50 жылдан астам ұйықтамағанадам...

50 жылдан астам ұйықтамағанадам...

Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, жер бетіндегі барлық тіршілік иесі ұйықтайды екен. Жан-жануардың бәрі де осы құбылысқа тәуелді. Тіпті балықтың өзі көзін жұмбаса да бірер мезет мызғып алатын көрінеді.

Ұйқының ұзақ-қысқалығы, өзге де ерекшеліктері көптеген жағдайларға байланысты. Адамдардың ұйықтау мәнерін мұқият бақылаған мамандар оларды түнде және күндіз ұйықтағанды қалайтындар деп екі топқа жатқызады. Әрине, адамдардың көпшілігі жастыққа түнде бас қояды. Дегенмен атар таңды көз ілмей қарсы алғанды ұнататын «жарқанаттар» да арамызда жоқ емес.

Олар үшін таңертең ерте ұйқыдан оянудан өткен азап жоқ. Бұл ерекшеліктер адамның бойына туа бітті қонады және оны өзгерту тіптен мүмкін емес екен.

Сондай-ақ біреулер үш-төрт сағаттың ішінде көз шырымын алып үлгерсе, енді біреулердің сегіз-тоғыз сағатсыз ұйқы қандыра алмайтыны да мәлім. Медицина саласының мамандары адам бірнеше тәулік қатарынан ұйықтамаса, өліп кетуі мүмкін екенін алға тартады. Десек те, тәуліктер былай тұрсын, айлап, тіпті жылдар бойы ұйықтамай-ақ өмір сүре алатын ерекше адамдар бар екен.

Бұрынғы Югославия елінде Станко Дражкович деген шаруа өзіндік рекорд тіркепті. Ол жарты ғасырдан астам уақыт ұйқысыз ғұмыр кешкен көрінеді. Станко 23 жасында екінші дүниежүзілік соғыс кезінде контузия алып, содан бастап ұйықтай алмайтын болған. Дәрігерлер Станконың денсаулығын тексерсе, құдды жас жігіттікіндей екен. Бұған қарап, әрине, ұйқысыздық денсаулыққа пайдалы екен деп ой түю қате. Станко шынымен де ұйықтамаған ба? Бұған 100 пайыз «иә» деп жауап беру де қиын. Өйткені мамандар оның ара-тұра көз шырымын алғандай жағдайды бастан өткеретінін анықтапты. Ондай кезде Станко мүлги бастайды екен, бірақ сөйтіп отырып-ақ жазу жазып, кітап оқиды және қасындағы адамдармен сөйлесе алады. Дәрігерлер осындай сәттерде оның миының аздап болсын тынығып алатынын дәлелдепті.

Тағы бір қызығы, Станконың бойындағы ерекше қабілет ұлына да дарыған екен. Бірақ оның тұқым қуалап келгені анық емес. Мәселен, оның ұлы да дәл өзі сияқты 23 жасынан бастап ұйқысыздыққа ұшырапты. Ұйықтай алмайтын әкелі-балалы екеуін тексермеген маман қалмапты. Бірақ ешкім де олардың бойындағы құпияның сырын аша алмапты.

Станко Дражкович 73 жасында өмірден өтіпті. Ол ғұмырының соңына дейін ақыл-есінен айырылмаған екен.

Джоан Мур деген ағылшын әйел де 1972 жылдан бері ұйықтай алмай жүрген көрінеді. Манчестер қаласында тұратын бұл әйел, тіпті Жаратқаннан өзіне өлім тілеп, мәңгілік ұйқыға кетуді армандайды екен. Өйткені Станкоға қарағанда Мурдың денсаулығы ұйқысыздықтың кесірінен айтарлықтай жапа шеккен. Алғаш ұйқысы қашқан күнді Мурдың ешқашан ұмытпасы анық. Өмірін күрт өзгерткен сәтті ол былайша еске алады: «Сол күні әдеттегідей мектепте дәріс оқып, үйіме келдім. Жан-дүниемде бұрын-соңды байқалмаған біртүрлі сезім пайда болды. Оған қатты таңғалдым, әйтсе де содан бастап ұйықтай алар емеспін».

Ол ұйқысы келіп қанша әлсіресе де, көз іле алмай әуреге түседі. «Айналамда тыныштық орнай қалған сәттерде мен өзімді бүкіл ғаламда жалғыз қалған жандай сезінемін. Жаратушы ием мені қатаң сынаққа алғандай. Ұйқының қандай болатынын қайта еске түсірсем ғой, шіркін» деп аһ ұрады екен Джоан Мур.

Вьетнамдық Нгуен Ван Кха да отыз жылға жуық уақыттан бері көз шырымын ала алмай келеді. Ұйқысыздық жасы елуден асқан бұл азаматтың денсаулығына еш нұқсан келтірмепті. Нгуен Ван Кханың басынан өткен оқиға қызық. Ол 1980 жылы орын алған. Әдеттегі күндердің бірінде Кха ұйықтап алмақ болып, көз іледі. Бірақ дәл сол сәтте оның көз алды өртене бастайды, өзінің айтуына қарағанда, өршеленген жалынның сұлбасы анық көрініс береді. Ал көзін ашса, зәресін ұшырған сұрапыл елес жоқ боп кетеді. Кейінірек осы жағдай үздіксіз қайталанып, көзін жұмудан қорқатын халге жеткен ол, ұйқыдан біржолата қағылады.

Вьетнамдықты зерттеген мамандар да бұл жұмбақтың сырын аша алмады. Дәрігерлердің кеңесі бойынша Кха еуропалық дәрі-дәрмектің түр-түрін ішіп көріпті. Одан нәтиже шықпағасын дәстүрлі шығыс медицинасының емдеу әдістеріне жүгінген. Алайда, онысынан да ештеңе өзгермеген.

Осы елдің тағы бір тұрғыны - Ман Тхи деген шаруа әйелдің де ұйқысы қашқан. 1975 жылдан бері ұйқыны ұмытқан Ман Тхидің денсаулығы жаман емес. Ол дені сау төрт баланы аман-есен тәрбиелеп өсіруде. Бойындағы айрықша қасиетті бастапқыда жарнамалаудан қаймыққан Тхи, тіпті күйеуіне де сыр білдірмепті. Түн болса, өтірік ұйықтап қалатын әйел тек үш жылдан кейін ғана жарына шындықты айтыпты.

Басы жастыққа тисе де көзі ілінбейтіндердің бірі - Юстас Бернетт. Жасы тоқсанды алқымдаған ағылшын фермері жылдан бері ұйқысыз. Лестер деген елді-мекеннің маңында шаруашылықпен айналысқан Бернетт қазір түнгі бос ұйқысын кітап оқып, сөзжұмбақ шешуге, радио тыңдауға арнайтын көрінеді. Дәрігерлер Бернеттің құпиясына үңіліп көруге, оны ұйықтатуға тырысты. Ақ халаттылар оған ұйқы шақыратын түрлі дәрілер ішкізді, болмағасын гипноздың күшін қолданып та көрді. Бірақ бұл ретте де медицина ғылымы тылсым күштің алдында дәрменсіздік танытты.

Дава деген Тибет сопысы болса, 80 жылдан астам өмірін ұйқысыз өткізіп келеді. Бұл - сөз жоқ, ұйқысы қашқандардың ішіндегі рекордтық көрсеткіш. Даваның жасы тоқсаннан асып кеткен екен. Тибеттегі монастырьлердің бірінде өз бетінше өмір сүріп жатқан сопыны Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының қызметкерлері тауып алады. Олар Даваны жүріс-тұрысын тегіс бақылайды. Сөйтсе ол да Станко сияқты аздап мүлгиді, бірақ маңындағы адамдармен сөйлесіп, кітап оқып отыра береді екен. 11 жасынан бастап ұйқы дегеннің не екенін ұмытқан сопының ағзасын ең білікті деген ғалымдар зерттеді. Солардың бірі - неміс Бернард Холцман. Ол былай дейді: «Көз алдыларыңызға әкеліп көріңіздерші, ол екі бірдей дүниежүзілік соғыс кезінде де ұйықтамаған екен. Дава 1957 жылы Ресей ғарышқа жер серігін ұшырған тұста да, адам баласы ең алғаш Айға табан тигізгенде де ұйықтамапты».

Мамандардың пікірінше, егер олар Дава құпиясының сырын аша алса, жер бетіндегі адамдардың ұйқысыз ғұмыр кешуіне мүмкіндік тумақ.

Осы саланы зерттейтін ғалымдардың пайымынша, ұйқысы бұзылған адамдардың 71 пайызы өз өмірінде ауруды болмаса стресстік жағдайды бастан өткерген. Мәселен, жасы алпыстан асқан румын әйелі Мария Стелика осындай жағдайдың құрбаны. 11 жасында оның анасы қайтыс болып, содан бастап Мария ұйықтай алмайтын халге душар болады. «Алғашқы күндері мен анамды түсімде көрем бе деп қорыққанымнан әдейі көз ілмей жүрдім. Кейінірек шынымен де ұйықтай алмайтын болып қалдым. Өзімді қанша мәжбүрлесем де көз шырымын алу арманға айналды» дейді Стелика.

Куба елінің азаматы Томас Нуньестің ұйқысы қашқанына да жарты ғасырдай болып қалыпты. Оған да бала кезінде жабысқан кеселдің әсері тиген екен.

Ал Қытайдың зерттеушілері ұйқысы бұзылғандардың едәуір бөлігі қыс мезгілінде дүниеге келгендер деп қызық пікірді алға тартады. Бейжіңдегі ұйқы орталығының мамандары ұйқысы қашқан 700 адамға зерттеу жүргізіп, олардың 40 пайызы қараша, желтоқсан, қаңтар айларында өмірге келгендігін анықтайды. Дәл осы үш айда Қытайда ең суық күндер орнайды екен. Бұны өзге елдің мамандары да жоққа шығармайды. Өйткені анасының құрсағында жатқан балаға ауа райының кері әсері тимей қоймайтыны анық.

Жоғарыда тізіп шыққан адамдардың бәрі де ұйықтамаса да мүлгу арқылы ағзаларын қалпына келтіретіндігін айттық. Ал рекорд орнату үшін талай таңды қалғып-мүлгімей-ақ атырғандар да көп. Солардың ішінен қара үзіп алға шыққандары саусақпен санарлық. Мәселен, ағылшын жігіт ағасы Тони Райт көпшіліктің бақылауымен 11 күн, 11 түн бойы көз ілмей отырыпты. Сөйтіп, ол жаңа рекорд тіркеді.

Оған дейін бұл көрсеткіш бойынша АҚШ азаматы алда тұрған еді. 1964 жылы америкалық Рэдни Гарднер 264 сағатты ұйқысыз өткізіп, Гиннестің Рекордтар кітабына енген екен. Рекордты тіркейтін мамандар осыдан кейін ұйқыдан жарыс өткізбейтіндерін мәлімдейді. Олар мұндай бәсеке барысында адамдардың денсаулығына зиян тиеді деп есептейді. Бірақ кейінірек ол райларынан қайтты.


Шалқар Естен
islam.kz 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста