Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Көріпкелге бармаңыз...

  • https://xn----7sbfitpncj2ai6g5cgc.xn--p1ai/

    https://xn----7sbfitpncj2ai6g5cgc.xn--p1ai/

Өз басым көріпкел, құмалақшы дегенге сенбейтін адам едім. Бірақ енді оған сенетін болдым. Әрине, аһ ұрып, бірден бас ұрмадым. Алдымен зерттеу жүргіздім. Нәтижесінде көріпкелдік бары расталды. Мен бұл жайттан алған үлкен сабағым: балгер-болжаушыларға жолауға болмайды, олардан, мейілінше бойды аулақ ұстау керек. «Алаш айнасы» басылымындағы оқырмандар хатына арналған айдарда осы басымнан өткізген өз зерттеуім жайлы баян етсем деймін.

Әрине, діннің құмалақшы, емшілер жайлы түйер өзіндік пайымы бар. Бірақ мен аса діншіл адам емеспін (бұл арада тек өзіме қатысты айтып отырмын, әйтпесе арғы аталарымның барлығы дерлік исламды ұстанған жандар). Сондықтан бұл төңіректегі пікірталастарды онша елей бермеуші едім. Көзім ашық, екі бірдей жоғары білімім бар. Өзіндік өмірлік ұстанымдарым әлдеқашан қалыптасқан. Әсіресе, өмірде кездейсоқтық болатындығына сенбеймін, қысқа ғана қамшының сабындай өмірде барлық дүние бір-бірімен сабақтасып жатыр деп ой түйемін. Сол себепті мен үнемі өзіме қатысты болған жайттарды бір-бірімен сабақтастырып, одан қорытынды шығаруға тырысатынмын. Шыны керек, көмегі өте зор. Шешімі жоқ есеп секілді өмірде орын алған мәселенің де сан түрлі шешімі бар. Оның ішінде ең оңтайлысына дөп түсу үшін өмірдегі қат-қабат сабақтасып жатқан дүниені жіті бақылап, логикаға салсаңыз, жетіп жатыр. Бір емес бірнеше мәселеңізді бір ретте шешіп алуыңызға болады. Жөн делік. Енді әңгіменің басты өзегіне оралайын.

Мен де күндердің күні ел қатарлы себеппен көріпкел-емші алдына барып қалдым. Өйткені біздің дәрігерлердің жайы белгілі ғой, басқасын қайдам, Алматыдағылар науқастың қалтасы әбден «тазаланғанша» бір-біріне доп құсатып «дөңгелете» береді. Ал нәтижесі бәз-баяғы. Емшіге баруға кеңес берген Еркеш деген досым еді. Ол жоғалған ірі сомадағы ақшасын бір көріпкелдің көмегімен тауып алып, қатты қуанған екен. Осы жайтты жіпке тізгендей әңгімелеп, емшінің жарнамасын өлтіріп жіберген досым арқамнан қағып, солай қарай жөн сілтеп жіберді.

Жазып алған мекен-жай бойынша діттеген жеріме жеттім. Қаланың қақ ортасындағы ескі там көзге қораш көрінеді екен. Есігінен еңкейе үйге бас сұқтым. Сөйтсем бір бөлме толы адам жерге жайғасып алыпты. Араның ұясындағыдай гу-гу етеді. Барлығы емшіні күтіп отырса керек. Мен де араларына барып, бір ыңғайлы жерге қонжия кеттім. Бір уақытқа еңгезердей бір кісі (мүмкін кішкентай тамның жанында ол сондай боп көрінген шығар) есіктен төбе көрсетті. Жиналған қауымның қақ ортасына малдас құра отырған ол келушілерді алдына бір-бірлеп шақыра бастады. Ескі үйдің күлімсі иісі басты айналдырып барады, қапырық ауа да жүрегімді қыса бастады. Содан орнымнан тұрып кетіп қалуды жөн деп таптым. Сол кезде әлгі адам «Сен бала, бері жақында, сынау үшін келіп отырған соң сол ісіңмен асықпай шұғылдансын деп бағанадан бері мазаламадым» деді бетіме қарап. Мен тіл қатпадым. Қолымды алған ол менің жеті атамның атын атап, түрін түстей бастады. Егер жеті атамды білмесем оның сөзіне мән де бермес едім. Бірақ марқұм апам туысқаншыл, өте мықты кісі еді, жеті деп айтпай-ақ қояйын, бірақ төрт атаға дейінгі туысқандарымызбен бүгіндері жақсы араласып тұрамыз. Арғы тегімде молда да барын, сұлтан да барын, қасиетті қажының да барын көзін жұмған емші растап жатыр. «Солардан шыққан сен неге жаман болуың керек» деп көзін ашқан емшіге қадалып қарап қалдым. Өйткені бұл менің апамның сөзі еді. Арғы жақтағы, бергі жақтағы туысқандардың көзін түгендеп отыратын апам аталарымды аңыздай етіп әңгіме қылушы еді. Сөз соңында міндетті түрде жаңағы айтылғанды айтуды ұмытпайтын. Ол менің ойымнан дөп түскендей «Иә, иә, апаңмен сөйлесіп тұрмын» деді. Көп нәрсені, науқасымның себебін де дөп басып айтты. Дұрыстап емделмесем әскерде басымнан өткен жайсыз жайттың денсаулыққа салдары жаман болатынын ескертті. Сөз соңында ол кісі маған енді емші-домшы дегендерге жоламауға кеңес берді. Бұл менің бірінші рет емшіде боп, бірінші рет ол жайында ой түюім еді.


