Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Алты дәрігерді ажал құштырған сыған әйелдің қарғысы

  • © sonnik-tsyganka-uvela-lyubimogo

    © sonnik-tsyganka-uvela-lyubimogo

Адам санасы жетпейтін түсініксіз оқиғаларға толы "Мистика" бөлімін жібермей оқып отырамын. Жуықта Өскемен қаласынан қонаққа келген медбике құрбы қызымнан естіген әңгіме ойымнан кетер емес. Өмірде неше түрлі жағдайлар болады екен-ау. Бұл – ойдан шығарылған оқиға емес, өмірде шын болған оқиға.


Құрбы қызым әңгімесін бастап кетті:


– Облыс орталығында БСМП ауруханасы бар. Сол ауруханада біраз жыл жұмыс істедім. Осыдан бес жыл бұрын бүкіл жұрттың есінде қалған жантүршігерлік оқиға болған еді.


Бір күні ауруханаға қатты ауырып сығанның бароны түсті. Өкінішке қарай жасы келіп қалған баронды дәрігерлер аман алып қала алмады. Барон қайтыс болды. Қайтыс болғанын естіген баронның туыстары ауруханаға келіп, дәрігерлерді кінәлай бастады. Біраз уақыттан соң сығанның үш әйелі шаштарын жайып жіберіп, қолдарын аспанға созып өз тілдерінде бірдемелер оқып, су шашып, аурухананы айналып жүріп алды. Басында мән бермесек те адам емеспіз бе сыртқа шығып көрдік. Олардың бұл қылықтарына таң қалған күзетте тұрған жігіттер оларды қуа бастады. Осылайша ол оқиға ұмыт болды.


Арада бір ай өтпей қайғылы оқиғалар орын ала бастады. Барон түскен хирургия бөлімінде оқуды жаңа аяқтап келіп, үш ай ғана жұмыс істеп үлгерген жас хирург еш себепсіз асылып қалды. Барлығымыз ол да бір ауру шығар деп қабылдадық.


Екі аптадан соң сол бөлімдегі травмотолог жігіт те жіптен қайтыс болды. Өзінің өмірін қиятындай ол жігітте еш себеп жоқ сияқты. Қызметте елдің алдында, ұйып отырған отбасы бар, жағдайы жақсы азамат еді. Ешқашан өмірден түңіліп, көңілсіз жүргенін көрген емеспіз. Ол біздің есімізде тек ақ көңіл, мықты маман, сыйлы отағасы ретінде қалып қойды. Ол жігітті де бүкіл ұжым болып о дүниеге шығарып салып, сол күні түнгі кезекте дастархан жайылып әріптесіміздің жақсы істерін айтып еске алып отырдық. Түнгі сағат бірлер шамасы. Сол отырыста өте мықты дәрігер С. есімді азамат аяқ астынан жүрегі тоқтап қайтыс болды. Тілге де келіп үлгермеді. Қаншама дәрігерлер қасында отырса да аман алып қала алмады.


Үш адамның түсініксіз тұтұқиылдан келген ажалы бүкіл ұжымды орны толмайтын қайғыға душар етті. Бірінен соң бірін жерлеп есін жия алмаған ұжым есеңгіреп қалғандай. Барлығының көзінде бір мұң. Барлық мерекелік іс-шаралар тоқтатылған.


Осылай күндер өтіп жатты. Ес жия бастаған уақытта, бір айдан соң жасы қырыққа жақындаған шағында білімді де білікті хирург жігіт өмірден өтті. Ол жігіттің де жүрегі тоқтап қалыпты. Өмірі "ауырдым" деп қыңқ етпеген азамат бір-ақ күнде өмірмен қош айтысты. Артында ұлы мен қызы қалды.


Қайғылы оқиға бұнымен де тоқтамады, жасы алпыстарға келген бірінші санатты орыс хируг қайтыс болды. Негізінен ол кісінің жүрек талмасы бар еді. Үнемі дәрі-дәрмек қабылдап, күтініп жүретін. Бұл оқиға осы хирургия бөлімінің ұжымын одан сайын есеңгіретіп жіберді. Талай жас дәрігер тәрбиелеп, мыңдаған адамды ажалдан алып қалған ағайымызбен де қимай қоштастық.


