Қазақ халқы қандай сандарды қасиетті санаған

Қазақ халқы қандай сандарды қасиетті санаған

Қазақ халқында қасиетті саналатын бір шоғыр сан бар. Олардың қатарына 3, 5, 7, 9, 40 сияқты сандар жатады. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі қолданыста жүрген ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлер осы сандармен тығыз байланысты

Қазақ үшін әр санның өзіндік қасиеті мен киесі, сыры мен жұмбағы, мән-маңызы болған. Халқымыз әр санның өзіне тән ерекшелігін саралап, жөнімен қолданған. Қасиетті сандар және олардың киесі туралы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Үш саны
Жалпы түркі халықтарында, соның ішінде қазақ халқында 3 саны қасиетті саналады. Бұл сан халқымыздың ұлттық болмысына, санасына, салт-дәстүріне әбден сіңіп кеткен.

Тілімізде үш санымен байланысты аталы сөздер, тұрақты тіркестер баршылық. Мысалы, қазақ халқы ер жігіттің үш жұрты бар дейді. Олар: өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Халық осы үш жұртына былай деп баға берген: "Өз жұртың – күншіл, бар болса – көре алмайды, жоқ болса – бере алмайды, жақсы болсаң – күндейді, жаман болсаң –  жүндейді. Қайын жұртың – міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды, жағаңның қызылдығына қарайды, берсең –  жағасың, бермесең – дауға қаласың. Нағашы жұртың – сыншыл, жақсылығыңа сүйенеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілейді, тілеуқор, қамқоршы болады".

Бұдан бөлек, үш арсыз –  ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз;  үш даусыз – мінез, кәрілік, ажал; үш байлық: бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық; үш ортақ – ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ деген қанатты сөздер бар. 

Тілімізде "үш қайнатса сорпасы қосылмайды", "үш ұйықтаса түсіне кірмеген" деген тіркестер де қолданылады.

Қазақ халқы аптаның үшінші күнін, яғни сәрсенбіні сәтті күнге балайды. Мұның өзі үш санының айрықша мән-маңызға ие болғанын аңғартады.

Бес саны
Қазақ халқында 5 санымен байланысты ұғымдар да жиі ұшырасады.

Бес қару

"Ер қаруы – бес қару" деп қазақ батырлары шайқаста қолданған қару түрлерін айтқан. Бұл қаруларды қазақ халқы XVII-XIX ғасырдың аяғына дейін пайдаланып келді. Қолдану аясына қарай бес түрге бөлген. Бірінші – шабу қаруы (балта, айбалта, шақан), екінші – түйреу қаруы (найза, сүңгі), үшінші – кесу қаруы (қылыш,семсер, сапы), төртінші – соғу қаруы (шоқпар, гүрзі), бесінші – ату қаруы (садақ, мылтық). Бес қару қасиетті, киелі саналған.

Бес парыз

Исламның негізгі деген бес парызы бар екені белгілі. Олар: Шахада (куәлік ету), намаз, ораза, зекет және қажылық. Бұл жайында ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) хадісінде былай деген: "Ислам бес негізге құрылған: Шахада (Алла Тағаладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммед Алла елшісі екендігіне куәлік ету), намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және рамазан оразасы".


Бес намаз

Сонымен қатар әр мұсылманға күн сайын бес уақыт намаз оқу Құранда парыз етілген. Олар: таң намазы, бесін намаз, екінті намазы, ақшам намаз, құптан намазы.

Бес борыш

Ағайын, жақын, таныс адамдардың бір–біріне деген бес борышы:

Аллаға, Пайғамбарымызға байланысты борыш;
Адамның өз-өзіне байланысты борыш;
Мемлекет пен халық алдындағы борыш;
Үй іші, жақындарына байланысты борыш;
Адамгершілік әлеміне деген борыш.
Бес қатер

От;
Жау;
Борыш;
Ауру;
Сөз.
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан бес өсиет

Жаманмен дос болма, арыңды сатпа, намысыңды жіберме, арсыздан бата алма, жаман әдетке жолама;
Әділ бол, өзіңе ғана сен, күншіл болма, көпшіл бол, сараңдықтан аулақ жүр;
Шешімді бол, қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер, шыдамды бол, ашуға бой алдырма, үлкенге құрмет көрсет;
Ақымаққа сенбе, жауға иілме, әрқашан сақ жүр, аш үйге қонба, жарлыдан сый алма;
Біліміңмен жауыңды жық, кеңдігіңмен көпті таңырқат, ерлігіңмен еліңе әйгілі бол, ұрпағыңмен мың жаса, ата салтын ардақтай біл.
Сондай-ақ қазақ халқында Бес жақсы дәстүрі де болған. Халық арасында жоғары құрмет пен марапат, сый-сияпаттың ең жоғары түрі осы бес жақсы дәстүрі арқылы көрсетілген. "Бес жақсының"  бір түрінің өзі 4-5 жылқыға бағаланған.

"Бес жақсыға" мыналар жатады: қара нар, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бұлғын ішік.

Ұлы ақын Абай атамыздың өлең жолдарында да бес саны кездеседі.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз...

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой -

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Бұдан бөлек, аптаның бесінші күні – жұма. Ал Исламда жамағат болып құлшылық жасайтын күн ретінде жұма таңдалған. Сол себепті мұсылмандар үшін жұма қасиетті күн саналады.

Жеті саны
7 саны – халқымыз үшін қастерлі сан. Жеті санымен байланыстырылып айтылатын ұғым дәстүрімізде де, тілдік мәдениетімізде де көп сақталған.

Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспайды. Бұл ата-бабамыздан бері қарай келе жатқан қатаң ереже. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, жеті атасының есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. "Жеті атасын білген ұл – жеті жұртқа жөн айтар",  "Жеті атасын білмеген жетесіз" деген аталы сөздер осыдан қалса керек.

Қазақ ұлтында ежелден қалыптасқан философиялық түсінік бар, ол – Жеті қазына. Жалпы жеті қазына ертеректе көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқы жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырған. Сол себепті оған жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қандыауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездікті жатқызған.

 Сондай-ақ қазақ салтында қайтыс болған адамның жетісі деген ұғым бар. Мәйіт жер қойнына тапсырылған соң, жеті күн бойы періштелер тарапынан сұраққа алынады екен. Сондықтан да сахабалар сол күндері марқұмның атынан ас берілуін ұнамды әрекет санаған. 

Бұдан бөлек, қазақта қасиетті жұма күні жеті шелпек пісіру дәстүрі бар.

Жеті саны кейде жамандықпен де байланыстырылып жатады. Мысалы, қазақ "жұт жеті ағайынды" дейді. Халық жеті жұтқа мыналарды жатқызады: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала.

Сан құдіретіне қатысты мына жәйтті де айта кетуге болады. Қазақтың жаңа жылы Наурыз айынан басталады. Ал Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында 7 түрлі дәм қосылатын Наурыз көже дайындалады.

Жеті санымен бірге айтылатын сөздің тағы бірі — "Жеті жетім", "Жеті жоқ", "Жеті амал", "Жеті қат көк" деген сөздер бар.

Жеті жетім

Тыңдамаған сөз жетім; Киюсіз тозған бөз жетім; Иесіз қалған жер жетім; Басшысы жоқ ел жетім; Аққу-қазсыз көл жетім; Жерінен айырылған ер жетім; Замандасы қалмаса – бәрінен де сол жетім.

Жеті жоқ

Жерде өлшеуіш жоқ; Аспанда тіреуіш жоқ;  Таста тамыр жоқ; Тасбақада талақ жоқ; Аллада бауыр жоқ; Аққуда сүт жоқ, Жылқыда өт жоқ.

Жеті амал

Күннің тоқырауы; Қарашаның қайтуы; Үркердің батуы; Мұздың қатуы; Киіктің матауы; Қыс тоқсан; Ай тоғамы.

Жеті күн

1. Бүгін. 2. Ертең. 3. Бүрсігүні. 4. Арғы күн. 5. Ауыр күн. 6. Соңғы күн. 7. Азына.

1. Дүйсенбі. 2. Сейсенбі. 3. Сәрсенбі (сәтті күн). 4. Бейсенбі. 5. Жұма (қасиетті күн). 6. Сенбі. 7. Жексенбі.

Тоғыз саны
9 саны да қазақтың ескі салтынан орын тепкен қасиетті сан. Бір рудың екінші руға, бір кісінің екінші кісіге сыйлайтын сыйының, кейде төлейтін айыбының "бір тоғыз", "үш тоғыз", "тоғыз тоғыз" болып келуі осыны толығымен айқындайды.

Тоғыз санымен байланысты тіркестер: "тоғыз ай, тоғыз күн бала көтеру", "тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келді", "тоғыз жолдың торабы", "тоғыз қабат торқа қию", "бір тоғыз, екі тоғыз, үш тоғыз (құдалықта орындалатын дәстүр), "тоғыз жау".

Оқи отырыңыз: Қазақ халқы жеті қазынаға нені жатқызғанКөшпенділер тоғыз санын болмыстың шыңы деп санаған, олардың салт-дәстүрлері мен наным-сенімдерінде тоғыз саны қасиетті болып есептелген. Тоғыз санының омонимі – "ұзақ өмір".

Сонымен бірге қазақтарда тоғызқұмалақ ойыны бар. Соңғы деректерге сүйенсек, бұл ұлттық ойынның шығу тарихы төрт мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, ол бұдан да ерте пайда болған болуы мүмкін.

Он үш саны
Әлем халықтарында "13" тылсым құпияға толы сәтсіз сан саналады. Кейбірі тіпті бұл сан бақытсыздық әкеледі деп сенеді. Ал қазақ халқы, керісінше, "Он үште – отау иесі" деп жас балаға сенім артып, жауапкершілік жүктейді. Оның үстіне 13 – алғашқы мүшел жас.

Қырық саны
40 – қазақ халқында өте қастерлі сан. Сәби дүние есігін ашқаннан кейінгі қырық күн өте маңызды саналған. Халқымыз тіл-көз тимес үшін сәбиді қырық күн бойы бөтен адамдарға көрсетпеген. Бала қырқынан шыққанша "сүт тырнағын", "қарын шашын" алмайды.

 Баланы қырқынан шығарарда дастархан жайып, көршілес, ағайын-туыс әйелдерді қонаққа шақырады. Әрбір келген әйел өзінің балаға деген ізгі тілегін білдіреді. Сәбиді шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс –  адалдықтың белгісі, күміс салынған су – ең таза су саналады және оған жын-шайтан жоламайды. Ең сыйлы ағайын әйел: "Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсын!" деп сәбиді шомылдырып, қарын шашы мен тырнағын алады. Қарын шашты сақтап қояды, ал тырнақтарды көзден таса бір жерге көміп тастаған. Қазақта "қарын шаштың қарғысы қатты болады" деген түсінік бар. Нәрестені шомылдырған суды келіншектердің бірі баланың бай болуын ырымдап мал қораға, төрге шашқан. 

Сондай-ақ қазақта "қайтыс болған адамның қырқын беру" жөн-жоралғысы бар.

Қазақта "Қызға қырық үйден тыйым", "Жақсы әке жаман балаға қырық жыл ризық", "Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмассың", "Қырықтың бірі – Қыдыр", "Бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады", "Ханда 40 адамның ақылы бар", "Қырық атан ұстама, Қырық тамыр ұста", "Әйелдің қырық жаны бар", "Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі" деген нақыл сөздер аз емес.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста