Елге төнген қауіптің бетін қалай қайтаруды білемін – Бералы Артығалиев 

22 қаңтар 2022, 20:50

Шымкент қаласының тұрғыны Бералы Артығалиевтың тылсым бір құбылыстар жөнінде айтып, Қазығұрт тауында пирамидалар салуды бастағаны жайында осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын біз «Замана» газетінде жазған едік. Ол кісінің тосын әрекеті туралы кезінде басқа да ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Еске сала кетер болсақ, Б.Артығалиев мынадай тұрғыда айтқан еді: Ол Ресей ғалымы жасап шығарған «Козырев айнасы» атты өзгеше құрылғының баламасын өз бетімен істеп алған, өзі күнделікті соның ішіне кіріп намаз оқып, зікір салып тұрады екен. Айтуынша, осыдан үш-төрт жылдай уақыт бұрын үйінде, сол құрылғыда зікір салып тұрғанында ол өзі зорға сиятын құрылғының ішінен, өз жанынан кенеттен пайда бола кеткен бір адамды көріпті, бұл кісіге ол өзін мен Мұхаммед пайғамбармын депті. Сосын ол Б.Артығалиевты ғайыптың күшімен көзді ашып-жұмғанша Қазығұрт тауының басына алып шығыпты да, әлдебір ескі үйінділердің нобайын нұсқап, бұдан 12 мың жыл бұрын осында 19 пирамида болғанын айтыпты, соның ішінде жетеуін 2020-жылғы қыркүйек айына дейін қалпына келтіру керегін ескертіпті. Егер олай істемесе адамзатқа қатер төнетінін, жеті елдің ядролық соққыға ұшырау қаупі барын айтып, оның көзіне кейінірек тура 2019-жылғы 24-маусымда Арыста оқ-дәрі қоймалары жарылған оқиғаға өте ұқсас жарылыстарды кинодағыдай етіп көрсетіп өтіпті. Сөйтіп егер әлгі пирамидаларды айтылған уақытқа дейін салып бітірсе, онда соғыс қаупі сейіліп, «Ковид» індеті жойылатынын, Қазақстанның әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елге айналатынын айтыпты.

Осылай деген Б.Артығалиев содан кейін өзінің іске кіріскенін, аянда ескертілгендей Алматы облысындағы Текелі қаласынан шунгит тасымалдап, жоғарыда аталған пирамидаларды қалпына келтіре бастағанын айтқан еді. Яғни ол өз жұмысын 2019-жылы Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймалары жарылған оқиғадан кейін бірден  бастап кеткен екен. Ал 2020-жылдың жазында  оның жұмысы тоқтап қалған болатын. Тиісті орындармен арада дау туып, оның соңы сотқа ұласқан. Сот ол кісіге Қазығұрт ауданының жерін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін айыппұл салып, тұрғызып қойған пирамидаларын бұзып тастауды міндеттеген болатын. Сонымен бұл іске нүкте қойылған сияқты еді.

Шынын айтқанда Б.Артығалиевтың сөзіне сенгендер, оған қолдау көрсеткендер де аз болмаған сияқты. Ал өзі туралы айтар болсақ, ол кісі кезінде Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтын агроном және экономист мамандықтары бойынша бітірген екен, сосын өзінің туып-өскен өңірі – қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы шаруашылықтарда еңбек етіпті, Чапаев атындағы совхозда биологиялық зертхана меңгерушісі болып, ғылыми жұмыстармен де айналысыпты. Айтуынша, зейнеткерлік жасқа таяған кейінгі жылдары сыры белгісіз дерттен зардап шегіп, аяндар көріп, ақырында өзінің қазіргі айналысып жүрген ісіне кіріскен, содан өзінің де, отбасының да жағдайы оңала бастаған көрінеді. Бізбен болған әңгімесінде ол кісі осы және тағы да басқа жайлар туралы айтып берген болатын.

Кешегі аптада Б.Артығалиев бізге хабарласып: «Өткен шілдеде аян алған едім, ұлдарым айтпай қоя тұрыңыз дегесін іште сақтағанмын. Соным дұрыс болмапты, сол себепті біраз қиындықтар көрдік. Сосын ел басшыларына сол аянда айтылған жайлар бойынша үндеу жазуды бастап едім, жағдайымыз жақсара бастады. Қысқасы, 2025-жылға болжамым бар, соны айтуым керек. Ол туралы жазасыздар ма, жазбайсыздар ма, өздеріңіз шеше жатарсыздар», – деді. Осыған орай біз ол кісіге бірқатар сұрақтар қойдық.

– Сіз сол кезде берген сұхбатыңызда алдағы қыркүйек айына дейін жеті пирамида тұрғызып үлгермесек әлемге қатер төнеді, маған ондай жағдайда жеті елге ядролық соққы тию қаупі бары ескертілді деп айтқан едіңіз. Ал шын мәнінде ондай ештеңе де болған жоқ қой? Мұны қалай түсіндіресіз?

– Өйткені біз төрт пирамиданы ескертілген уақытқа дейін толықтай бітіріп, бесіншісін де көтеріп қойғанбыз. Бесіншісін бітіруге сәл-ақ қалған едік. Сол себепті соғыс болмады.

– Ал Қазығұрттағы пирамида салынған жерге қатысты дауларыңыз немен аяқталды?

– Соттастық, судья маған 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды, пирамидаларды бұзып тастауды міндеттеді. Айыппұлын төледім, бірақ пирамидаларды бұзудан бас тарттым, бұзсаңдар не болатынын өздерің көресіңдер дедім. Киесін, қаһарын өздері көрсін.

– Салған пирамидаларыңыз сол қалпында тұр ма енді? Олардың өлшемдері қандай? Жалпы, пирамидалардың көлемдері қандай болуы керек еді?

– Толық көтерілген төрт пирамида 4,5х4,5 метр көлемінде салынған, биіктіктері 3,30 – 3,40 метрді құрайды. Ең аласасының бойы 3 метр. Ең биігі 7 метрлік болуы керегі ескертілген. Бесінші пирамиданың бойы 6,5-7 метрдей болып қалады.

Бүгінде осы пирамидалар бүтін тұр. Өкінішке орай, жұмысты ары қарай жалғастыруға кедергі келтірілді, оның үстіне құрылыс жүргізуге қажетті қаржы да таусылып қалған еді, сол себепті әзірге жұмысты жалғастыру мүмкін болмай, ол 2020-жылдың шілде айынан бері тоқтап тұр.

Айта кетейін, өткен күзде сот орындаушылары арнайы экскаватор апарып, пирамидаларды бұздырып тастамақ болған екен, әрекеттері сәтсіз аяқталыпты. Мұны маған сол жақта мал жайып жүрген бір адам айтты. Пирамидаларға тиісе бастағанда экскаватор басқару бермей, әлдебір тылсым күштің ырқымен ылдиға қарай жүріп кетіпті. Абырой болғанда, техника да, адамы да аман қалыпты. Әлгі жайды көрген сот орындаушылары болса, қорыққанынан ол жерден қашып кетіпті. Ал сотта маған қатысты шешім шығарған судья қазір қатты ауырып жатыр. Мұның бәрі менің күшіммен болып жатқан нәрсе емес, ескертілген жайға қарсылық жасағаны үшін орын алды деп ойлаймын. Алланың қаһарынан қорқу керек қой.

– Негізі тауға құрылыс материалдарын шығару оңай емес. Құрылысты салғандарға да тиесілі ақысын төлеу керек. Текеліден шунгит әкелдірдім дейсіз. Осының бәріне қаржыны қалай таптыңыз?

– Барлық жағдайды айтып, әлеуметтік желі арқылы таратқанмын ғой. Түсінгендер садақа ретінде қорға әркім өзінің шама-шарқынша ақша салып тұрды, соны пайдаландым.

Негізі аянда маған көпшілік алдында Кәрім Мәсімовтен көмек сұрау жөнінде де айтылған. Яғни ол да пирамида соғуға садақа беруі керек еді. Айт дегенін әлеуметтік желілер арқылы жеткіздім. Естігесін бізге ол кісі тарапынан 5 адам болып өкілдер келіп, жұмысымызбен танысқан, рұқсат беріледі деп, жәрдемдесуге уәде еткен еді. Бірақ сол уәде орындалмады. Оның арты неге апарып соққанын көріп отырсыздар. Күлмеңдер деп ескерткеніме құлақ аспай, кезінде мені келеке етіп көрсеткен телеарналар да кешегі күні түгелдей зардап шекті. Ол да тектен-тек емес шығар деп ойлаймын.

Кезінде, 2003-жылы мен осындай бір аян арқылы академик Мұхтар Әлиевке де айт делінген сөздерді жеткізгенмін. Ол кісіге Шымкентте балалар арасында СПИД таралатыны, оның алдын-алу үшін зекет беріп, арнайы қор ашуы керектігі ескертілген еді. Егер солай етсе, жағдайлары жақсара түсіп, баласы еліміздің екінші президенті болатыны, ал егер айтылғанды орындамаса, өзіне де, балаларына да қиындық келетіні туралы ескертілген болатын. Айт деген нәрсені айттым, бірақ М.Әлиев оны орындаймын дегенімен аса мән бермей жүріп алды, кейін, 2007-жылға қарай расында да жағдайлары қиындап кетті. Оны да жалпы жұрт біледі.

Қысқасы, менің айтқаныма сенбейтіндер аз емес. Соның себебінен бесінші пирамиданы көтеріп жатқан кезімізде бізге жер бөліміндегілер келіп килікті, сөйтіп жұмысымыз тоқтап қалды.

– Құрылысқа қанша қаржы жұмсаған едіңіз?

– 2 миллион 500 мың теңге төрт пирамиданы толықтай, бесіншісін жартылай бітіруге жетті.

– Жаңа 2025-жылға дейін болжамым бар дедіңіз…

– Иә, қосымша аян бар. Мемлекетіміз қазір үлкен бір кезеңге кіріп отыр. Кешегі күндері елімізде қиын жағдай орын алғанын білесіздер. Мұның бәрі бекер емес. Енді жағдайды оңалтудың бір жолы бар, соны істесек, міндетті түрде жақсылығын береді.

Мен тек өзіме айт делінгендерді ғана айта аламын. Енді пирамидаларда істелінуі тиіс жұмыстарды атқаруымыз керек. Әйтпесе алдағы екі-үш жылда да ел тынышталмайды,

қысқасы, біз 2025-жылы бесінші президентімізді сайлайтын боламыз. Яғни оған дейінгілердің басына қауіп төнеді деген сөз. Ал егер аянда айтылған шарттарды орындасақ, қауіп-қатердің беті қайтады, келе жатқан жамандықтың бәрі жақсылыққа айналады, 7 пирамиданы көтерсек, жұмысқа қоссақ, еліміз гүлденетін болады, әлемдегі №1 мемлекетке айналамыз.

Яссауи тарихатының ладуни ілімі деген бар, оны меңгерген адамдар «қара суды теріс ағызған» дегендей заман ағымын да өзгерте алатын қасиетке ие болады, ілімнің биік шыңына шығады. Қазығұрт тауындағы мен айтып жүрген Нұр мекен бар ғой, сол туралы Мұхаммед пайғамбарымыздың хадисінде: «Кімде-кім сол жерге барып, екі рәкағат нәпіл намазын оқыса, оған мың жылдық сауап жазамын» деп, сондай-ақ қиямет-қайым жақындағанда ол жердің қасиеті ашылатыны туралы айтылған екен. Бұл жөнінде Бекасыл әулиенің «Жұлдызнама» кітабында бар. Міне, Нұр мекенге барып, осы сауапты алып, ерекше қасиетке ие болған адамдар саны 6 мыңнан асса, солардың 6 мыңы 10 күн бойы күніне таңертең бәрі бір уақытта Құранның «Аятул-күрсі» аятын 50 реттен оқыса, келе жатқан жамандықтардың беті қайтады, олар жақсылыққа айналады. Бірінші кезекте коронавирустың таралуы тоқтайды. Біз қазір «Аятул-күрсіні» жиырма шақты адам күн сайын таңғы сағат 6-дан 20 минут өткенде оқып жүрміз. Яғни жаңағы мен айтқандай қасиетке ие 6 мың адам ниет етіп, үйлерінде 10 күн бойы күніне таңертең бәрі бір уақытта «Аятул-күрсі» аятын 50 реттен оқып бітіргесін мен Алладан елдің амандығын, жамандық атаулының бетін қайтаруын, адамдардың бір-біріне мейірімі оянуын, білімі артуын, еліміздің бай, қуатты болуын сұрап, тиісті бата беремін. Кім қай жерде оқыса да бәрібір, мен намазға онлайн түрде қатыса аламын.

Мұндай жақсылықтарға қол жеткізуге жол ашатын қасиетті Нұр мекен біздің елімізде ғана бар. Ол туралы Бекасыл әулиенің «Жұлдызнама» кітабында «Ол – 18 мың ғалам жаратылғанда нұры бәрінен артық жаратылған жер» деп жазылған. Ол жерге барып, тиісті тәртіппен намаз оқып, сұрағандарға Алла қажетін береді. Әрине, ол үшін адамның білімі, зікірі, қайырымды, сауапты істері болуы керек. «Мен мынадай істер атқардым, қажеттіні беру Өзіңнің қолыңда, енді маған мынадай нәрсе бер», – деп қажеттісін сұраса, Алла оған керегін береді.

Біз кезінде ол жерге оншақты мәрте адамдар апарғанбыз, өздері куә болып, кереметіне көзі жетті. Дертінен айыққандар, жолы ашылып, қажетін иеленгендер бар. Осылайша келіп, шындығына көз жеткізген, қажетіне қол жеткізген адамдар бір-біріне айтып жүрсе, оны әлем білсе, Нұр мекенге дүние жүзінен зиярат жасап келетін адамдар қатары миллиондап арта бастайды.

Кезінде І Петр патша да, оның ұрпағы Анна патшайым да қазақтар өзінің кім екенін білсе, олар күшейіп кетеді, оларды әлем мойындайды деген ғой. Тұмар ханшайым, Еділ патша, Шыңғыс хан, Әмір Темірлер Нұр мекеннің қасиетін білген. Оны біз де пайдалануымыз керек. Әзірге айтарым осы.

– Өзіңіз қазір немен айналысып жүрсіз? Балаларыңыз не істейді?

– Мен академик Аманбек Ақаевтың «Ясин» технологиясы және Қазығұрттану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры болып істеймін. Құран матрицаларын есептеп, Алланың берерін қалай пайдалануды үйрете аламын. Қалай сұраудың әдістемесі менде бар.

Қазір қажет еткендерге, «Машина времени» дейді ғой, өзім жасап қойған зат – «Козырев айнасы» арқылы көмегімді көрсетіп жүрмін, онлайн түрде де жәрдемдесемін.

Ал отбасым туралы айтар болсам, берілген аяндар бойынша жұмыс істегелі бері жағдайымыз көп жақсарды. Бүгінде балалардың әрқайсысы жеке кәсіппен айналысады, Алладан сұрағандары болып жатыр.

Ең бастысы елдің амандығы ғой. Мен өзіме берілген аяндар туралы айттым. Қиындықтардың бетін қайтару үшін біз жоғарыда айтылғандарды істеуіміз керек.

…Міне, шымкенттік Бералы Артығалиев осылай дейді. Бұған сену-сенбеу, әрине, әркімнің өз еркіндегі шаруа. Анығын бір Алла білер. «Еліміздің болуы мүмкін қиындықтардан аман өтуі үшін бұл керек. Осыны жұртқа жеткізу менің парызым», – дейді ол кісі. Б.Артығалиевтың айтып жүргендері ақиқат болып, іске асса, мүмкін еліміз шынында да өркендеудің қауіп-қатерден ада, даңғыл жолына түсер, кім білген… Негізі баршамыздың да тілегіміз, арманымыз ел мен жердің тыныштығы, амандығы, жалпы жұрттың жайлы өмір сүруі ғой. Құдай тілеуімізді бергей!

Д. ӘБДІЛЛА.

«Замана.кз»