Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Шерехан әулиенің кереметтері

  • https://informburo.kz/

    https://informburo.kz/

Қазақ даласының топырағы өте киелі. Бұл жерде талай қасиетті адамдар өмір сүрді. Олар жайында айтылатын аңыз бен әпсана да аз емес. Бүгінгі ұрпақ олар жайында аз білуі мүмкін. Өйткені, елдің арасында мұндай шежіреге толы әңгімелерден сыр шертетін қазыналы қарттарымыз азайып барады. Тіпті, мүлдем қалмады десек те болатындай. Бүгінгі күні қарттық жасқа жеткен азаматтардың көбісі ондай әңгімені ұрпағына айтпақ түгілі оны өзі де біле бермейді. Өзі білмегеннен кейін кіндігінен өрбіген ұрпағына қалайша көсіліп сыр шерте алады? Ілгеріде ауылдың ұйытқысына айналған ұлағатты ақсақалдарымыз немере мен шөбересін қасына жинап алып, бағзы заманнан бергі шежіремізді әңгімелейтін еді. Бұрынғы кезеңде елдің арасында тылсым сырға толы құпиясы бар қасиет қонған кісілер жайында естіп-білеміз. Өкініштісі, қазір ондай адамдар арамызда мүлдем жоқ секілді. Бар болғанның өзінде сондай кісілер өзінің бойына дарыған ерекше қасиеттерді бағалай алмай жүр ме? Ол жағы бізге беймәлім. Әйтеуір, біздің бойымыздан сондай асыл қасиеттер жоғалып кетпесе игі...

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Менің 9-10 жасар кезім. Атам Үмбетпен жас шамасы қатарлас Шерехан деген ақсақал болды. Оны ауыл адамдары әулие деп атайтын. Ол кісі жайында аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын. Шерехан атамыздың ешкіммен қақ-соғы жоқ. Біреумен араздасып қалыпты дегенді бүгінгі күнге дейін құлағымыз шалған емес. Ол кісінің пендешіліктен ада өмір сүргенін осыдан-ақ айқын аңғаруға әбден болады.

 

Елдің арасында айтылатын аңыз бен әпсананы қалт жібермей, жинақтауға барынша көңіл бөліп, соның нәтижесінде бірнеше кітап шығарған Шайдарбек Әшімов ағамыз Шерехан әулие жайында «Әзиз әулиелер» атты кітабында әңгімелеген. Автор өз кітабында «Бұл кісі Хорасан атаның ұрпағы. Кесенесі Жаңақорған ауданының Өзгент кеңшары аумағындағы оңтүстік-шығыс жағындағы үш шақырым жердегі Өмір ата қорымына қойылған. Ұрпақтары басына еңселі кесене орнатып, басына аты-жөні жазылған көктас қойылған. Бұл кісінің әулиелік кереметін көрген адамдар (туысқан інісі Молдахан мен Берден қариялар) жыр етіп айтып отырады. Бір күні жаңа құрылып жатқан Келінтөбе кеңшарының директоры Шерзан Атабаевты Бесарық тұсындағы дариядан өтетін паром аузында кездестіреді. Бірақ, машинасына мінгізбей кетеді. Атабаев кеңшарға келсе Шерехан қожа бұдан бұрын ауылда жүргенін көреді. Сонда Атабаев барлық машина жүргізушілерін жинап алып, бұл кісінің тегін адам емес екенін сезіп «Бұдан былай бұл кісі қайсысыңа кездессе де алып жүріңдер, қайда барамын десе де апарыңдар» деп тапсырады. Содан кейін осы Келінтөбе кеңшарында малшы Әлішер деген кісі Шереханның итін атпақшы болады. Ақырында өз-өзінен үйінде жатып ауырады. Мұны естіген жұрт қожадан кешірім сұрау керектігін айтады. Ал Әлішер қожаны менсінбеген сыңай танытады. Осы оқиғадан кейін Әлішер паралич болып құлап ұзақ жатқаннан кейін көз жұмады» деп жазады.