Екіншісі кездейсоқ орын алды. Бұл жолғысы орыс болды. Жыл бойғы еңбектен бой жазып, дұрыстап тынығу үшін ел жақтағы санаторийді таңдап алдым. Сөйтсем ол араға демалуға Ресей жақтан мықты бір экстрасенс кепті. Теледидардан да көрсеткен болуы керек. Мұндағы елдің барлығы діттеген мақсатын ұмытып кеткендей, әлгі көріпкелдің есігін күнбе-күн қарауылдап әлек. Мен оған аса қызыға қоймадым. Ол мен орналасқан екінші қабаттың кіре берісіндегі бөлмеде көрінеді. Сондықтан өз бөлмемнен кіріп шыққан сайын сол арадан өтетінмін. Бірде сол бөлме алдынан өтіп бара жатқанда алдында адам кезегі бар есік ашылып, ар жағынан басын қылтитқан орыс жігіті маған: «Парень, да, да, Вы, коричневой рубашке, подоидите сюда» деді. Онсыз да кезек күтіп тағатсызданып тұрған жұрт «Ойбай, анау сені шақырып жатыр» деп аңтарылған мені итере-митере әлгі есікке кіргізіп жіберді. «Сізді неге арнайы шақырып алғанымды білесіз бе» деді әлгі сары үрпек жігіт. Үндемедім. Ол сөзін жалғай берді: «Сізде ерте заманның коды бар, сондықтан маған өте қызық боп тұр, соны анықтасам деп едім, Сіз қарсы емессіз бе» деді. Бұдан ештеңе түсінбедім. Содан арада болған ұзақ әңгімеден ұққаным қасиетті ата-бабам өзінің болашақ ұрпағын тіл-көзден «сақтау» үшін құпия сүрені қолданып, маған код салған көрінеді, ондайда менің ақпарат кеңістігіме өзгелердің, әрине болжағыштардың кіруіне тыйым салынады екен. Демек, алдындағы қазақ көріпкелінің ескертуі бекер болмағаны ғой. Бірақ кәпір болған соң ба оның сөзіне ұий қоймадым.

Қас қарая бөлмеме келіп жатып қалғанмын. Ұйқыдан көзімді ашсам екінші қабаттың балкон жақтауының сыртында тұрмын. Шошып кеттім. Ешкім мұны байқамады. Өйткені таң рауандап енді атып келе жатыр екен. Науқастанып қалдым ба, бұл не болды деп қатты састым. Ойыма кешегі орыс жігіті орала берді. Айна алдына келгенде басым қатты айналып құлап қалдым. Бірақ есімді білемін. Қасымда суыр пайда болды, ашық қалған балкон есігінен бір құс пыр етіп ішке ұшып кірді. Денем суып кетті, кеудеме қарасам, үстімде жылан жатыр. Жан ұшырып айқайлап көмек шақырайын десем, аузым ашылғанымен даусым мүлде шықпайды. Қатты қиналдым. Сөйтіп жатқанда үстімдегі жыланды құс тістеп суыр алдына тастады, ол оны жұлмалай бастады. Қанатын қатты қағып бетпе-бет келген құстан шошынып денемді тіктеп, басымды көтердім. Сол кезде әлгінің барлығы жоқ боп кетті. Сүйретіліп төсегіме келіп жаттым. Не де болса осыған орыс көріпкелінің қатысы бар деген оймен бірден оның бөлмесіне тарттым. Есігін қатты тоқылдаттым. Ешкім жауап қатпады. Ақыры төменгі қабатқа түсіп, әкімшілікке бардым. Ондағы әйел көріпкелдің таң атпай кетіп қалғанын айтты. Бұл оқиға осымен тәмам болды.

Бірде жұмыс бабымен мықты дәрігермен жолықтым. Ол маған өзінің мықтылығын көріпкелділігімен байланысты екенін, сондықтан диагноз қойғанда дөп түсетіндігін, бірақ оны ешкімге тіс жарып айта бермейтінін жеткізді. «Құпиясын ешкімге айтпаса бүгін ғана көріп тұрған оны маған неге айтты екен» деп іштей ойладым. «Саған қиянат жасаған адам оңбай қапты, оны естідің бе» деді ол мені баяғыдан танитын адам құсап. Өз кезегімде мен ешкімнен қиянат көрмегінімді айттым. Бұған күлген дәрігер ағасы «Суыр мен құс түрінде келген ата-бабаң сені аман алып қалмап па еді» деді ұмтылып бара жатқан оқиғаны еске салды. Бұған таң-тамаша болдым. «Демек, жылан орыс жігіті болған ғой, оның оған не қажеті болды екен» деп ойладым. «Ол сенің кодыңды бұзбақшы болды, ал қасиетті нәрсеге тиісуге болмайды, ал тиіскен адам оңбайды» деді хирург.

