Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Ай тұтылған түні

  • © Delfi

    © Delfi

Неге екенін қайдам, сол жұмысқа зауқым соқпады. Қалжырау ма, әлде басқа ма, таң атқаннан бастап ісім кері кеткен-тін. Әуелі орнымнан тұрып төсектен түсе бере қарала мысықты басып кетіп, балтырымды тырнатып алдым.


Түзге шығам деп бара жатып табалдырыққа сүрініп, екі тізем мен шынтағымды оңбай жаралап алдым. Жұмысқа келе бастықтан ұрыс естідім. Қойшы, әйтеу бұл күн менің күнім емес-тұғын. Жолым болмай тұр.


Сыртқа шығып, шылым шегіп бой сергітпек болып есікке жете бергенімде, жұмыс столымдағы қара телефонбебеулей жөнелді.


Тұтқаны көтеру-көтермеу туралы сәл ойландым.Тағы сол бастық іздеп жатқан болар деп ақыры телефонды құлағыма тостым.


– Алло, сәлеметсіз бе?! – ар жағынан ызбарлы ер адамның дауысы естілді.


– Сәлеметсіз, кімсіз? Кім керек? – бір түрлі жүрегім сазып қоя берді.


Арғы жақтағы адам менің аты-жөнімді толығымен айтып:


– Сіз бе? – деп сұрады.


– Иә, менмін, қандай шаруамен хабарласып тұрсыз?


Енді қарсы жақтағы адамның дауысы тіптен күшейе түсті.


– Олай болса сол орныңыздан қозғалмай күте тұрыңыз. Сіздің үстіңізден кісі өліміне қарсы арыз түсті. Біз қазір сізге бара жатырмыз деді.


Не айтарымды білмей екі тізем қалтырап, орындыққа отыра кеттім. Қолымдағы телефон тұтқасы жерге шарқ ете қалды.


Адам өлтіру түгілі өмірімде тірі тышқан өлтіріп көрмегенімді санамда сан мың қайталай ойлағаныммен, қайтадан жауап қайтаруға дәрменім жетер емес-ті.


Шамасы олар жақын арада болу керек, иә болмаса мен есім ауым көп отырған болармын. Қарапайым киінген екі азамат кіріп келді де: «Белгіленген тәртіп бойынша сізді жұмыс орныңыздан зорлықпен әкетуге емес, өз еркіңізбен бізбен еріп жүруге бұйырамын». Жас шамасы менімен қарайлас жігіт барынша баяу сөйлегенімен, көмейінен адамның жан-тәнін қарып жіберетін суық ызбар сезіледі.


 


Араға сүт пісірім уақыт салып, қаланың орталығындағы сақшы мекемесіне жеттік.


Қалтыраған екі тіземді әзер басып бір сүркейлі бөлмеге кірдік.


Қарсы алдымда айбатын ат көтере алмайтындай полиция майоры отыр қасқайып:


«Мен сізді жақсы танимын. Кітаптарыңызды сүйіп оқитынмын. Жұмыстың аты- жұмыс. Сіздің үстіңізден Ерке атты әйел күйеуімді өлтірді деп арызданып отыр. Мейлі қандай жағдай болса да, осы мекеменің атына келіп түскен әрбір арызды міндетті түрде тексеруімізге тура келеді. Сіздің сүйікті оқырманыңыз болғандығымнан істі ашып айтып отырмын. Мынау Ерке ханымның арызы. Әрі сізбен қандай қатысы барлығын анықтамаққа фото суретінде алып қалғанмын, міне,»- деп алдыма бір фотоны тастай салды.


Аққұба жүзді, мөп-мөлдір, қап- қара қарашығы көзінің ағы мен қарасының ерекше бір үйлесімділігін әйгілегендей. Бет біткеннің әрлісі, тек сол қап-қара жанарда қараған адамды терең шүңетіне тартатын бір сыйқырлы тылсым мұң жатқандай.


Қайдан болса да әйтеу бір көрген адамым, қанша ойлансам да есіме түсіре алмай санам сан-саққа бөлініп сабылып отырмын. Ойымды: «Зәуде ғалам осы сіздің танысыңыз емес пе,» – деп сұраған майор мырзаның сөзі бөліп кетті.


– Білмеймін, бір қарасам танитын сықылдымын. Дегенмен есіме түсіре алмадым. Бәлкім, біреуге ұқсатқан шығармын. Қысқасы тани алмадым, –дедім мәңгіріп.


– Бек мүмкін, ол да сізді кезіктірмегенін айтқан-тұғын.


– Онда қалай арызданып отыр?


Мен осы сұрақты қалай қойғанымды өзімде білмей қалдым.


– Мына арызды өзіңіз бастан аяқ оқып шығыңыз. Бұл жерде сіздің соңғы кітабыңыз туралы айтылған.


Мен арызды қолыма алдым, жазуы маржандай. Жүрегім дір ете қалды. Таныс қолтаңба, бірақ кімдікі екендігін есіме түсіре алмадым.


 


“Құрметті сот мырза!


Сіздің жанабыңызға жәбірленуші Ерке Маранқызы жазушы Есет Қарытбайдың үстінен осыдан 12 жылдың алдында тура 5 мамырда өз үйімде күйеуім Есжанды өлтірді деген күмәнмен арыз беріп отырмын. Тарқата айтар болсам, үйленгеннен соң, үш жыл уақыттан кейін, белгісіз біреу үйде жалғыз қалған күйеуімді өз төсегінде бауыздап кеткен еді. Қанша уақыт өтсе де, қанды қол қылмыскер әлі күнге ұсталып, тиісті жазасын алмай келеді. Бұл туралы сіздердің құзырлы орындарыңызда да іс сан мәрте қаралған-ды. Дегенмен еш өнім жоқ-ты. Арада қанша уақыт өткен соң, өткен аптада менің бір құрбым Есет Қартбайдың “Ай-Қара” атты романын әкеліп берді. Сол романды оқып шыққаннан соң, бірден осы арызды жазуға тура келді. Ол романда автор марқұм күйуім екеуміздің балалығымыздан бастап қалай танысып, қалай үйленгенімізге дейін, ай тұтылған түні марқұм күйеуімді қалай азаптап өлтірілгеніне дейін тайға таңба басқандай анық жазған. Менің күйеуім өлтірілген күні ай тұтылған еді. Тіпті романдағы адам аттары, уақыт пен кеңістік, бәрі-бәрі бір-бірене соншалықты сәйкес келеді. Сөзім дәлелді болу үшін “Ай-Қара” атты роман мен қоса марқұм күйеуім екеуміздің жеке өмірбаяндық құжаттарымызды да алып келіп отырмын. Істің анық қанығына жетіп, қанішер жазушыны жазалап беруіңізді сұраймын.”


Жалпы хаттың мазмұны осылай. Үстелдің бетін қаламсаппен тықылдатып, ауыр ойға шөгіп кеткен мені өзіне қайта қаратқан майор мырза маған өзімнің соңғы романыммен бірге буылған бір құшақ құжаттар мен фото суреттерді алдыма тастады.


Барлығын дерлік ақтарып шыққан соң менің басым айнала, көзім қарауытып сол жерде құлап қалдым.


Көз алдымда тек шығармадағы кейіпкерім кескестеп тұрды-да алды.


Аурухана. Мен палатада жатып есімді бір-ақ жидым. Көзімді ашуға дәрменім жетпей жатыр. Қасымдағы адамдардың даусы еміс-еміс құлағыма жетеді.


– Анда ғана теледидардан көрсеткен атақты жазушы-ғой.


– Иә, сен әлі естімедің бе? Ана есікті сақшылар неге күзетіп тұрғанын білесің бе?


– Жоқ, неге?


– Бәріміз таласа-тармаса оқыған анау бір роман бар ғой, Есжан деген жігітті өлтіріп кететін…


– Иә.


– Сол шын уақиға екен.


– Қалай?


– Сол Есжанды осы жазушың өлтіріпті.


– Қашан?


– Ойбой, сенде бір, мына дүниеде не болып жатқанынан бейхабар екенсің ғой. Газет-журнал оқымайсың ба?! Теледидар қарамайсың ба?! Осы адам осында түскелі апта бойы шуласып жатыр ғой.


– Содан?


