Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Менің көк жүзінен көргенім не? Батыр кейпіндегі періште ме, әлде...

  • Менің көк жүзінен көргенім не? Батыр кейпіндегі періште ме, әлде...

    Менің көк жүзінен көргенім не? Батыр кейпіндегі періште ме, әлде...

Менің өмірімде тылсым оқиғалар көп болған емес. Әйтсе де, бала күнімде көрген осы бір жағдай әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Мұны балалық шағымда көрген түсім шығар деп те ойлағам, бірақ қанша қорқынышты түс болмасын уақыт өте келе ұмыт болып жатады емес пе? Әрі түс екенін де білеміз ғой. Мен үшін әлі күнге дейін беймәлім бұл оқиғаны өз көзіммен көргенім анық.
Бұл кезде мен 7-8 жастағы бала болатынмын. Біз Алматы облысы, Қаратал ауданы, Бәйшегір ауылында тұратынбыз. Мен күнұзақ Серік ағаның балаларымен ойнайтынмын. Серік аға – Раушан шешемінің туған ағасы. Ол көшеде өзім қатарлы балалар да көп еді.
Көктем мезгілі болатын. Біз, балалар, жердің құрғап, ағаштардың бүр жарғанына мәз болып, асыр салып жүргенбіз. Асық ойнап, ләңгі де тептік. Сол күні аспанның қабағы ашылмай түнеріп тұрды. Серік ағаның көршісінің үйі сыртындағы шарбаққа жапсарлас орнатылған сәкіде екі-үш шал-кемпір әңгімелесіп отырған. Мен балалармен қуаласпақ ойнап жүргенмін. Бір кезде суық жел соқты. Кенет аспандағы сұр бұлттар теңселіп, буырқана бастады. Кенет аспан сатыр-сұтыр етті.
Аспан дүр сілкініп, көкжиектің әр жерінде ақ шыбықтар пайда болды. Найзағай алғашында алыс аймақта жарқ еткен, бірақ бірте-бірте жақындап келе жатты. Әсіресе, Қаратал өзенін жоғарылай, иір қамшылаған жасын жарқ етіп, зәремізді ұшырды. Балалар үрпейісіп, шал-кемпірдің жанына тығылды. Әп-сәтте батыс жақтан шұғылалы нұр көрінді. Мен аңтарылып, бір орнымда қозғалмай, қалшиып қалыппын. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, құдды жердің шетінен көтеріліп шыққандай, дулығалы, кеудесі қаптама сауыт, қолында ұзын найзасы бар салт атты көкке қарай өрлеп бара жатты. О, Тоба! Қазақ батырларынан бір аусайшы! Бір кереметі – салт атты найзасын сілкіп қалғанда найзаның ұшынан шашыраған ұшқын найзағай боп жарқ етіп, аспанға тілгілеп өтеді.

– Ананы қараңдар!, – деп айғай салдым. Жанымдағы балалар да саусақтарын шошайтып, қызығып, таңдана аспанға қарады. Тек орындықта отырған шал-кемпірлер ғана міз бақпады. Оларға қарадым, тіпті алаңсыз, еш елеусіз. Шамасы, олар бұл ғажайыпты көрмеген болуы керек. Салт атты тұманға ұқсас ақша бұлт арасынан жарқырай көрініп, сол заматта ғаламат сәуле шашырап, аспанға биіктей берді. Аттың қанаты жоқ, тек төрт тұяғын серпісе болды, жоғары өрлей береді. Бұл құбылыс бірнеше секунт ғана болған шығар, бірақ жаңа ғана өткендей көз алдымда.
Күн қатты күркіреп, жаңбыр сібірлей бастады. Сонда ғана шал-кемпірлер орындықтан тұрып, үйлеріне тарасты. Бізге найзағай астында жүрмеуімізді, жауын-шашынға малшынбай тұрғанда үйге қайтуды ескерті. Жан-жағыма қарасам, балалар зым-зия жоқ болыпты. Мен алған әсерімнен арыла алмай, найзағайдан қатты қорықсам да, жауын астында аспанға көз тігумен болдым. Бірақ салт атты қайтып көрінбеді.
Сол кезде бұл туралы ешкімге тіс жармадым. Қазір бұл құбылысты көрген балалардың кім екені есімде қалмапты. Тіпті сол балалармен жолыққанын өзінде олар бұл оқиғаны ұмытып қалған да болар.
Кейін есейгенде табиғат құбылыстарын бақылайтын Мекайл атты періште бар екенін оқыған едім. Сонда менің көк жүзінен көргенім не? Батыр кейпіндегі періште ме, әлде...



Асхат ӨМІРБАЕВ

ainalife.kz




Көрілген: 1205    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.07.2020, 10:18

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    11 Тамыз, 15:02
    Мәйітханадағы түн
    19 Шілде, 21:29
    Періште мен сайтан
    27 Маусым, 14:36
    Көрден шыққан кемпір
    12 Маусым, 16:06
    Ананың қарғысы
    1 Маусым, 11:30
    Қарғыс атқан мекен
    30 Мамыр, 09:38
    Түстегі аян...
    22 Мамыр, 09:20
    Жат құшақ
    2 Мамыр, 10:41
    Шайтанның азғыруы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31