Түсінде ән шығаратын Сансызбай

Түсінде ән шығаратын Сансызбай

Көрген түстері иесіне әсер ететін жайттар жиі кездесіп, тіпті тіршілік-тынысының арнасын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Керісінше, тағдырындағы оқыс оқиғалардан бойында бұрын болмаған қабілеті оянып, түсі арқылы өміріне өзгеріс енген жандар ұшырасып жатады. Солардың бірі бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданы, Таскескен ауылында 1959 жылдың 23 қарашасында туған Сансызбай Жұмабекұлы кішкентайынан сезімтал, елгезек боп өсті. Әке-шешесі - малшы, табиғаты аса көркем Тарбағатай тауының етегіндегі «Танеке» деген қыстауда тұрған. Атамекенінің таңдай қақтырарлық сұлулығы мінез-құлқын, талғамын қалыптастырып, ән мен жырға жақын жүруіне ықпал еткендей. Алайда Сансызбай көзін ашқаннан түрлі қиындыққа душар болды. Екі жасында терезеден құлап, омыртқасы сынған. Үш жыл бойы гипс құрсауында төсекке таңылды. Сол кезді еш ұмытпайды, қимылдағысы келіп, тұруға әрекеттенгенде, ұйқысы қашып мазасызданғанда, бұларды эфир иіскетіп, одан қалды, түрлі аң-жануарлардың кейпіне кіріп қорқытып ұйықтататын. Бүгінге дейін сол күндер кино лентасындай көз алдында тізбектеледі. Бұл аздай кейін алты жасында тау үңгірінде ұйықтап қалып, туыстары бір тәуліктен кейін әрең тауып алған кезі де болған...

Кішкентайынан-ақ көрген түстері есінде жақсы сақталып қалатын. Өң мен түстің арасында ертегідей хал кешіп, әсемдік атаулыға құмар боп өсті. Сергектігі сонша, түс көріп жатып, түсінің өңі емес екенін білетін. Он беске толғаннан кейін мұнысы нақтылана түсті. Қиял-ғажайып оқиғалардың құшағында мүлгіп, бірде жоғалып кеткенін қасындағыларға асыға айтып үлгеріп, енді бірде мұның дүкеннен сатып алған ұнаған затын басқалар тығып қойғанын сезіп, дереу өз еркімен оянып кететін. Ең ғажабы &ndash түсінде ұдайы ұшып келе жататын және мұның түсі екенін анық ажырататын. Түсінде ұшып жүрсе, үнемі жақсылыққа жориды. Бойының өсіп, денесінің қалыптасуы не ауырса, «құлантаза айығам-ау» деп қуанады. Тұла бойындағы өзгерістер - есейгені, жетілгені, өз-өзіне сенімділігі, қандай да теперішке тегеуріндік танытатыны алдын ала айқындалғандай. Мұны оның кейінгі тағдыры толық дәлелдейді. 1986 жылы әке-шешесі бірінен кейін бірі бір айдың ішінде көз жұмғанда, қатты есеңгіреп қалды. Түсі қайсы, өңі қайсы, ажырата алмай шарасыздықтан қиналғанда, құлағына келген қоштасу сазы құтқарды. Алғашында сыбырмен жеткен сөз бен әуен енді өңінде емес, түсінде мазалайтын болды. Бұл мүлдем тосын жаңалық еді. Ал оған дейін жеке өміріндегі күтпеген жайттардың күйрете жаздағаны өз алдына, 1991 жылы ауырып, дәрігерлер қойған қатерлі диагноздан өмірге деген үміті үзілді. «Жығылғанға жұдырық» боп, ауруханада жатқанда әйелі кетіп қалды. «Біткен жерім осы ма» деп аһ ұрғанда, Жаратқан иесінің әмірі шығар, дертінің диагнозы қате боп шығып, есін әрең жиған. Сол сәтте қуаныш пен өкініштен көз жасын тоқтата алмаған. Қуанышы мен қайғысы кезектесе жарысқан өмір талқысына кейін де талай түсті. Екі рет, 