Жұмыс орныма оралған соң ғаламтордағы іздеу желісіне әлгінің есімін жаздым. Сөйтсем орыс көріпкелі көлік апатынан қаза бопты. Осыдан кейін дәрігермен жақын араласа бастадым. «Сенің уақытың әлі келген жоқ» деді ол. Сөйтіп тылсым күштің түсіндіріп бергісіз жайттарымен мені ол біртіндеп таныстыра бастады. Кезінде әкем «бір атамыз молда болған, совет өкіметі тыйымына қарамастан намазын қаза қылмайтын, үйді қараңғылап, дұға оқып, түрлі затты орнынан жылжытып бала бізді ойнататын, дұғаның күші ғаламат болады екен» деп отыратын. Мен ертегіге ұқсатып айтатын әкемнің бұл әңгімесіне сенбегенмін. Сөйтсем бекер екен.

Бірде дәрігерден тылсым күштің тікелей ықпалын менің өзіме пайдалануды сұрадым. Ол күліп, үндемеген қалпы қала берді. Тура үйіме қарай бұрылыста жанар-жағар май бекеті бар-тын, мен сол арадан бұрыла бергенде бір машина кеп менің көлігіме соғылды. Сөйтсем артқы дөңгелектен соққан екен. Ештеңе болмапты. Қайтадан көлігіме отырып едім басым солқылдап ауыра бастады. Үйге келіп ыстық шәй іштім, көбіне осындайда басымның ауырғаны басылып қалушы еді. Бірақ бұл жолы өйтпеді. Дәрі ішкім келмеді. Сол кезде телефоным шырылдады. Дәрігер ағасы екен. «Басың қалай, көлігің аман ба» деді ол сынай күле. «Ағатай, екінші рет бұлай жасамаңызшы» дедім шыр-пыр боп. «Өзің едің ғой сұранған, бірақ мен де жетісіп тұрғаным жоқ, сенің қорғанысың барыңды ұмытып кетіппін ғой» деп тұтқаны тастай салды. Содан ол кісі қатты ауырып жатып қалды. Халің сұрап барып едім, ол менен кешірім сұрады. Бір айдан соң ол науқасынан толықтай айықты. «Күндердің күні сен де біздің қатарымызға келіп қосыласың» деген дәрігер ағасы енді көп байланыста болмағанымыз жөн екенін айтты. Мен оны түсінгендей болдым.

Демек, тағдырдың маңдайға жазған жазуына қарсы келуге болмайды. Сондықтан балгер, емшіге де баруға болмайды екен. Себебі олар сол жазуды өзгертуге тырысады. Тіпті ол үшін адамның өзімен бетпе-бет келіп жатудың қажеті де жоқ. Фото суреті болса жеткілікті. Міне, мұсылмандарда, нақтысында Құранда суретке түсуге тыйым салудың мәнісі осында жатқан болуы керек. Бұдан қауіпсіздік өкілдері де жақсы хабардар көрінеді. Сол себепті олар ел ішіндегі көріпкелдерді тізімге алып, олардан адамға зиян тигізбеу, мемлекеттік маңызды құпия мәліметтерді ашпау тура жазбаша қолхат алатын да сияқты. Әзірге мен олардың қатарына қосылғаным жоқ. Енді оларды менің көзіме де көрсетпесін деп тілеймін. Ал емші, балгерге бара жатқан адамдарды көрсем, оларға аянышпен қараймын. Өйткені олар тылсым күштің көмегіне жүгінуде өзінің бір қымбаттысын тәуекелге тігетінін біле бермейді ғой. Әр тәуіп адамның ақпарат кеңістігіне әр жақтан енеді. Сондықтан адамның бастапқы жазуы шатаса бастайды. Салдарынан ортамызда өмірден адасып, өз орнын таппай сансырап жүретін адамдар көп. Көбісі оның себебін аңғармай, тағдыр жазуынан тайып өмірден өтіп кетіп жатыр. Ең өкініштісі осы... 

Автор: Хат иесі Кейкібек, Алматы қаласы

alashainasy.kz




Көрілген: 1866    Пікірлер: 0

бейсенбі, 24.09.2020, 14:37

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Қыркүйек, 11:50
    О дүниеден оралған жігіт
    25 Қыркүйек, 13:49
    Жын мен жігіт
    24 Қыркүйек, 14:37
    Көріпкелге бармаңыз...
    21 Қыркүйек, 14:17
    Гипнозбен тонап кетті...
    17 Қыркүйек, 14:27
    Алтын көшкен түн
    15 Қыркүйек, 13:58
    Пері соққан Болатқан...
    9 Қыркүйек, 13:31
    Әкенің киесі...
    2 Қыркүйек, 15:02
    Бір түнде қартайған екен
    11 Тамыз, 15:02
    Мәйітханадағы түн
    19 Шілде, 21:29
    Періште мен сайтан

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31