"Қызға қарай алмайтындай етіп тастайды". Түркістандық еркек дуакеш әйелі туралы

12 қазан 2021, 01:32

Түркістан облысының тұрғыны ұзақ жыл бойы дуакеш әйелімен тылсым күштер арқылы күресіп жүргенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, басқа әйелдерге қарамасы үшін қызғаныштан ұдайы дуа жасайды екен, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны, 48 жастағы Әлімжан Айтуаров (аты-жөні өзгертілген — ред.) қай жерде дуа қайтаратын бақсы-құшынаш бар десе, ертеңіне сол жерден табылады. Өйткені әйелінің дуасынан өлердей қорқады екен.

 

Маған үнемі дуадан тазарып жүруім керек. Әйтпесе, денсаулығымнан айырыламын. Көңілім жарасқан басқа әйелдерім де бар. Соларға бармасын деп жұбайым жиі дуа жасайды, —дейді отағасы.

 

Әдетте, оңтүстікте емшілер мен көріпкелдерді жағалайтындар көп. Дені — әйелдер. Емшілердің алдында денсаулығы сыр берген соң, не туыс әпкесінің, не әйелінің айтуымен ғана келген некен-саяқ шарасыз ер адамдар да бар. Әлімжан Айтуаровтың жөні мүлдем бөлек.

 

Одан қызық көріп: "Әйеліңіздің дуа жасағанын қайдан білесіз?" деп сұрағанымызда, ол көңілдестеріне баруға зауқы соқпай, тұйықталып кететінімен түсіндіреді.

 

Қалай дем салып, дуадан денемді тазартса, солай бәрі жақсарады. 25-тегі жігіттердей бойыма қуат келеді, —деп сырын ақтарды Әлімжан Айтуаров.