Жын қонған...

25 шілде 2022, 10:30

Кейде бір адамдар қыз болса, еркектің дауысымен, еркек болса, әйелдің дауысымен сөйлеп, елдің зәресін ұшырады, оны "жын қонған, ішінде жын бар" деп молда-бақсыларға апарып, көрсетіп жатады. Ал шын мәнінде ол адам бірнеше тұлғаға бөлініп кеткен болуы мүмкін. Бұл бір адамның кенет өзге адам секілді өзін ұстауы, жуас қорқақ адамның кенет дөрекі, ұрдажық адамға айналып, төбелес шығаруы, үлкен адамның бала секілді ойыншықпен ойнап кетуі, бір тілді ғана білетін адамның кенет өзге тілде сөйлеп тұруы т.б.

 

Бұл бала кезінде қатты қорлық, зорлық көрген, не болмаса біреудің өлімін көріп не басқа нәрседен қатты шошынған, табиғи не өзге апаттан қатты қорқып қалған, сол секілді т.б. ауыр жағдайдан қатты стресс алған адамда болады,  ол сол күйзеліс сәтінде миында бұл мен емеспін, мен бұл жерде жоқпын, басқа біреуді зорлап, қорлап жатыр, деп өзін сендіргеннен  мидың денені қалай да қорғап қалу қызметі іске қосылып, сол әлсіз адамды бөліп  жіберуі, оны "ұйқыға" жіберіп, орнына соған төзе алатын күшті бөлігін оятады.

 

Психиатрияда ол бұрыннан таныс, бірақ ең атақтысы Билли Миллиганның басындағы жағдай. 3-4 жасар Биллиді өгей әкесі сарайда неше рет байлап тастап, зорлаған, әбден қорлаған, тіпті жер қаздырып, көміп, тек бетін ашық қалдырып тастаған. Сол кезде Билли алғаш бөліне бастап, кейін 20-дан астам тұлғаға дейін өсті. Бір адам болғанымен, оның ішіндегі  әр тұлға өзінше бөлек адам болады, әрқайсының мінезі бөлек, хоббиі бөлек, ақылды не ақымақ, бұзық  не әлсіз, алаяқ не заң адамы, ересек кісі не кішкентай сәби, еркек не әйел. Әртүрлі жағдайға сай керек тұлға бөліне берген. Әрқайсының денедегі өз функциясы, миссиясы бар.

 

Биллидегі Артур деген ең сабырлы,  өте ақылды, өзі атеист тұлға болған. Сол логика арқылы өзінің бөлінген тұлға екенін және өзінен басқа да көп тұлғаның барын анықтаған. Сөйтіп, ерен күштің иесі - тұлға Рейджинмен келісіп, дененің негізгі иесі Билли бір пәлеге ұшырамас үшін қауіпті деген тұлғаларды анықтаған, олардың сыртқа шығуына контроль жасаған. Бірде басқа бір тұлға Рейджинді үгіттеп, өгей әкені өлтіруге көндіреді, оны Артур біліп қап, Кристин деген сәбиді санаға иелік етуге шығарады да, Биллиді қылмыс жасаудан сақтап қалады. Дегенмен, Артур "ұйқыға" кеткенде, басқа қауіпті тұлғалар санаға иелік етіп, Билли түрлі қылмыс жасаған.

 

Әр тұлға бөлек өмір сүргендіктен, Билли есін жиғанда не істеп қойғанын ұқпай отырған. Оны қыз зорлады деп, шабуыл жасады деп айыптағанда оны қалай жасағанын түсінбеген. Содан оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, емдейді. Ең мықты деген америкалық врачтар бөлінген тұлғалардың бәрін қосып, Биллиді емдеп шыққан. Ол сосын қалыпты өмір сүріп, кейін онкодан қайтыс болды.

 

 

Айла Керр

facebook.com