Бірінен соң бірі себепсіз көз жұмған дәрігерлердің жұмбақ өлімінен соң дәрігерлер арасында күдік пен қорқыныш үдей бастады. "Он негр баласы" триллеріндегідей бойларын үрей билеп, кейде тіпті әзілдеп "келесі кезек менікі болар" деген сөздер де айтылып жатты. Хирургия бөлімінің құрмет тақтасында қатар-қатар ілініп тұрған дәрігер азаматтардың суретіне қарап, іштей қиналып, қимастықпен еске алып жүрдік. Барлық әріптестердің ойында бір сұрақ: Неге хирургия бөлімінің ер азаматтары кезек-кезек ажал құшуда. Оған себеп не? Бұл өлім тоқтайтын күн бар ма?


Бұл жамандық осымен тоқтамады. Жасы отыз сегіздегі орыс хирург жігіттен обыр ауруын тауыпты. Ол дәрігер де араға көп уақыт салмай көз жұмды. Ол ағайымызды да соңғы сапарға шығарып салып, әріптестер арасында гу-гу әңгіме тарай бастады. «Осындай ауыр қайғы барон өлгеннен соң басталды. Сол жамандық үш сыған әйелінен келді» деген жорамалдар пайда болды. Шынымен де ойлана бастағандаймыз. Көбі орыстанып кеткен халық ондайға сене бермейтін. Сап-сау жүріп бір күнде ажал құшқан азаматтар өлімі сендірмей қоймады. Орыс пен қазақ араласқан ұжымдағы дәрігерлер ақылдаса отырып, жамандықты тоқтату шараларын іздей бастады. Барлық қарғыс туралы мәліметтерді жинап, мешіт пен шіркеуге барып кеңес алып қарғысты тоқтату жоралғыларын жасады. Орыстар шіркеуден поп, қазақтар мешіттен молда әкеліп құрбандық шалып, құран оқытып, дұға тіледі. Осыдан кейін жамандық тиылғандай болды.


Екі айдан соң жасы үлкендеу анастезиолог дәрігер ағаның аяқ астынан қолын қотыр басты. Қабылдамаған емі бармаған жері қалмаған хирург келесі кезек менікі шығар деп үнемі көңілсіз болып жүрді. Бірақ, бір күні таңғажайып оқиға болып, аяқ астынан қотырлары өзінен-өзі жазылып орнында тек тыртық қалды. Бір айдан соң тыртықтың ізі де қалмады.


Міне, осылайша американың "Пункт назначения" сериалының сюжетіне ұқсас оқиға менің көз алдымда болған еді. Сонымен алты азаматтың өмірін алып бір азаматтың қолына жара шыққан жаман оқиға осымен тоқталды. Бірақ ондай мықты дәрігерлер ортамызда енді жоқ, өкініштісі сол. Халық өмірін ажалдан арашалайтын ақ халатты абзал жандар өз өмірлеріне тосқауыл бола алмады. "Әттеген-ай, осының бәрін ерте ойластырып, қан шығарып құрбандық шалып, дұға жасағанда осы қайғылы оқиғалар болмас па еді" деп ұжымдастарым өкінішпен айтып жүрді. Қазір біраз уақыт өтті, ол оқиға ұмытыла бастаған. Бірақ, сол кездегі жағдай талай адамның мәңгілік жүрегінде шер болып қатып қалды, жақсылығын аямаған, науқастарға мейірімін төгіп, қол ұшын берген әріптестерді сағынатын кездеріміз де болады.


Кейде ойлаймын мүмкін ол қарғыс емес жай ғана сәйкестік пе деп, бірақ сап-сау жүрген азаматтардың бірінен сон бірі көз жұмғанын ойласам, қарғыс емей немене деп қаламын. Әулие Мәшһүр Жүсіптің "Дүниеде көшпенді екі халық бар: бірі қазақ, бірі сыған. Сығанның дуасы, қазақтың батасы кәміл қабыл болады" дейді. Сондықтан сығандардың жасаған жаман дуасының беті қайтқанына іштей қуанамын. Сиқырдың сырын меңгерген аса қауіпті жоғары дәрежедегі сығандардың қарғысының салдары өте ауыр екеніне көзім жеткендей, – деп аяқтады құрбым әңгімесін.


Автор: Малика Сембай, Астана

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 3079    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.07.2019, 11:03

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    31 Шілде, 11:14
    Дуаның күші...
    29 Шілде, 15:48
    Махабаттың құдіреті
    26 Мамыр, 15:52
    Ажал аяқ астында

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31