1995 және 2009 жылдары түнде қарақшылар соққыға жығып, төсекке таңылды. «Миы шайқалған» деп емдеді. Электрошокер қолданған бұзақыларды екінші жолы заң орындарына өзі ұстап берген. Міне, осы көңілсіз оқиғадан кейін өзі, кейде басқа біреулер түсінде жиі-жиі ән шырқайтын әдет тапты. Әлгі орындалып жатқан әндер аяқтала бере оянып кетеді. Естіген әуенін жадында сақтауға тырысады. Дереу кассетаға жазып үлгереді. Соңғы соққыдан соң мұндай жайт жиілей түскен, кейде бір түнде бірнеше ән туады, өңінде де аракідік осылай. Себебін өзі де түсіндіре алмайды. Оған қоса бір жылға жуық тұтығып сөйлей алмай жүрді. Сол кездері түсінде тілі сайрап, ән шырқайтын, әйтпесе басқалардың орындауында сан алуан әуенді ап-анық еститін. Мұның астарында нендей гәп жасырынды екен, үңіліп көрейік. Түрлі апат, ауру, оқыс оқиғаларға ұшырағандардың бұрын-соңды белгісіз боп келген, байқалмаған қабілеттері кенеттен оянатынын көп­теген деректер айғақтайды. Соққан құйын, найзағай отынан мүгедек, көзі суқараңғы боп қалған, кейіннен атақты көріпкелге айналған Ванганы есімізге түсірейікші. Бұдан да басқа мысалдар жетерлік. Аңыз, ертегі, жыр-қиссалардағыдай түстің көмегімен табысқан тағдырлар қаншама. Қазір де түс, аянмен жыр жазып, сурет салған, небір сырқаттың дауасын тауып, көріпкелдік қасиет қонған жандар баршылық. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында 1953 жылы туған Зәуре Әнуарбекқызының дәл осындай жолмен жазған бірнеше кітабы жарық көрді. Төреғали Тәшен, Ақеділ Тойшан,Ұлар Сәрсен сынды белгілі қаламгерлердің ерекше назар аударып, Зәуренің қолтаңбасын, қадір-қасиетін зерттеуі қуантады. Сансызбай Жұмабекұлының басынан кешкені де осыған ұқсас. Рас, ол жас­тайынан әсершіл, ән-жырға жақын болды. Жоғары білімі бар, ой өрісі де кең. Сондықтан түсінде естігенін құйма құлағымен қағып алды. Оған өзі аса таңырқамайтын. Тек жадында сақтап қалуға тырысып, осының бәрін өзі шығарғанына әрең сенетін. Сенбейтіндей несі бар, шыны осы, түсін өңі деп қалады. Ұйықтап жатып қуанған әсерінен айрылғысы келмейді. Құдай-ау, мұндай ұйқыдан айналмай ма?! Өшкені жанып, бойын буған мазасыздықтан арыла бастады емес пе... Жұлдызым менің аңсаған, Өзің деп қана ән салам. «Кездейсоқ сені көрдім» деп, Әлемге мынау жар салам. Өмірді бірге бастайық, Қиындықтардан қашпайық. Болашақ үшін екеуміз, Бәрін де айырбастайық. Түсімде сені көремін, Қиялға ерік беремін. Сағым боп тұрсаң алдымда, Елес боп мен де еремін. Сағымға елес боп ергені қандай ғажап. Көркемдігімен ғана емес, оптимистік ықпалымен де мәнді осынау түс-баяндар. Өмірлік болсаң сен маған, Арманым менің болмас еді. Тірегің болып мен саған, Гүлің де сенің солмас еді. Әлемді кезіп екеуміз, Мұхиттан асып кетер ме ек. Өмірдің көріп қызығын, Бақытты болып өтер ме ек. Толқындай шашың төгіліп, Елітті менің ойымды. Түсімде ғана көрініп, Мазаладың-ау ойымды. Соңғы шумағы түс көру кезіндегі ойлануға қатысты қызық пікірге жетелейді. Ұйықтап жатқанда біз көрумен қатар ойланатын да болдық қой. Әрине, бұл жаңалық емес, ғалымдардың, ақын-жазушылардың, композиторлардың тәжірибесінен, яғни түс арқылы небір түйінді шешіп, тығырықтан жол тауып кеткендерін білеміз. Бұл орайда адамзаттың көл-көсір табысқа кенелгенін атап өткеніміз жөн. Мәселен, түсінде Дмитрий Менделеев - элементтердің периодтық жүйесін, Александр Флеминг - пенициллин, Грегор Иоганн Мендель - мұраға қатысты заңдарды, Нильс Бор &ndash атом құрылымын көріп, Альберт Эйнштейн түсінде кеңістік пен уақыт арасындағы өзара байланысты анықтады. Сөз жоқ, бұлардың кез келгені айлап, жылдап әлгі өздерін толғандырған жайтқа бас қатырып, ізденіп, ойға батқандары рас. Өңдеріндегі ой тасқынының түсте жалғасқаны ғажап. Түс көрудің басым бөлігін ойлар құрайды деседі. Түстердің мида тууы да мүмкін-ау. Алайда ми физиологиясын зерттеуші, Нобель сыйлығының лауреаты Джон Экклз өзінің әріптесі, қазіргі нейрохирургияның негізін қалаушы, миға он мыңнан аса операция жасаған Уайлдер Пенфилдпен қосылып жазған кітабында мидың ешқандай ой туғызбайтынын, миға қатысты адамзаттың бүгінгі таңдағы білімінің сана қызметін де, есте сақтау механизмін де түсіндіруге қауқарсыздығын жазды. Адамның миы ойларды қайдан екені беймәлім, сырт жақтан қабылдап алатынын дәлелдеуге әрекеттенген бұл пікірді алғашында жай далбаса, абсурд деп санаған академик Наталья Бехтерова жылдар өте келе, Санкт-Петербург ми ғылыми-зерттеу институтында жасалған көптеген тәжірибелердің шығармашылық процесс механикасын тіпті де еш түсіндіре алмайтынын мәлімдеді. Ресейлік баспасөз беттерінен 2003 жылы оның «Дінге сенетін адам ретінде мен Жаратқан иенің ой процесін басқарып-меңгеруге қатысы бар екенін топшылаймын. Бірақ ғалым ретінде бұған әлі дәлел тапқан жоқпын» деген пікірін оқығанбыз. «Адамның басы &ndash Алланың добы» деп бір-ақ қайырған ғой бабаларымыз. Дүниежүзі ғалым­дарының тынбай талдап-зерттеп келе жатқан ой-сана, ми қызметіне қатысты ойларының жаңғырығы мен қазақтың нақыл сөздерін ден қоя салыстырсақ, «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Жазмыштан озмыш жоқ», «Алла маңдайыңа не жазса, сол болады» секілді халықтық тұжырымдардың небір оқыс ой туындататынын анықтап алуға болар еді. Қиындыққа қайсарлықпен төтеп берген Сансызбайдың көрген түстері өзінен-өзін іздеп табуға көмегін тигізуде. Бірін ұғып, бірін ұқпай алаңдатқан осынау жағдайының себеп-салдарын тайға таңба басқан­дай нақты да сауатты түсіндіруге өреміздің жете қоюы неғайбіл. Бірақ өнбойын буған өзгеше хал, дәлірек айтсақ, шығармашылық өсу, жетілу сатысының түс арқылы көрініс табуы таңғалдырмай қоймайды. Музыкалық білімі жоқ, нота білмейтініне қарамастан бір тылсымның күшімен туған ән-жырлары Қазақ радиосы эфирінен беріліп тұрады, солардың кейбірін жоғарыда келтірдік. Соңғы кезде бұрынғыдай емес, өлеңдер түйдектеле ақтарылғанда, бұрынғыдай оянып кетудің орнына ұйықтай береді. Тұрған кезде әлгінде ғана төгіле жалғасқан әуен сап тиылып, қанша шарқ ұра тырысқанымен есіне түсіре алмайды. Сөйтіп, еміс-еміс ойында қалғанын өңінде аяқтап жазады. Қызық, өңі мен түсінің арасында туған қабілет-қарымының иесі де өзі емес сияқты кейде. Бәрі бір Алланың құдіретінен екенін сезеді. Адамның ашылмаған жұмбағы көп қой, қанша шұқшия үңілгенімен, шеті-шегіне жеткізе қойсын ба. Елуден асқан осы жасында мүлдем күтпеген талай тосын оқиғаның кейіпкері болғанда, осынау шабытқа бөлеп, керемет қуантқан түстерді көрем деп ойлады ма?! Әйтеуір өз-өзін тыңдап, өзіндегі ірілі-ұсақты ауытқу, өзгерістерге дейін қалт жібермейтін. Әлі есінде, жиырма екі жасында үш айлық әскери дайындықтан өту барысында взвод командирі болды. Қарамағындағы он екі сарбаз автоматтарының соңғы үш санын әлгі иелерінің түріне қарап жатқа айтатын. Ал жігіттердің түріне қарамаса, есіне түспейтін. Жиырма жеті жасында көзін жұмса, сағаттың тілі көрініп, кез келген сәтте уақыттың мезгілін дәл табатын. Айналасындағылардың көбі бұған сенбегендіктен бе, әлде сырын оңды-солды ашып, айта бергеннен бе, кейін көрінбей кетті. Ал өлеңді жасы қырық тоғызға толғаннан кейін түсінде шығара бастады, негізінен таң алдында белгі береді. Осылайша дүниеге келген сол туындыларының біразы Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Бұған өнердің нағыз жанашыры, әнші, журналист, зерттеуші Алтын Иманбаеваның ықпалы тиіп, өзіне сенімі күшейді. Осындай абзал жандардың демеуімен Сансызбайдың тынысы кеңейіп, өнерге ынта-ықыласы артты. Иә, түс көрмейтін пенде жоқ, соның тоқсан бес пайызы дереу ұмы­тылатын көрінеді. Оянар алдында, таңсәрідегі түстер ғана есте сақталады деп саналады. Сансызбайдың тәжірибесі де осыны растайды. Оның шығармаларына көз жүгірте отырып, көрген түсің де ризық-несібе екен-ау деген ойға қалдым. Әлемнің түкпір-түкпірінде қандай да бір түс көруге қалауың бойынша тапсырыс беретіндей ізденістер жалғасуда. Кезінде Карлос Кастанедаға ұстазы, Маг Дон Хуан ұйықтар алдында алақанының ортасына қадала қарап, өзіне қажетті түс көруге тапсырыс беруге дағдыландырған. Түрлі аспап-құралдардың көмегімен түске сұраныс беруге талпынғандар қаншама. Солардың арасынан америкалық ғалым Люберж жүйесін айтуға болады. Түс көрудің және жорудың адам тағдырындағы орны, сыр-сипаты тым терең, тұтастай бойлап жүйелеу мүмкін де емес шығар. Бұл орайда әркімнің ішкі түйсігіне сүйеніп, жеке емле-ережесін қалыптастырудан басқа амалы бар ма екен?! Сансызбай да осы қиын жолды таңдаған тәрізді. Өзі спортпен айналысады, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде экология саласы бойынша кандидаттық диссертациясын табыспен қорғады. Семей қаласында Шәкәрім атындағы университетте сабақ беретін ізденімпаз ғалым Сансызбай Жұмабекұлына өзіңнен өзіңді ізде деуден жалықпа дегім келеді. Айтуға ғана жеңіл, әйтпесе өзін-өзі танудың өзегінде жасырынған құдіретті күні бүгінге дейін мойындағысы жоқ пенде атаулының. Мойындамаған соң талдап-түсінуге де құлықсызбыз.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Балбұлақ», «Дертке дауа» басылымдарының бас редакторы

anatili.kazgazeta.kz (2012 жыл)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста