Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Қыз әулиенің шашуы

  • https://alashainasy.kz/

    https://alashainasy.kz/

Жиембет жыраудың «Жотасы биік Дендерім» деп жырға қосқан мекені Атырау облысының Батыс Қазақстан облысымен шектесер тұсында орналасқан. Ресейдің Орал тауының сілемі осы Дендер өңірінде аяқталады. Жергілікті халық бұл тауды Дендертау деп атайды.

 

Дендер деген атау қалмақтың төбе, биіктік деген сөзінен шыққан. Тау-тасы мен жотасы жан түсінбес жұмбақ сыр бүккен бұл мекенге қатысты аңыз көп. Соның бірі &ndash Дендертас жөніндегі әпсана. Осы жерде өмірге келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қойшығұл Жылқышиев бізге Дендертас туралы аңызды айтып берді.

 

Дендердегі атақты бір байдың Жауһар атты қызы болыпты. Бір күні қыз отауының сыртына біреу дүбірлете шауып келіп, атын мама ағашқа асығыс байлай сала, киіз үйге кіріп келеді. Қаннен-қаперсіз отырған қыз сасқалақтап, киініп те үлгере алмай қалады әрі үйде жалғыз еді. Аңғарғаны &ndash алдында тұрған жігіттің көз тоймас көріктілігі, таныс емес үйге баса-көктеп кіргенін де іштей батылдыққа жорып қояды. Бай әкесінен қаймығып бұл үйге қыздың қатар-құрбылары да емін-еркін кіре бермейтін. Шала-шарпы қымтанған қыз әдеп сақтап, жігітке «төрлетіңіз» дейді де, өзі жүгіре басып әкесінің шаңырағына барады. Әңгімені естіген әкесі «бұл қай басынғандық?» деп ашуға басып, жандайшаптарын шақырып, жігіт отырған қыз отауының сыртын қыл арқанмен шырмап байлап тастайды да, байлауда тұрған айғырын піштіртіп жібереді. «Қыз үстіне баса-көктеп кіргенді көрсетейін!» деген түрі болса керек.

 

Бір күн өтеді, жігіттен үн шықпайды. Екі күн өтеді, тым-тырыс. Шілденің аптап ыстығы. «Бұл тым болмаса су сұрамай ма екен?» деп енді байдың өзі қобалжи бастайды. Байлаудағы айғыр да ұшты-күйлі жоқ.Құдайдың құдіреті, бай қыз отауының шырмауын шешкізіп, ішке кірсе, ешкім жоқ! Ақылға келген бай әлгі жігітпен тым болмаса тілдеспей, біліспей қалғанына өкінеді. «Жын ба, шайтан ба?» деген күдік көңіліне кіріп, қызынан қайталап сұрай береді. Жын дейін десе, айғырды піштірген кезде өзі де жұртпен бірге қарап тұрған. Осы күннен бастап қыз мінезіне өзгеріс ене бастайды. Күндіз-түні көз алдынан көркем жігіттің бейнесі кетпей қояды.

 

Сондай күндердің бірінде жігіт қыз түсіне еніп, аян береді: «Жауһар, сенің әкең жайлап отырған Жамантау, шын мәнінде, жаман тау емес, заманның тауы. Асты-үсті тұнған байлық. Оны алуға сенің көңілі тар әкеңнің ғұмыры жетпейді. Енді оның бұрынғы бар заманы зар заманға айналады. Мен Мәтен деген әулие едім. Саған әулиелік дарытқалы келіп едім, әкең кедергі болды. Бірақ бәрібір сен әулиелік жолға түсесің. Әке байлығының саған қажеті жоқ, еліңе қызмет қыл, ауырғанды емде, алдағыны болжа, жеріңді қазағыңнан басқаға таптатпа. Сенің әр сөзің, тіпті көз жасың халқыңа пайда әкеледі. Әулиелігіңе елді сендіру үшін тау басына түнде жанып, қасына адам жақындағанда қозғалып, алыстап кететін «Дендер» деген ғажайып тас қалдырдым. Ол тас әзірге сенің қолыңа түспейді, қартайғанда ие бола аласың. Сол кезде ғана еліңе керемет заман орнайды», &ndash деп.