– Содан сол, он екі жылдың алдында өлтіріп тастапты. Соны роман қылып жазып шығыпты. Анау бар ғой, сол романдағы кім еді әлгі, иә-иә, Ерке деген қыз бар ғой, Есжанның сүйгені сол осы романды оқып қылмыскерді тауыпты. Содан арызданған екен.


– Енді не болады? Әлі есін жимай жатыр ғой?


– Қанды-қан жібермейді ғой, құрбым. Ертең-ақ есін жияды. Сосын қолымен істегенді мойнымен көтереді. Жазаланады!..


Осы сөздерді естігенде тұла бойым түршігіп кетті. Мен «нақақпын» деп айқайламақ болып ем, үнім шықпай қойды.


Талығып барып, тағы да талмаусырап ұйықтап кеттім. Шым-шытырық түс көріп жатырмын. Анадайда мойнынан қан сорғалап өз кейіпкерім Есжан жүгіріп келе жатыр маған. Артында ғашығым Ерке. Ерке бар даусымен айқайлап Есжанды тоқтата алмай келеді екен деймін. Есжан мені мойнынан атқақтаған қып-қызыл қанға тұншықтыра құшақтап жібермей жатыр екен деймін. Жаным қиналып барып, ақ тер-көк тер болып, бастырып әзер оянам. Айқайлап біреуді көмекке шақырайын десем, үнім шықпайды… Қаншалықты ұйықтамауға тырыссам да көзім қайта ілініп кетеді. Енді мені тұншықтара буындырып жатқан Есжаннан Ерке келіп құтқарып алады. Жоқ, Ерке Есжанның емес, менің әйелім екен деймін. Ерке келіп Есжанды жұлқып қалған заман Есжан ғайып болып кетіп өзімнің қос қолым мойныма жармаса кетеді.“Мені қалай қиып тастап кетесің жаным,”- деп еңіреп екі қолыма тастай жабысып алған. Еркенің шырылынан қайта оянып кетемін, білмеймін осылай күй кешіп қанша жатқанымды.


Араға біраз уақыт салып мені емханадан шығарды. Әрібірден сот залынан бірақ шығарды.


Өздерінің сүйікті жазушысының сотына адам соншалықты мол жинала қоймаған екен.


Айыпталушы орнына жетелеп әкелген екеуі мені иығымнан басып орындыққа жалп еткізіп отырғыза салды.


Менің қиыс қарсы жағымда Ерке отыр. Мені айыптаушы Есжанның әйелі Ерке емес, тура өз шығармамдағы Есжанның әйелі менің сүйікті кейіпкерім Ерке.


Мен жаққа жалт қараған Ерке шыңғырып барып талып қалды..


– Қайтсін, байғұс, күйеуінің қанын ішкен қанішерді көрген соң есі шығып кетті ғой деп зал дүр ете қалды.


Осы залда отырған бар адамның жанарлары ең бір жиреніш көзқараспен мені қарадай жеп барады. Қолдарына түссем мені түтіп жеп қоярдай. Тұла бойымнан суық тер бұрқ ете қалды.


Сот дәрігерінің көмегімен есін жиған Ерке енді бей-берекет айқайға басты.


– Қанішер, менің күйеуімді өлтіріп қана қоймай оның бар болмысын тартып алыпты. Тіпті маңдайындағы тыртығына дейін соныкі. Сөйлеген сөзі, дауысы, бәрі-бәрі соныкі. Қанішер, қайтар менің күйеуімді!


Екі қолтығынан демеген медбикелер Еркені сыртқа алып шығып кетті.


Кіре берісте отырған аппақ қудай шалдың : “Айнам, осы сенің өз күйеуің емес пе?!” деген сөзін менен басқа ешкім де естімеді. Әлде елемеді.


Мен ойлана бастадым. Рас, қай күнгі Майор мырзаның көрсеткен суретіндегі жәбірленуші тура өзіме ұқсайтын секілді. Сол кезде неге сәп салмағаныма таң қалдым. Жоқ! Мен есімнен адаса бастаған шығармын.


 


Сот төрағасы әуелгі сөзді айыптаушы жақтың жақтаушысына берді.


