Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Мені қарғыс атқан секілді

  • © seedoff.net

    © seedoff.net

Жазмыштан озмыш жоқ екені рас. Маңдайға жазылған тағдырдан асып ешқайда бара алмайсың деген дана сөз текке айтылмағанын енді түсінгендеймін. Бірақ көз алдымда күні бүгінгідей елестейтін өткен өмірдің бейнесі жанымды қоярға жер тапқызбайды.

 

Жүрегімнің дүрсілі тоқтағанша есімнен шығара алмайтын бұл жайды тірі жанға айтқанда емеспін. Дегенмен, қағазға қарап сыр ақтару, жақын жуыққа айтқаннан гөрі әлдеқайда жеңілірек сияқты көрінді. Сол себепті тағдыры менімен ұқсас жандар сияқты «Алаш айнасы» порталында өз өмірімнің жұртқа беймәлім тек өзіме мәлім тұстарын жазуды ұйғардым. Бәлкім менің жіберген қателіктерімнен қаны қазақ басқа жандар өмірлік сабақ алатын шығар.

 

Көкірек тұсымды ащы өкініш тілгілеп, санамды сабалай ұратын жағдай менің жастық дәуренімде орын алған. Ол кезде әрине ұшарын жел, қонарын сай білетін нағыз желөкпенің өзі едім. Қыз біткенге қырғидай тиетінмін. Сұлу әрі көрікті қыздарды көргенде жанымды қоярға жер таппаймын. Қашан уысыма түсіріп, өзімдікі еткенше менде сабыр болмайтын. Түн баласы көз ілмей қызды үйдің ауласын аңдып, алдап-сулап би кешіне шығаруға әбден әккіленіп алғанмын. Бірақ менің ғашықтығым аптадан әріге бармайтын. Қызығым басылғасын әлгі қызды тастай салып басқаға құрық салудың амалына кірісемін.

 

Байғұс қыздар менің мұндай тірлігімді қайдан білсін. Сезімін бұрқ етіп жанып, көлікті жігіттің қызы атандым дегенде тайып тұрамын. Тіпті, ұялы телефонымды көтермей қоямын. Хабарламаларын оқымастан жойып жіберемін. Көргенде де көңіл аудармай жай бас изеген болып өте шығамын. Мұныма зығырданы қайнаған қыздар кейде тіпті өзара төбелеске шығып жатқанын да естимін. Ондайда мәртебем бұрынғыдан да артып, төбем көкке жеткендей болады. Жолдас-жораларыма айтсам олар да қосылып, «жарайсың нағыз еркек!» деп мені одан сайын есіртеді.

 

Иә. Расында қыздарды қолғапша ауыстыратын болдым. Тіпті, бір уақытта қанша қызым барлығына өзім де жаңылысып қалатын болдым. Кейбірі бір-бірін мүлде танымайтын, таныса шағын қаланың сыртына төбелеске шығады. Мұндайды тастайтын мен бе? Астымдағы темір тұлпарды ерттеп алып, Белгілеген жерге жолдас-жораммен бірге жетіп барамын. Олар онша көре алмайтын қалтарыста тұрып төбелесті бейне камераға да түсіріп аламыз. Ал бұндай дүние екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Қызықтың көкесін ғаламторға салып жібіреміз. Сөйтіп біздің бейне түсірілімді жұрттың бәрі көреді.

 

Әрине, қыздардың төбелесі олардың ата-аналарына, оқу орындарына да жетеді ғой. Одан кейін құқық қорғау органдары да құлақтанып үлгереді. Тәртіп бұзған қыздар осылай жазасын алады. Біреулері тіпті майып болып, айлап төсек тартып жатқандар да табылды. Әрине, онда менің шаруам жоқ. Бәрі мен үшін болып жатса да, судан ақ, сүттен таза күйде жүре беремін.

 

Қыздардың арасында тіпті істері сотқа жетіп, бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырылып тынғандары да табылды. Бұрын ұнатқан сияқты болсам да, басыма бәле тілеп алмайын деп ешнәрсеге араласпаймын. Мұны білген ата-аналар мен қыздардың жақын-жуықтары маған қарғыс айта бастады.

 

Жексұрын, сен оңбаған осылай шалқайып жүре беремін деп ойлайсың ба? Құдай сені де жазасыз қалдырмайды. Қызымыздың түбіне жеттің. Арсыз неме... Тұқымың тұздай құрысын. Өмір бойы қу тізеңді құшақтап өт, деген сияқты сөздер маған күнделікті айтылатын.

 

Бірақ мен бұл сөздерді де елең етпеймін. Өз ойлағанымды жүзеге асырып, басқа қыздардың басын шыр айналдырып жүре беремін. Жанары жасқа толып, қыр соңымнан жүгірген қыздарды осылай жіпсіз байлап, кейін лақтырудың шеберіне айналдым.

