Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Жылқыдан шыққан термен емдеген емші...

  • © Academia Liberti Russia

    © Academia Liberti Russia

Әбе Қалиұлы деген ақсақалдың этнографиялық еңбегін ақтарып отырып, бұрынғы қазақтардың жыланның уын қалай қайтаратыны туралы дүниесін оқып, іштей «әй, «динозаврларым-ай» деп таң қалдым. Әбекең Кәмел деген мал дәрігерінің аузынан жазып алған хикаясында бүй дейді.


1952 жылы тамыз айының басы еді. Сол жылы біздің ауыл Сарықамыр жайлауында (Алтайдың Қаба ауданында) отырған. Қосарында жетегі бар, екі көзі тұздай, 19 жастар шамасындағы шашы дудыраған орыс жігіт түс қияр мезгілде біздің үйге ат басын тіреді. Асыға тіл қатты: «Сізді Керала шақырып жатыр, тез келсін дейді», – деді бас-аяғы жоқ. «Неге шақырды?» – дедім мен ман-жайды ұққым келіп. «Білмеймін!» – деп ол иығын қоқаң еткізді.


Кераланың туып-өскен жері Тобыл өзенінің бойы, ақ патша әскері болған. Кейін ақтар жеңілген соң Тарбағатай шекарасынан қашып өтіп, Алтай өңірін мекендеп қалған кержақ орыс. Атының кім екенін Құдай білсін, қазақтар «Керала» атап кеткенбіз. Аралас-құралас боп кеткен орысым шақырған соң, аялдамадым.


Терезесі түстікке қараған Кераланың дөңбек үйіне келіп түстім. Үйіне кірсем, терезесін тас қып қымтап, талтүсте үйдің бұрышына майшам жағып қойыпты. Төрде ыңырсып жалғыз ұлы жатыр. «Келгенің жақсы болды», – деді Керала қуанып. «Не боп қалды?» – деп едім, «Мына баланың ауруы жаман, бұл өлсе маған қиын болады», –деді шала-пала білетін қазқшасымен тілін бұрап. «Ой, мен мал дәрігерімін ғой, бұ баланы қалай көрем? Адам көретін дені дұрыс біреуді шақырмадың ба?» – десем, жалынып қоймады бейшара. Сосын амалсыз науқас жігітті қарауға тура келді.


Келіншегін шақырып, мән-жайды ұғыстым. «Бір күн бұрын біраз жастар жиналып, тойлатқанбыз. Күйеуім арақтан да, сырадан да тартты. Мас күйінде шөп шабуға барып еді, оған шамасы қайдан болсын, қарағайдың түбіне қисая кетті. Аузы ашылып, қорылдап ұйықтауға кірісті. Біраз уақыт өткен соң жанына барып едім, екі бүктеліп мазасы кетіп жатыр екен. Алдында ғана күйеумнің жанынан жылан ба, кесіртке ме бірдеңе көргендей болдым. Сосын жігіттерді шақырып, жаны шырқыраған күйеуімді үйге алып келдік», – деді әйелі.


«Бұ бейшараны улы кесіртке немесе жылан шаққан болды» деп ойладым бірден. «Аттың терін тап», – дедім Кералаға түсіндіріп. Орысым қорасында байлаулы тұрған екі семіз жылқысын екі бала жігітке мінгізіп, өрлі-қырлы шапқылатып, сауырына дейін ақ көбігі шыққанда алып келді. Қара сүмек болып терлеген жылқылардың терін қырып-жонып ыдысқа құйып алып, оны тазалап, сүзіп, аздап су қосып екі кесе аттың терін жаны шырқырап жатқан жігітке ішкізіп жібердім. Артынша бір-екі қасық сода да бердім.


Арада біраз уақыт өткенде науқастың мазасы тіптен кетіп, іші күрілдеп, дәретке шығатынын айтты. Келіншегі сүйеп сыртқа алды да жөнелді. Сәлден соң сырттан: «Жылан, жылан», – деген әйелдің бақырған дауысы естілді. Сыртқа жүгіріп шығып, жігіттің жанына барсақ, судай аққан дәретінің ішінде екі сүйемнен артық жіп-жіңішке оқ жылан жыбырлап жатыр екен. Көзі жасаураған жігіттің де жаны кіріп, тынысын терең алып отыр. «Әй, қазақ! Сен мұның бәрін қайдан білесің», – дейді Кералам аузы ашылып, баласының бетінің бері қарағанына разы болып.


«Аттың терінен басқа нәрсе бүйі, шаян, жыланның уын тез қайтара алмайды. Бұ немені жылан шаққан екен десем, аузы ашылып ұйықтап жатқанда ішіне кіріп кеткен екен ғой. Қайта жыланның іште өлмей, тірі болғаны қандай жақсы болған. Егер ол мақұлық іште өліп қалғанда, жағдай қиын болар еді. Балаңның су ішері бар екен», – дедім Кераланы арқасынан қағып.


«Мал дәрігері болған соң жайлауда көп жүресің. Бір жолы жылан шағып, денесі күп болып ісіп кеткен қыз баланы емдеп едім. Ол кезде терін ағызатын жылқының ыңғай болмай, ер-тоқымның астына салатын ішпекті қайнатып бергем. Қанша дегенмен қыз бала ғой, кермек татыған суды іше алмас деп, ішіне бірер қасық бал қосып жібердім. Сосын ол байқұстың да ісігі қайтып, жаны қалған», – деп Кералаға тағы бір емшілігімді айтып бердім.


«Әй, қазақ! Саған дауа жоқ екен», – деп разы болған Кералам қайтарда бір жылқысын мінгізіп жіберді...


Ырысбек Дәбей

Facebook-тегі парақшасынан 




Көрілген: 2295    Пікірлер: 0

бейсенбі, 02.05.2019, 10:19

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Сәуір, 23:19
    Қайта тірілген адам
    22 Наурыз, 22:42
    Сайтан неге адамға өш?
    13 Наурыз, 10:47
    Жылқышы қыздың киесі
    12 Наурыз, 11:04
    Суда қалқыған мүрде

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31