? Енді, сотталасың, бітті!
-Неге?
-Жалғыз сиыр ұрлағаның үшін сотталасың! Егер сен 4 сиыр ұрласаң, біреуін маған, енді бірін прокурорға, үшіншісін судьяға бересің де, бірін өзіңе қалдырар едің. Өйткен жағдайда біз сені баяғыда босата салар едік. Енді, еш амалымыз жоқ, сені соттаймыз.
Жарайды, мұны анекдот делік. Ал, енді болған оқиғаға келейік.
Ауылда тұратын менің бір құрдасымның 7 қойы болған екен. Бір күні таңертең қорасына барса, 5 қойын ұрылар үптеп кетіпті. Дереу ауданнан жедел іздестіру тобын шақырады. Сау етіп 5-6 жігіт жетеді. Құрдасым оларды үйіне жайғастырып, қорада қалған 2 қойдың бірін алып ұрып сояды да, бәйбішесі қазан көтереді. Ет жеп сорпа ішіп алған соң әлгі жігіттер "іздеп табамыз" десіп кетеді. Бір ай өткен соң учаскебойға хабарласады. Ол аудандық құқық қорғау орындарынан тағы бір топ әріптестерін ертіп үйге келеді. Как раз обед кезі. Қалған жалғыз қойды бауыздап жіберіп тағы да ет асып әлгілерді қонақ қылады. Етке тойған жігіттердің бәрі бір дауыспен "5 қойыңызды табамыз" десіп кетеді.
Содан бері 5 ай өтіпті. Бірақ, қорадан ұрлатқан 5 қойы ұшты-күйлі жоқ. Өз қолымен сойып асып берген 2 қойынан да қайтарым болмапты. Өткен жылы әлгі құрдасым қалаға көшіп келіп еді, қазір такси айдап жүр.
Қуандық Шамахайұлы
Фейсбуктегі парақшасынан