 

Тіпті, қыздарға қолдары жете алмай жүрген бірталай жігіттер маған әдіс-айла сұрап келетін болды. Ондайда аянып қалатын мен бе? Сыраңды ал, дәмханаға барып отырайық. Құпиямның бәрін сол жерде баяндаймын деймін. Сөйтіп, сыраны сіміріп отырып, өзімнің «супер жігіт» екенімді көрсете отырып, ауыздарының суын құртып әңгімелеп беремін. Оған көңілдері толып, «қыз аулау операциясына» олар да кіріседі. Ауызданып, алғашқы қадамдарын жасағандары маған атап өтетін болды. Сөйтіп, енді жалғыз емес өзімнің қасыма бірқатар әккі жігіттерді ерткен нағыз топқа айналдық. Біз түнгі клубқа кірсек қыз біткен шыңғыра жөнеледі. Әсіресе, маған деген қошемет-қолпаштау керемет. Мен де мақтауға тұрарлықтай болып, ерекше сән-салтанатпен кербез басамын. Аузымда темекі, маңдайыма қарай жылжытып қойған қап-қара көзілдірік. Темекінің қою түтінінен ешнәрсені ажыратып болмайды. Жарқ-жұрқ еткен жарық пен қатты музыкаға еліре билеген жастар. Көз жұмулы көңіл мас болып, сыраны сімірген жап-жас қыздар. Қыздарды көргенде айғырдай болып арқырап, жын ұрған бақсыдай құтырынған жігіттер.

 

Мен де солардың бірімін. Бір кезде қасыма бір жап-жас жігіт келіп оралған бір нәрсеи ұсынды. Қарамастан қалтама сала салдым. Бір кезде сау етіп, полиция қызметкерлері келіп бізді ұстап алды. Қалтамды ақтарғанда бірнеше орам есірткі шыққанда жанымды қоярға жер таппадым. Сөйтіп ойнақтап жүріп от басып қалғанымды бірақ байқадым.

 

Мұны маған әдейі салған деген сөзімді ешкім елең де қылмады. Бөлімге алып барған тәртіп сақшылары әбден қинап, есірткіні өзімдікі екенін мойындатып, қолымды қойғызып жіберді. Бармағымды шайнап болмаған істі болдыға айналдырып, темір торға тоғытылып кете бардым. Сөйтіп бірнеше жыл түрменің де ащы дәмін таттым.

 

Мұнда бәрі басқаша болып шықты. Ештеңеден тайынбайтын түрмедегілермен бірнеше рет төбелесіп, таяқ та жеген кездерім болды. Қабырғам сынып бірнеше апта түрме ауруханасында да жаттым. Байғұс қарт ата-анам ғана артымнан іздеп келіп, маған азын-аулақ тиын-тебендерін береді. Баяғы достарым мен қыздардың бірі де маған түрмеге келмейтін болды. Қараңғы қапаста жалғыздан жалғыз жатып ішің де пысады. Әбден қаным қарайып жүрегім езіліп жылайтын болдым. Тосқанда уақыт та таусыла ма? Әрбір күнім жылға татитындай ұзақ күндер жылжып өтті. Сөйтіп, түрмеден де аман-есен екі жылдан соң шықтым. Енді бұрынғыдай дос-жаран қыз-қырқыннан аулақ болатын болдым. Бірақ, қос өкпеден тұтас денеден өткен суық мені әбден қинады. Үйде болғанымнан аурухана кереуетінде жататын уақытым көп. Әбден қиналып кеттім. Ешқандай дос-жаран қиын тұста менің қасымнан табылмады. Тек бала кезден бірге өскен Ердос қана келіп анда-санда халімді біліп тұрады. Бар ермегім жатып алып ғаламтор ақтарып ана-мынаны оқитын болдым.

 

Өкініш өртеген өзегім жанымды қоярға жер тапқызбаған жайым осы. Қазір менің не құрбым, не қасымда жолдасым да жоқ Бір к.н ауру бір күн сау жанмын. Жасым қырыққа таяғандықтан енді маған өзім қалап тұратын қыздар да жуымайды. Қарғыс дәл тиді ме деп те қаламын, - кейде қапаланып, Бірақ өкінгеннен енді қандай пайда. Жаралы арыстандай ыңыранып өткен күннің елестерін сағына еске аламын. Қазір енді менің ешнәрсе қызықтырмайды. Не істесем екен. Жанымды осылай қинағанша бәлкім өз-өзіме қол жұмсап өлгенім жөн бе. Қартайған әке-шешем де жалғыз ұлдарын уайымдап әбден шөгіп кетті. Менің түрім мынау. Оларға әлі немере сүйдіруім кеерек қой. Олардың қандай жазығы бар десеңші...Әттең, әттең өмір қайта айналып келсе ғой...Бәрі басқаша болар еді-ау.

 

 

 

Досан, Ақтау

alashainasy.kz




Көрілген: 1834    Пікірлер: 0

сенбі, 26.06.2021, 09:00

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Қыркүйек, 10:15
    Уақыт
    16 Қыркүйек, 11:45
    Жалғыз аяқ жол
    15 Қыркүйек, 11:33
    Жын жабысқан жігіт...
    14 Қыркүйек, 17:31
    Балбал-қыз...
    13 Қыркүйек, 14:20
    Cу перісін сүйген жігіт
    11 Қыркүйек, 09:51
    «Тораңғылы» сиқыры
    6 Қыркүйек, 17:13
    Балбалтастың құпиясы...
    2 Қыркүйек, 17:40
    АЖАЛСЫЗ БАЛА
    21 Тамыз, 09:45
    Шайтанның ісі...
    18 Тамыз, 09:07
    Қашқын...
    14 Тамыз, 10:30
    Айна...
    9 Тамыз, 17:12
    Ақ түйе...
    22 Маусым, 09:07
    Оқ дарымайтын адам...
    18 Маусым, 09:48
    Түсіңде сәби көрсең...
    15 Маусым, 09:20
    Жер асты жұмбағы...
    6 Маусым, 09:16
    Егіз тұмар
    2 Маусым, 09:17
    Ренжіген әруақ...
    23 Мамыр, 02:09
    ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮС
    1 Мамыр, 19:18
    Қабірдегі өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30