 

Жауһар ұйқыдан оянған бойы Жамантауға бет алады. Құрбыларына көрген түсін айтып, бір өзі барғысы келетінін айтады. Артынан шауып келген әкесіне құстай ұшып жеткізбейді. Бойына бір қасиеттің қонғанын сезген қыз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады, ойынан көрікті жігіт кетпей қояды. Амалы жоқтықтан диуаналық күй кешіп кетеді. Бірақ қыздың айтқаны айнымай келетін, қолының ұшы тиген сырқаты тәуір болып кететін болады. Солай ол «Қыз әулие» атанады. Бай әкесінің бар малы бір жұтта қырылып қалып, байғұс күйге түседі. Қыз әулиенің кереметтігі сол &ndash ел шетіне жау кіргізбейді, халықтың байлығын тау астына жасырып ұстайды. Баяғы көрікті жігітке деген ғашықтығы бір сәт те басылмайды. Бірде Қыз әулие төбе басына шығып, құсалықтан жылайды, біраз уақыттан кейін басын көтеріп қараса, алдында жарқырап айдын көл жатыр дейді. Бұл қыздың көз жасынан жаралған көл екен. Күркіреуік, Сарқырауық деген бұлақтардан құйылып жатқан көлдің суы мен балшығына Қыз әулие емдік қасиет қосады, тұзды бұлаққа айналған бұл мекен талай адамның дертіне шипа болады. Осы көрініс жанын нұрландырған Қыз әулие айналасына қараса, өріс малға толыпты, ел еңсесін көтеріпті. Алақанында &ndash ғашығы Мәтен айтқан Дендертас! Жарқыраған тасты қолына қыса ұстаған күйі «Мәтен, мен Дендертасты таптым!» деп төбеге қарай жүгіре жөнелгенде алдынан бір қария кезігеді. «Жауһар, мен мұндамын. Дендертасты еліңе шашу қылып шаш. Бұл &ndash байлық нұры, бақыт жыры!» &ndash дейді де, көзден ғайып болады. Құшағын жайған бойы ауа қармап қалған Қыз әулие: «Мен енді не істеймін, Мәтен?» &ndash деуге ғана шамасы келеді. Сол кезде бейіт астынан: «Біз өмір бойы бір-бірімізге қолымыз жетпей өттік, енді сен менен алыстама», &ndash деген дауыс естіледі. Қыз әулие сол сәтте Дендертасты еліне шашу қылып шашады. Жұрттың бәріне жетті-ау деген кезде өзі де Мәтен зиратының жанына барып, жер астына кіріп жоқ болып кетеді. Сөйтіп, Мәтен мен Жауһардың зираттары ел бас иетін қасиетті мекенге айналады.

 

Қыз әулиенің көз жасынан жаралған Индер көлі айнадай болып ағып жатыр. Қазақстанда теңдесі жоқ Мұзқұдық та &ndash осы маңда. Қысы-жазы ерімейтін Мұзқұдық жайлы да ел аузында аңыз көп, соның бірінде ол Жауһардың Мәтенді енді таба алмайтынына көзі жетіп, көңілі суынғанда пайда болған делінеді.

 

Мәтен бейіті мен Қыз әулие мәңгілік тыныстаған жерден сәл алға жүрсең, алдыңнан Махамбет пен Сырым батырға бата берген Малайсары бидің мазары көзге шалынады. Одан 40 шақырым-дай жерде Мұрат Мөңкеұлының зираты жатыр.

 

Атыраулық ақын Қойшығұл Жылқышиев пен мүсінші Серік Мәтениязов, сәулетші Ғабит Ниязовтар жақында осы Индер ауданына туристік саяхат жобасын жасап шықты. Тарихи жерлерге ескерткіштер орнатып, жол салса, ЕХРО-2017-ге келген қонақтарды апаратын мәні мен маңызы зор бір орын жасақталар еді деген үміт бар.

 

 

alashainasy.kz




Көрілген: 4919    Пікірлер: 0

бейсенбі, 26.11.2020, 13:16

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    11 Қаңтар, 11:33
    Қара басу...
    10 Қаңтар, 13:11
    Қорқынышты қуыршақ
    9 Қаңтар, 11:33
    Көк ешкінің хикаясы...
    23 Желтоқсан 2020
    Ақ көйлекті әйел...
    16 Желтоқсан 2020
    Түсіңде қасқыр көрсең...
    14 Желтоқсан 2020
    Бүгін күн тұтылады
    9 Желтоқсан 2020
    Өліп, қайта тірілгендер
    2 Желтоқсан 2020
    Түсіңде қарға көрсең...
    26 Қараша 2020
    Қыз әулиенің шашуы
    25 Қараша 2020
    Құмиян құпиясы
    19 Қараша 2020
    Абылайдың түсі
    10 Қараша 2020
    Қарияның қарғысы...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31