Жүкті әйелді босандырған қасқырлар
 Ғаламтор беттерінде бірнеше жыл бұрын американдық Мэри Краниктің басынан өткен таңғажайып оқиға қызу талқыға түсуде. Оқиға былай болған...
 Жүктіліктің сегізінші айында жүрген әйелдің басқа қаладан үйіне келе жатып көлігі бұзылып қалады. Дәл сол сәтте бұрқасын дауыл соғып тұрғандықтан айналада не болып жатқандығы да көрінбейді.
Не істерін білмеген американдық ханым жолда бір көлік кездесіп қалар деген оймен көліктен шығып, жаяу жүре бастайды.
Боран одан сайын үдей түседі. Есі шыққан Мэри бар күшін салып 800 метр жол жүреді. Кенет толғағы басталып кетеді. Әйел қары аз деген жерді тауып, отыра бергенде қатты ауырсыну мен қорқыныштан есінен танып қалады.
"Бірнеше минуттан кейін есімді жидым. Менің басым алып қасқырдың белінде жатыр, бұл үйірдің басшысы секілді. Қалған қасқырлар мені желдің ызғарынан сақтау үшін айнала қоршап ық жасап тұрды.
Олардың саны тоғызға жуық болды. Толғақ жаныма батып бара жатқасын қорқып та үлгермедім. 20 минуттан кейін сәбиді дүниеге әкелдім. Бір қаншық қасқыр абайлап қана кіндікті кесті де, жанындағы қасқыр екеуі сәбиді жалай бастады.
Басқа қасқырлар мені жылытпақ болып одан сайын жақындай түсті", - деп еске алады Мэри.
Әйел баланы қолына алмақ болғанымен әлі жетпейді. Кіндік кескен қасқыр, баланы мұрнымен Мэридің кеудесіне тіреп тұрады. Баланың жылаған даусынан тірі екені білінеді де, аздан соң Мэри сәбиін емізе бастайды.
Үйірдің басшысы оның бетіндегі қар мен жасты жалаған екен. Бәрі де соңына дейін әйел мен баланы қоршап тұрады.
Мэри Краниктің туыстары қараусыз қалған көлікті тапқаннан кейін іздеу жұмыстарын күшейте түседі. Іздеушілер алыстағы қасқыр тобын көргенде бір сұмдық болды деген оймен оқ атады.
Қасқырлар қашып кетеді. Туыстары ағаш түбіндегі әйел мен баланы тірі екендіктерін көргенде таңғалады. Ал қасқырлар бала мен ананы біржола алып кеткенше алыстан бақылап тұрған көрінеді.
Мэри Краник күні кеше ғана тілшілерге сұхбат беріп, кішкентай Билл (қасқырлар босандырған ұлы) екеуінің бір үйір қасқырды іздеуге шығатындығын мәлімдеген.
Күльшан Нұрбекова