Шын өмірдегі Есжанмен Еркенің жеке құжаттарымен менің шығармамдағы кейіпкерлерімнің өмір дерегін айна қатесіз салыстырған айыптаушым бұлжытпас дәлелдермен менің қандықол қылмыскер екенімді бірден дәлелдеп берді. Зал теңселе күңіреніп кетті.


Тіпті менің өзімді ақтап алуыма да еш мүмкіндік қалмады.


Айыптаушы сөзін аяқтаған соң, сот енді менен сұрақтар сұрай бастады.


Әрі арнайы тергеу амалдарының жүргізілмей бірден сотқа келтірілуімнің де себебі айыптаушы жақтың бұлтартпас дәледері бар екендігін айтты.


– Аты-Жөніңіз.


– Есет Қарытбай.


– Туған уақытыңыз.


– 1972 жылдың 5 мамыры.


– Туған жеріңіз


– Тасқарағай ауданы.


– Мағұлматыңыз


– Жоғары


– Кәсібіңіз.


– Жазушы.


– Бұл қалаға қашан келдіңіз?


– 2 жыл бұрын.


– “Ай-Қара” атты шығармаңызды қашан, қай жерде бастап жаздыңыз және қай уақытта аяқтадыңыз?


– Тура он екі жылдың алдында Тасқарағай ауданынында түрмеде бастап жазып осында келген соң аяқтадым.


– Түрмеде қанша уақыт отырдыңыз?


– Нақақ жаламен он екі жылдың алдында тура бесінші мамыр күні кеште өз үйімнен алып кеткен. Арада он жыл өткеріп ақталып шықтым. Түрмеден босай сала жазықсыздан тар қапасқа қамалған туған ауылымда қалғым келмей осында қоныс аударғам. Келе сала жеке меншік бір газетте редактордың көмекшісі болып жұмыс атқарып келемін.


Сот үнсіз ұзақ отырды да кімге екені білгісіз:


– Тасқарағай ауданы осыдан қаншалықты жер? – деп сұрады.


– Төрт мың жеті жүз шақырым.


–…


–…


– Өзіңнің қанды қол екендігінді мойындайсың ба?


– Жоқ!


– Қарсы жақтың айыптауымен келісесің бе?


– Жоқ!


Тағыда ұзық үнсіздік жайлады. Не бір уақыттан соң басын арылы-берлі шеңбектеген сот төрағасы:


– Сот отырсын үш күнге кейінге қалдырамын… Осы үш күн ішінде айыпталушы жақтың берген түсінігінің жалған, иә рас екендігін анықтайтын боламыз.. – деп жаза таяғымен үстелді тақ еткізді де, орнынан тұрып кетіп қалды.


 


Жазықсыз жаламен он жыл түрме азабын тартқаным есіме түскенде төбе шашым тік тұрып жаным тітіркеніп кететін. Енді тағы бір сұмдықтың төніп тұрғанын ойлағанда тіпті жанымнан қасым болып кеттім.


Тас еден, тар қапаста жатып түнде осы азаптан бір жола құтылмаққа өз-өзімді өлтірмек болып бекіндім. Ойлаған ісімді жүзеге асыруға еш қару таба алмаған соң, ақыры өз-өзімді буындырмақ болдым.


Оң қолыммен алқымымды мытып езе бастап едім, сол қолым өз еркімнен тыс оң қолымды жұлып алды.


Тас еденге гүрс етіп құлай кетіп, еңіреп жылап жібердім. Сол сәтте сол қолымды соншалықты жек көріп кеттім. Есіме бір жазушы ағамның “Оң қол” деген әңгімесі түсті…


Сол қол қанша ара түскенімен бейшара қыздың жанын ақыры оң қол алатын еді. Мен өзімді өлтіре алатыныма осы шығарманы ойлай отырып сенім байладым өзіме.


Сол қолымды бастыра арқамды қабырғаға тақадым да, оң қолыммен тамағымды барынша мытып езе бастадым. Бұл жолы манадан тәуірірек болды. Есеңгіреп, буыным құрып, бір жағыма қарай құлап бара жатқанымды сездім. Оң қолым сонда да жіберер емес,езіп барады.


Енді есімнен адаса бастадым. Тарс бекітілген темір есік шарқ етіп ашылып есіктен Ерке кіріп келеді екен деймін.


Шынайы өмірдегі Есжанның Еркесі екен деймін.


– Есет, жаным, өле көрме! Мені қалай жалғыз тастап кетесің, -деп шырылдап оң қолымды алқымымнан жұлып алмаққа жанталасып жатыр.


Жоқ, өмірдегі Есжанның емес, шығармадағы Есжанның Еркесі екен деймін.


– Кештім сені, кештім, жаныңды қидым. Тек өле көрме,- деп егіліп жылап отыр…


Оң қолым болаттай қатып қалған. Алқымымды шеңбектеп бүріп барады.


Осы кезде Ерке тағы құбылып кетті. Өмірдегі де, шығармадағы да Есжанның емес, сол шағармадағы өзімнің сүйіктім Ерке екен деймін.


– Мені жалғыз қалдыра көрме, жаным, жалғыздықтан әбден жабықтым -деп егіледі.


Осы сөзді ести сала манадан арқаммен қабырғаға қыстырылып қимылсыз жатқан сол қолым оң қолымды тамағымнан жұлып алды.


Арада үш күн өткенше Еркеде үшке құбылып көз алдымнан кетпеді. Оң қолым да мені өлтіре алмады.


 


Таң бозынан келген сот орындаушылар менің құр сүлдерімді сүйретіп, сот залына қайта әкелді.


Тура үш күннің алдындағы көрніс. Тек бұл жолы Ерке басын жерден ала алмай отыр.Мен жаққа қарағанға батылы жетпейтіндей.


Бұл жолы басқа тыңдаулар болмады. Сөзді сот төрағасы өзі алды.


– Бұл әлемде сан түрлі ғажайыптар болады. Құрметті сот тыңдаушылары, біз сіздерден кешірім сұраймыз. Кездейсоқтық дейміз бе?! Әлде, сәйкестік дейміз бе? Қалай десек те, автордың “Ай-Қара” романындағы барлық сәйкестіктерді салыстырсақ та, Жазушы Есет Қарытбай мырзаның берген жауабы оның қанды қол емес екендігін дәлелдеп отыр. Тасқарағай ауданындағы әріптестерімізбен селбесе жұмыс істеу барысында тура осындай бір өлімге қатысы бар деп сол күні яғни бесінші мамыр күні кеште Есет Қартбай мырза қолға алынып, абақтыда он жыл отырған. Әрі он жылдан соң абақтыда жазықсыз отырғандығы дәлелденіп бостандыққа шыққан. Осы себептерді есепке ала отырып, біз Есет Қарытбай мырзаны сот залынан босатамыз. Әрі осы істі жүргізу барсында жан күйзелісіне ұшырап, денсаулығына айтарлықтай ақау келгені үшін арнаулы емханада қалпына келгенінше күтімге алынады.


Сот тарқады.


Менің есім кіресілі-шығасылы.


Кешегі суық тас еден емес, аппақ мамықтай аппақ көрпеде жатырмын. Тек тұла бойым алдырмайды. Дел-сал күйдемін.


Түн ортасы ауа есік шиқ етіп ашылды. Қараңғы бөлмеде ай сәулесінен аппақ көйлегі буалдырланып маған қарай келе жатқан Еркені көріп қандай сезімде екенімді өзім де біле алмадым.


Ол үнсіз. Жайлап қана келіп, төсегімнің аяқ жағына отырды.


Мен терезеге қарадым. Аспандағы күміс айнадай жарқыраған айдың бір шеті қарая бастапты. Айды жеп бара жатқандай әп-сәтте айдың бетін қап-қара тостаған жауып қалғандай болды. Денем дір ете қалды. Орнымнан атып тұрмаққа қанша тырбынсам да дығдырым кұрып қозғала алмай қалдым. Әлде кімді көмекке шақырмаққа ниеттеніп едім үнім шығар емес.


 


Аппақ көрпе. Ақкөйлекті әйел. Қап-қара сәуле… Сол сәулемен жарқылдаған аппақ кездік…


Қойшыбек МҮБАРАК

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 1477    Пікірлер: 0

сейсенбі, 20.11.2018, 10:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Мамыр, 15:52
    Ажал аяқ астында
    14 Сәуір, 23:19
    Қайта тірілген адам

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30