 

Шерехан әулие жайында айтылатын әңгімелер тек мұнымен шектелмейді. Өткен ғасырдың орта шенінде Сырдария өзені қазіргідей емес буырқанып, арнасына сыймай ағып жататынын егде кісілер аузынан талай мәрте естігенбіз. Дарияның арғы шеті мен бергі шетінің өзі 1-2 шақырымға жуықтайды екен. Оны кесіп өту мүмкін емес. Шерехан әулие соны ешбір қиналмастан кешіп өткенін көрген жұрттың саны аз емес. Оны да ол кісінің ерекше қасиетінің бірі деп бағаламасқа амалың қайсы?

 

Сондай-ақ, елдің арасында айтылатын тағы бір мына әңгімеге назар аудара кеткеніміз артық болмас. Ауыл адамдары көлікпен бір жаққа шығуға қамданып жатқанын көрген ол кісі жолға шықпауын өтінеді. Бұл сөзге құлақ аспаған адамдар жолда көлік апатына ұшырағанға ұқсайды. Сондай қиын жағдайдың орын алатынын білген Шерехан әулие оларды осылайша алдын-ала сақтандырған секілді. Әрине, ол кісі жайында көптеген әңгімелер айтылады. Оның барлығын қағаз бетіне сыйдыру мүмкін де емес. Қалай десек те, Алланың бұйрығымен бойына ерекше қасиет қонған ол кісіні ел-жұрты әлі де ардақ тұтады. Осындай қасиеттерінің арқасында оны жерлестері құрмет тұтты. Әрдайым халықтың қамын ойлаған әзіз жан жөнінде бүгінгі күні жылы рәуіште әңгімелер айтылатыны сондықтан болар.

 

Елдің арасында ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған тұлғаларды әулие деп атайды. Бұл сөзді қазақ тіліне тәржімалағанда желеп-жебеуші дегенді білдіреді. Ислам дінінде әулие ұғымы кеңінен қолданылған. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың серіктерін, туыстарын, үрім-бұтақтарын, кейінгі діни қайраткерлерді әулие тұту барлық мұсылман елдерінде бар. Кейде оларды жинақы түрде «әулие-әнбиелер» деп атайды. Қазақ халқының дүниетанымында әулиелерді құрмет тұту дәстүрі ежелден бар.

 

Халық арасында ондай адамдардың аз болмағаны белгілі. Олар жайында шертілетін сырлар да жеткілікті. Әрине, олардың барлығының есімін барша жұрт тегіс біле бермеуі де мүмкін. Бірақ, ерекше қасиетке ие болған кісілер жайында сол өңірге бара қалсаңыз, мол мағлұмат алуыңызға болады.

 

Шерехан атамыз бес уақыт намазын қаза етпей, дін жолында жүріп өмірден өтті. Менің есімде ол кісінің өте қарапайым кейпі сақталып қалыпты. Менің атам екеуі әзілдесіп те отыратын. Менің атам да, Шерехан қария да тоқсанға жасы таяған шақта бақилыққа көшті.

 

 

Автор: Әділжан Үмбет, Қызылорда.

alashainasy.kz




Көрілген: 2820    Пікірлер: 0

жұма, 02.10.2020, 14:43

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Қараша, 14:57
    Абылайдың түсі
    11 Қараша, 14:36
    О дүниеден оралғандар
    10 Қараша, 13:14
    Қарияның қарғысы...
    26 Қыркүйек, 11:50
    О дүниеден оралған жігіт
    25 Қыркүйек, 13:49
    Жын мен жігіт
    24 Қыркүйек, 14:37
    Көріпкелге бармаңыз...
    21 Қыркүйек, 14:17
    Гипнозбен тонап кетті...
    17 Қыркүйек, 14:27
    Алтын көшкен түн
    15 Қыркүйек, 13:58
    Пері соққан Болатқан...
    9 Қыркүйек, 13:31
    Әкенің киесі...
    2 Қыркүйек, 15:02
    Бір түнде қартайған екен
    11 Тамыз, 15:02
    Мәйітханадағы түн

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30